Шымкент қалалық денсаулық сақтау саласының 2022 жылғы 6 айдағы көрсеткіштеріне назар аударсақ, мегаполис медицинасының ілгері дамып келе жатқанын байқауға болады. Денсаулық сақтау басқармасына қарасты 33 медициналық ұйым жұмыс істейді. Олардың ішінде 12 емхана, 15 аурухана, диагностикалық орталық, медициналық колледж, қан орталығы, ЖЖС, балалар үйі және ЖИТС орталығы бар. Қала тәуліктік – 4125, күндізгі стационар 1959 төсек – орынмен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда Шымкентте 4760 дәрігер медициналық қызмет көрсетеді. Он мың халыққа шаққанда дәрігер саны 42,1-ді құрайды. Сонымен бірге 10 мыңнан астам орта буын медициналық мамандары қызмет көрсетеді. Олардың үлес салмағы 10 мың халыққа шаққанда 92,8-ге тең.
Шымкент қаласының тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 4 жаңа – «№14 емдеу орталығы», «Дария Медикус», «Саби Мед» және «Турлан Медикал» деп аталатын медициналық орталықтар ашылып, 50 мың халықты медициналық қызметпен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар бір дәрігердін жүктемесі 1616-ға дейін төмендеді. Ал жоспар бойынша 1700-ден аспау қажет. Мамандардың біліктілігін жетілдіру бағытында да оң өзгерістер көп. Айталық, қалалық онкологиялық орталықта, №1 қалалық клиникалық ауруханада, қалалық клиникалық балалар ауруханада және «Шымкент жүрек» орталығында республикалық медициналық орталық мамандарымен бірге 120 медицина қызметкерін қамтыған 8 шеберлік сыныбы өткізілді. Жедел медициналық жәрдем станциясындағы орталықтандырылған симуляциялық орталықта халықаралық стандарттар бойынша 108 медициналық қызметкерге практикалық дәрістер оқылды. Статистика бойынша мегаполистегі емдеу мекемелерінің материалдық- техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілуі 77 пайызды құрайды.
Қалалық онкологиялық орталықта онкогематология бөлімшесі ашылды, ал сәулелі терапия бөлімшесінде пэт, кт және сызықтық үдеткіш апараттары орнатылған. Онкологиялық орталық директорының емдеу ісі бойынша орынбасары Самат Исмаиловтың айтуынша, диагностикалық зерттеу әдістерінің озық үлгілері енгізілуіне байланысты онкологиялық дертке ұшыраған науқастар ерте анықтала бастады. Мұның бір жақсы жері, егер қатерлі ісік І-ІІ сатыларында ерте анықталса, науқастың кеселден құлан-таза айығып кетуіне жүз пайыз мүмкіндік бар. Онкологиялық дертке шалдығу одан болатын өлім-жітім көрсеткіші бойынша Шымкент республика бойынша төменгі орындарда тұр. Мәселен, 100 мың адамға шаққанда қатерлі ісікпен ауыратындар мегаполисте 123 адам болса, сол 100 мыңнан онкологиялық дерттің кесірінен көз жұматындар саны – 48. Осыдан жиырма жыл бұрын онкологиялық аурухана емделіп шыққандар бар-жоғы 20 пайызы ғана 5 жылдан артық өмір сүрсе, қазір бұл көрсеткіш 50 пайызға жеткен. Бүгінгі таңда заманау эндовидео құрылғысымен тілік арқылы іш қуысына, кеуде қуысына күрделі оталар жасалады. Бұрын олар ашық әдіспен жасалып келген екен. Одан науқастар көп қиналатын. Асқынулар көп болатын. Науқас отадан кейін қалпына келгенше көп уақыт өтетін. Сонымен бірге бұрын тек республикалық онкологиялық орталықта жасалатын өңештің қатерлі ісігіне қарсы ота биылғы жылдың қаңтарынан бастап Шымкентте де қолға алына бастады. Эндопротездеу операциясын жасауды да шымкенттік онкохирургтар әбден меңгеріп алды. Ол үшін баяғыда науқастар сонау Алматы қаласына баруға мәжбүр болатын. Ал заманауи ангиографиялық құрылғының арқасында жылына орталықта 200-дей эндовоскулярлы операциялар жүзеге асады. Республика өңірлеріндегі көптеген жетекші мамандар осы орталықта тәжірибе алмасқандар. Онкологиялық қызмет сапасын жақсарту жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді бағдарламаға сәйкес онкологиялық орталықтарда позитронды-эмиссионды томограф және жоғары заманауи сәулелі емдеу құрылғысы болуы шарт. Осы орайда Шымкент қалалық әкімдіктің қолдауымен мемлекеттік – жекеменшік әріптестігі аясында онкологиялық мекемеде ядролық медицина орталығы ашылды. Соның арқасында заманауи сәулелі қондырғы орнатылды. Оның басты артықшылығы ісікке қарай бағытталған радияциялық сәуле тек ауырған нүктеге ғана әсер етіп, айналасындағы жасушаларды зақымдамайды. Осының нәтижесінде науқас өзін жақсы сезініп, сәуленің жанама әсерлерінен зардап шекпейтін болады. Заманауи қондырғы жоқ кезде медицинаның мұндай мүмкіншілігін емделушілер көріп, сезіне алмайтын еді. Маман өз сөзінде бүгінгі таңда мемлекеттің онкологиялық аурумен ауыратындарға жасап жатқан көмегі орасан зор екенін айтады. Мәселен, бір курс ем қабылдаудың өзіне әр науқасқа 3 млн теңгеден артық қаржы кетеді. Ал Шымкенттің онкологиялық орталығында қазіргі таңда 6977 адам тіркеуде тұр. Осыған қарап, мемлекеттің әлеуметтік салаға, соның ішінде медицинаға қаншалықты көңіл бөліп отырғанын көруге болады. Сондай-ақ 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап аурухананың базасында амбулаторлық коронароангиография және стендттеу бойынша да қызметтер көрсетіле бастады.
Басқарма тарапынан жылдың басында медициналық жабдық сатып алу үшін 1,1 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде диагностикалық тексеру жұмыстары мен күрделі оталарды жасау үшін жеті аппарат сатып алынды. Бұған қоса, жылдың соңына дейін үш медициналық техника сатып алынады. Амбулаториялық деңгейде Шымкент қаласының 44 медициналық ұйымы 2022 жылға 9,4 млрд теңге сомасына дәрілік заттар сатып алуға өтінімдер ұсынса, бүгінге дейін соның 6,3 млрд теңгесіне дәрілік заттар жеткізілді. Орфандық, яғни сирек кездесетін ауруы бар 36 баланы дәрілік заттармен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Соның арқасында 32 бала тиісті медициналық емін қабылдап жатыр.
Алты ай ішінде 2 938 медициналық қызметкер шетелде және республикалық орталықтарда біліктіліктерін арттырып қайтты. Арнайы оқытудан өткен медицина мамандары арасынан қалада алғаш рет балаларға кеңес беру мақсатында педиатриялық 10 мобильді бригада құрылды. Бұл мобильді топ дәрігерлері қауіпті кеселдерге душар болған балаларды уақтылы анықтау, оларды стационарлық емдеуге жіберу жұмыстарымен айналысады. Айта кетелік, биылдың бірінші жартыжылдығында Шымкент қаласында 15 325 бала дүниеге келді. Оның ішінде егіздер–194. Өткен жылмен салыстырғанда, егіздердің туу көрсеткіші 18-ге өскен.
Балаларға мамандандырылған көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту үшін қалалық клиникалық балалар ауруханасының материалдық-техникалық жарақтандырылуы 96 пайызға дейін жеткізілді. Соның есебінен клиникаға заманауи медициналық жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ бұрын болмаған онкогематология, нейрохирургия, интервенциялық кардиохирургия, нефрология бөлімшелері қосымша ашылып, бүгінгі таңда қалыпты жұмыс істеуде. Қазір жоғарыда аталған медициналық жабдықтардың көмегімен церебральды сал ауруы, орталық жүйке жүйесінің туа бітті ақаулары, ісіктер, гематомалар, ми тамырларының тромбозы сияқты күрделі операциялар мен манипуляциялар жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері қалалық клиникалық балалар ауруханасында 76 нейрохирургиялық ота жасалынды. Сондай-ақ үшінші мегаполисте балаларды оңалту қызметі де дамып келеді. Қазіргі уақытта жалпы Шымкент қаласы бойынша 9 медициналық ұйымда қалпына келтіру мен оңалту емі жүргізіледі. Балалар төсек-орнының тәуліктік саны – 391 болса, күндізгі төсек - орын 101-ді құрайды. Бірінші жартыжылдықта оңалтудан өткен жалпы бала саны – 3773. Өткен жылы ол 2908 болған еді. Яғни өткен жылмен салыстырғанда оңалту шараларын қабылдаған бала саны – 865-ке артқан. Тәулік бойы стационарда – 2842, күндізгі стационарда – 931 бала оңалту курстарынан өткен. Сонымен бірге айта кету керек, Шымкент қаласындағы балалар денсаулығын түзейтін орталықтар мультитәртіпті командамен жабдықталған. Олардың қатарына реабитолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, эрготерапевт, психолог, логопед, дефектолог, әлеуметтік педагог секілді түрлі мамандар кіреді. Сондай-ақ оңалту орталықтарында педагогтар науқас балаларға ойын, музыка терапиясы, монтессори әдісі секілді емдеу тәсілдерін қолданады. Дерек бойынша Шымкент қаласында жүйке ауруларымен диспансерлік есепте 2497 бала тұрады, оның ішінде сал ауруына шалдыққан 1164 баланың 893-і оңалту ем-шараларын қабылдады. Денсаулық сақтау министрі А. Ғиният шілдеде Шымкент қаласына жасаған іссапарында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған оңалту орталықтарын жандандыру қажеттігі жөнінде арнайы тапсырма берген болатын.
Бұдан бөлек қаладағы 142 орта білім беретін мектептерде медициналық пункттер жұмыс істейді. Профилактикалық тексеруге жататын 225 737 оқушының оқу жылы ішінде 146 729 -ы тексеруден өтті. Бұл жоспарланған 50 пайыздық қамтудан 15 пайызға асып отыр. Яғни оқушылардың денсаулығын алдын ала тексеру бойынша медициналық бақылау жұмыстары мегаполисте артығымен орындалып жатыр деген сөз. Профилактикалық иммундаумен әртүрлі жас кезеңіндегі балалардың 33 пайызы қамтылған. Мұнда да жоспар межеге сай толық орындалған.
Жоғарыда аталған медицинаны дамыту бағытындағы қыруар жұмыстардың барлығы да «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында атқарылуда. Мұндағы басты мақсат– медицина саласын жоғары деңгейге көтеру. Осы мақсатқа орай қазіргі таңда мегаполисте көптеген жаңа медициналық мекемелер құрылысы жүруде. Бой көтеріп жатқан емдеу мекемелері халыққа ыңғайлы болу үшін тұрғын үйлерден қашық емес аумақтан салынуда. Оның себебі де айқын: біріншіден, медициналық ұйымдар әрқашан тұрғындар үшін жақын төңіректе орналасуы қажет болса, екіншіден денсаулық сақтау саласы әрдайым сапа биігінде болуы тиіс.