Түркістан облысының полицейлеріне еріктілер 13 құқықбұзушылықты анықтауға көмектесті. . Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі хабарлады.
Өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін «Еріктілер» осынау дүние жүзін дүрліктірген індет таралған уақытта да қалыс қалмауда. Қолдарынан келгенше жақсылық жасап жарысуда. Біреулері тұрғындарға қорғаныш бетпердесін тегін таратып жатса, келесілері күшейтілген режимде блок-посттарда қызмет жасап жатқан полицейлер мен медицина қызметкерлеріне ас-ауқаттарын жеткізіп, құптарлық іс атқаруда.
Оған дәлел ретінде Бәйдібек аудандық еріктілерін атап өтуге болады. Еріктілер осы өңірдегі «Борлысай», «Екпінді», «Түйетас» санитарлық бекеттеріндегі қызметкерлерге «Сіздерге мың алғыс» деген жүрекжарды лебіздерін тәтті тоқаш бетіне жаздырып тосынсый жасап, ыстық тамақтар жеткізіп берді. Бүгінде Түркістан облысы Полиция департаменті полицейлеріне көмектесіп, өз үлестерін қосуға 50-ге тарта еріктілер жұмылдырылған.
Төтенше жағдай енгізілгелі бері Түркістан облысында аталған еріктілердің көмегімен 13 құқықбұзушылық анықталып, олар заңға сәйкес ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабымен «Төтенше жағдай режимін бұзу» тіркеліп, хаттама толтырылған. Мысалы, Түркістан қаласындағы кафелердің бірінде «құдалық, тәтті шай» жасаған азаматты анықтап, оған Түркістан қалалық сотымен 26 мың 510 теңге айыппұл салынған. Оған қоса, тағы бір кафеде туған күн жасаған азамат анықталып, ол 5 тәулікке қамауға алынған. Мұның барлығында еріктілер полицейлерге көмектескен.