Шымкенттің іске азаматтары қайтарымсыз грант арқылы өзінің кәсібін дөңгелетіп отыр. БАҚ өкілдері қалалық жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыруымен өткен баспасөз туры барысында осындай бірқатар кәсіп иелерінің жұмысымен танысты.
Аталған басқарманың хабарлауынша, киіз басып, текемет тоқуды кәсіп еткен қолөнер шебері Мадина Ахметованың бұйымдары бүгінде АҚШ –та өтіп жатқан көрмеде ұсынылуда. Көпбалалы ана түрлі дүниелерді ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендіріп, дайындайды.
- Былтыр мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, киіз басатын станок сатып алдым. Мен үшін ол үлкен көмек болды. Өйткені, жұмысымның жеңілдегені бар, оған қоса тауарларымның көлемі артты,-дейді грант иегері.
Журналистер баспасөз-туры барысында арболитті блок шығарумен айналысып, қосымша екі азаматты жұмыспен қамтып отырған Нұрымжан Шойбековтың жұмысымен танысты. Грант иегері қайтарымсыз қаражатқа құрал-жабдық сатып алған. Нәтижесінде өнім өндіру қуаттылығы артқан. Кәсіп егесінің айтуынша, аталмыш құрылыс материалы экологиялық таза әрі өте тиімді. Шымкентте қазіргі таңда арболитті блокты шығаратын жалғыз өндіруші осы азамат. Тауарға тапсырыс көбінесе Алматы қаласынан түсуде.
БАҚ өкілдері мемлекет тарапынан қолдау тауып, өз кәсібін дөңгелеткен басқа да азаматтардың жұмысымен танысты. Жалпы, былтыр Шымкент қаласында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде мемлекеттік грант иегері атанған 1096 азамат өз қызметін салық органдарында тіркеп, есептерін тапсырған.
- Қайтарымсыз грант -әлеуметтік осал топтағы азаматтардың аяққа тұрып, өз кәсібін ашуына берілетін мемлекеттік қаржылай қолдау. Қаражаттың мақсатты жұмсалып, жеке кәсіп ашуға пайдаланылғанына мамандар тарапынан тексеру жүргізіліп отырады. Басқарма тарапынан былтыр грант алған 893 азаматтың кәсібіне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 827 азаматтың жұмыс орнын ашып, қосымша 25 азаматты жұмыспен қамтығаны белгілі болып отыр. Бұл біз үшін қуантарлық жағдай. Қалған азаматтардың кәсібіне алдағы уақытта зерделеу жүргізілетін болады,-дейді қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы директорының орынбасары Жұлдыз Балтабаева.
Басқарма мәліметінше, сондай-ақ әкімшілік-құқықтық бөліміне мемлекеттік грант қаржысын мақсатсыз пайдаланған үшін жалпы 142 азамат ұсынылған. Оның ішінде қаражатты қайтару үшін сотқа 136 азаматқа қатысты талап арыздар жолданып, оның ішінде 109 азаматқа қаржыны қайтару бойынша сот шешімі шықты. 24 азаматтың талап арыздары қазіргі таңда сотпен қаралуда және 9 азаматқа қатысты талап арыздар алдағы уақытта сотқа жолданады.
Жуырда Парламент Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова Шымкентте қайтарымсыз мемлекеттік грант алған азаматтармен және тәуелсіз комиссия өкілдерімен кездесті. Жиынға қатысушылар сенаторға мемлекеттік гранттың тиімділігін арттыруға байланысты ұсыныс-тілектері мен өзекті мәселелерін жеткізді. Мәселен, биыл Шымкент қаласы бойынша әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қолдау ретінде 447 қайтарымсыз грант беру жоспарланған болса, өткізілген бірінші және екінші лептің өзінде 6000 –ға жуық адамнан өтініш түскен. Оның 228-не оң шешім қабылданған.
Қайтарымсыз қаражат үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі тәуелсіз комиссиялардың шешімі негізінде беріледі. Комиссия құрамына қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері, кәсіпкерлер мен қоғамдықтық бірлестіктердің өкілдері кіреді. Кездесу барысында комиссия мүшелері халқы кәсіп ашуға бейім Шымкент қаласына грант санын арттыру қажеттігін немесе өтінім қабылдауда шектеу енгізуді қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ қарапайым халықтың бизнес-жоспар құруда көп қателік жіберетіндігі, оны ақылы қызмет ретінде ұсынатын делдалдардың көмегіне жүгінетіндері де баса айтылды.
- Сіздердің ой-пікірлеріңіз біз үшін өте маңызды. Өзекті мәселелерге қатысты ұсыныс-тілектеріңізді Парламентте көтеріп, тиісті министрліктерге жеткізетін боламыз. Әрине, кез-келген отбасыда уақытша қиындықтар болады. Оларға қолдау көрсетіп, демеп жіберу мемлекеттің міндеті. Қайтарымсыз мемлекеттік грант беру шешімі де осы мақсатта қабылданған болатын. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін бөлінген қаражат нағыз мұқтаж азаматтарға берілуі тиіс. Бұл орайда комиссия өкілдеріне артылған жауапкершілік орасан екенін түсінеміз,-деді Сенаттың Әлеуметтік – мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Жарылқасынқызы.
Кездесу барысында Шымкент қаласы жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова Сенат депутатына азаматтарды жұмыспен қамту және халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Мәліметке сүйенсек, соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары азайған. Жұмыспен қамтылып, өз кәсібін дөңгелеткен шымкенттіктердің қатары керісінше артуда.