Тәуелсіздік жылдары ішінде елімізде ішкі туризмді дамытуға арналған түрлі бағдарламалар іске асып, бүгінде белгілі дәрежеде жетістіктерге жетті. Туризм саласын сөз еткенде әсіресе Түркістан облысы ерекше ауызға түседі. Себебі мұнда екінші Мекке атанған қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесін айтпағанның өзінде өңірде экотуризм қарқынды дамып отыр. Бұған Төлеби ауданының қосып отырған үлес аз емес. Алатаудың баурайындағы өлкеде туристер қызығатын мекендер мен демалыс орындары көп. Аудандағы демалушылары үзілмейтін аймақтың бірі «Сайрам су» шатқалы.
«Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында орналасқан «Сайрам су» шатқалында жануарлар мен өсімдіктердің, құстардың сирек кездесетін түрлері, «Қызыл кітапқа» енгендері де көптеп кездеседі. Саябақ жануарлар әлеміне де бай. Құстардың 300-ге жуық, сүтқоректілердің 60-тан астам түрі мекендейді. Өте сирек кездесетін жануардың бірі – мензбир суыры. Сондай ақ тау ешкісі, сібір елігі, қабан. Тянь-Шань қоңыр аюы, қар барысы, тағы басқа жануарлар да кездеседі. Өсімдіктердің бірнеше түрі, соның ішінде «Қызыл кітапқа» енген 62 түрі бар. Атап айтқанда, Грейг қызғалдағы, Кавказ таудағаны, Зеравшан аршасы, итмұрын, шырғанақ, бөрі қарақат, бүлдірген, қожақат, ақ қайың және тағы басқалар. Сонымен қатар көлге барар жолда құстардың да ерекше түрін көптеп кездестіруге болады. Сайрамсу шатқалында саяхатшыларға арнайы жағдай жасалған. Киіз үй, монша, қонақ үй және тапшандар қызмет етеді, табиғи тау қымызы мен түрлі дәруменге бай өсімдіктен жиналған балдан дәм татуға болады.
Сайрам судың басты байлығы мұздақтан пайда болған көл. Бір қызығы, көлдің түсі ақшыл көк пен көгілдір түске сызылғандай екіге бөлінеді. Бұл жайында тамаша аңыз бар. Жергілікті тайпа басының жөргектегі ханның ұлына атастырған қызы болыпты. Қыз бойжетіп, қарапайым малшының ұлына ғашық болады, олардың үйленуіне қыздың әкесі келісімін бермейді. Қыз бен жігіт қашуға бел буады. Қыздың әжесі оларға батасын беріп, қызға көгілдір тасты сақина мен жылан кейіпті білезік сыйлайды. Қуғыншылардан қашып бара жатып қыз көгілдір сақинаны жерге лақтырады, сол жерде малахитті көл пайда бола кетеді. Білезік түскен жерде шексіздік белгісінде сегіздік формалы көл шыға келеді. Міне, содан көп жылдардан бері көгілдір су (қыздың) және ақшыл көк (жігіттің) сулары қосылған. Көл суын тамшылап айырса да, екі түс айырылмайды, олар осы көлге бастау берген ғашық жүректердің мәңгілік бірге болатынын білдіреді.
Сайрамсу көлі бағытындағы негізгі пункттер: «Альтекс» СТВ кемпингі, Сайрамсу өзені, Қырғилы жылғасы, Қалжайлау жылғасы, Сайрамсу көлі, Бағыт ұзақтығы 14 шақырымды құрап, «Альтекс» тур кешенінен басталады және Сайрамсу өзенінің кең әрі көрікті шатқалы арқылы өтеді. Оңтүстік шығыста Сайрам шыңының ұшар басы менмұндалап тұр. Тур кешенінен жоғары соқпақ жол алдымен өзеннің сол жақ, кейін оң жақ жағалауымен жалғасып жатыр. Бір сағаттан кейін Қырғилы жылғасын кесіп өткен жол Сайрамсудың оң жағалауымен оңтүстік батыс бағытына апарады. Шатқалдың солтүстік және шығыс беткейінде әдемі арша ормандары, өзен жағалауында қалың қайың орманы бар. Бір сағат жүрген соң Қапжайлау жылғасын кесіп өтіп, асуға келіп тоқтайды. Бұдан кейін бағыт гүл-гүл жайнаған альпі шалғындарынан өтеді. Екі сағаттық қиын емес көтерілу және соқпақ жол көлге әкеледі.
Сайрамсу шатқалында орналасқан Сайрамсу көлі. Көркіне көз тоймайтын көлге саяхаттауға әрбір жан құмар ақ.Сайрамсу көлі қазаншұңқырда, өзен көздерінде теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте орналасқан. Өзен аумағындағы Сайрамсу көлінің әсемдігін алыстан ақ көруге болады. Көлдің түсі ашық көкшіл және ашық жасыл болып келеді. Кез келген ауа райында оның түсі өзгермейді. Су өте салқын және көлдің пішіні гитара тәріздес. Оңтүстік бөлігінде көлді толықтырып тұратын су көздерінің ағыны бар. Көлдің батыс бөлігі қалың ашық жасыл түсті өсімдікпен жабылған.
Көлді тамашалауға жан-жақтан туристер көптеп келеді. Сайрамсу көліне саяхатшыларды аптасына 3 топтан (әр топта 10-15 адамнан) жіберуге рұқсат етілген. Ал сәуір айында аптасына тек бір туристік топқа ғана рұқсат. Себебі бұл айда құстар мен жануарлар балалайтын уақыт
Егер сіз күнделікті қала өмірінен шаршасаңыз, таза ауамен демалып, тау қымызын ішіп, Сайрам-Өгем тауларына көтеріліп, Сайрам су өзені мен көлін тамашалауға болады.