«Тұран» спорттық-сауықтыру орталығы іске қосылмақ

Қысқаша

Ауылдың атауы да ерекше.

image.png

Туризмді тек ірі қалаларда ғана емес ауыл-аймақта да дамытуға болады. Бұл сөздің дәлелі Төле би ауданы. Қазіргі таңда бұл ауданда жұмыс істеп тұрған 76 туристік нысанның басым бөлігі ауылды жерлерде орналасқан. Жақында олардың қатарына тағы бір демалыс орны қосылмақ. Нақтырақ айтқанда  Балдыберек елді мекенінен 200 адамға арналған “Тұран” спорттық-сауықтыру орталығы іске қосылады деп күтілуде. Жеке кәсіпкер Құралбеков Нұрдәулет Құралбекұлы 6,8 га аумаққа 26 коттедж, бассейн, стадион, теннистік корт, жабық спорт кешені, кіші футбол алаңшасы мен жүгіру жолағын салуды жоспарлауда. Жоба құны 800 млн теңге.

  Жалпы Балдыберек ауылы соңғы жылдары туристерді қатты қызықтырып отырған аймақтардың бірі. Бұған себеп те жоқ емес. Өлкенің табиғаты қонақтарды қашан да өзіне қызықтырған. Ауылдың атауы да ерекше. 

image.png

Бұрынырақ таудан ағатын өзеннің жағасында ит тұмсығы өтпестей бұталар мен берек ағашы қалың болып өскен екен. Берек ағашына бал аралары балдарын жинап, ағаштың жапырақтарынан бал өзенге тамып тұрған дейді. Сондықтан өзеннің де, ауылдың да аты Балдыберек аталған. Балдыберек өзені Үлкен Балдыберек, Кіші Балдыберек болып екіге бөлініп ағып, ауыл соңына келгенде қосылады. Екеуінің айырмашылығы бір шама: дәмі де, температурасы да екі түрлі. Кейбір келген демалушылар үшін бұл су ем болып та табылады. Тағы бір ерекшелігі өзенде бағасы құнды, табиғатта сирек кездесетін, аты қызыл кітапқа енген, ең дәмді жалғыз бақтақ балығы кездеседі. Балдыберек өте тез ағынды өзен. Өзен жылдамдығы шамамен 10 км/сағ. Таудың кереметін айтып бітпейсің. Тау арасында көл де, өзен де бар.

image.png

Айта кететін жағдайдың бірі Балдыберек ауылы Ақсу-Жабағылы қорығының артқы бөлігінде орналасқан.

Аса ірі туризм саласы болмаса да жыл сайын жазда келуші демалушылар аз емес. Тіпті шетел асып келушілер де бар. Олардың көпшілігі тауға қызығып келеді. Енді міне,  ауыл аумағында заманауи демалыс орындарының қатары толығып келеді. Алдағы уақытта мұнда туристер саны екі есе өседі деген сенім бар. 

image.png

    A+
Уақыты: 2023-05-11  Айдарша: Өңір
TAG: