Шымкентте халықаралық іздеуде жүрген аса қауіпті қылмыскерді ұсталды. Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ер адам Өзбекстанның құқық қорғау органдарынан алаяқтық жасағаны үшін жасырынып келген. «Заңсыз келуші -2023» өңірлік операциясы кезінде Тұран АПБ-ның көші-қон қызметкерлері Жергілікті полиция бөлімінің тәртіп сақшыларымен бірлесіп ел аумағында заңсыз жүрген 34 жастағы шетел азаматын ұстады.
Құқық бұзушының жеке басын анықтау кезінде, Өзбекстан Республикасында халықаралық іздеуде жүрген аса қауіпті қылмыскер екені белгілі болды. Көрші елдегі полицейлердің бағыттамасында, ер адам 2022 жылы қылмыстық жауапкершіліктен бас сауғалап қашып кеткені және қарулы болуы мүмкін екені көрсетілген. Алайда, шетелдіктен ешқандай қару табылмады. Қазіргі таңда, күдікті қамауда. Оны Өзбекстан Республикасына экстрадициялау жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ жуырда Шымкент полициясы 30 мыңнан астам адамның қатысуымен ауқымды іс-шара өткізді. Полиция департаментінің бастамасымен, қалалық білім басқармасының ұйымдастыруымен соңғы кездері қоғамда белең алып бара жатқан интернет алаяқтық және есірткі қылмыстарының алдын алуға бағытталған маңызы зор жиын өтті.
Онлайн конференцияға Шымкент ҚПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Арман Бейсенбаев, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков, Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі Абзал Алибаев және қалалық білім басқармасының бастығы Жанат Тәжиева қатысты.
Сондай-ақ, білім басқармасына қарасты 361 мекемеден 30 мыңнан астам қызметкер қашықтықтан қосылып, баяндамашылардың ақпаратын тыңдады.
Өз кезегінде, полиция полковнигі Арман Бейсенбаев ұстаздар қауымына алаяқтардың кең тараған айла -тәсілдері мен құйтырқы іс-әрекеттері туралы ескертті. Сәйкесінше, қарапайым сақтық шараларына нақты тоқталып, бірқатар салмақты мысалдар келтірді.
Жиынға қатысушылар «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында атқарылған жұмыстарға тоқталып, жастар арасындағы есірткі дертінің қаупі туралы сөз қозғады. Бұл қылмыс санының артуына да интернет себеп екенін ашып айтты. Мұғалімдерге жасөспірімдер арасында профилактикалық дәрістер мен кездесулерді жиі өткізіп отыруды ұсынды.
Шара соңында, қатысушылар тәртіп сақшыларына өздерін мазалаған сауалдарын қойып, толыққанды әрі мардымды жауап алды.