Индустриалды аймақтар-инвесторларға зор мүмкіндік

Қысқаша

Индустриалды аймақтар-инвесторларға зор мүмкіндік

Биыл республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанына 5 жыл толған Шымкенттің өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларындағы даму қарқыны жоғары. Үшінші мегаполистің әлеуетіндегі оң динамика  Үкімет тарапынан да жақсы бағалануда. 

Screenshot_3.jpg

Жуырда  Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі қаңтар-маусым айлары аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралды.

Биылдың бірінші жартыжылдығының  қорытындысы бойынша Шымкент қаласының барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң өзгерістер байқалғаны, өсім динамикасы тіркелгені атап өтілді.  Мегаполисте негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,4 пайызға артқан.  Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, оның көлемі 14 пайызға өсті. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 32,3 пайызға көбейген.  Сонымен қатар, жалпы сауда көлемі 7,3%-ға, оның ішінде, бөлшек сауда 21,4 пайызға өскені байқалды.

Соңғы жылдары Шымкентте индустриалды аймақтар құрылып, бұл инвесторларға зор мүмкіндіктер беріп отыр. Өндірістік жобаларды жүзеге асыруға барлық жағдай жасалған аймақтардың саны да артып келеді. Солардың бірі «Бозарық» индустриалды аймағы биыл пайдалануға беріледі. Аймақта жергілікті өнімдерді терең өңдеуден өткізетін кәсіпорындар шоғырланады. Бұл мегаполистегі алғашқы агроиндустриалды аймақ болмақ. Онда  тамақ өнеркәсібімен айналысатын жалпы құны 29,5 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде  1 жарым мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.

Қазіргі таңда Бозарық индустриялық аймағында инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. Бүгінде бас мердігер мекеме аймақтың ауыз су және кәріз жүйелерін тартуда. Жуырда осы жұмыстардың барысын көріп қайтқан қала әкімі М.Әйтенов жауаптыларға кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасау бағытында арнайы тапсырмалар жүктеді. 

«Бозарықты»  ауыз сумен қамту жұмыстары бойынша орындалған жұмыстар көлемі 85%-дан асса, электр және табиғи газ желілері бойынша орындалған жұмыстар 68% -ды құрайды. Жоба бойынша аймаққа 10,9 шақырым табиғи газ желісін тарту көзделген. Қазір ішкі және сыртқы автомобиль жолдарын салу жұмыстарының тең жартысы аяқталған. Сондай-ақ кірме, қоршау, әкімшілік ғимараты бойынша арнайы жобалер әзірленуде. Индустриалды аймақты сапалы инфрқұрылыммен қамту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. 

Мұның алдында Мұрат Әйтенов «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен «Жұлдыз» индустриалды аймағындағы   кәсіпорындарды аралады. 

 "Оңтүстік"арнайы экономикалық аймағында мақта аралас және киім маталарын өндіру жобасы іске асырылуда. Жобаның инвестиция көлемі 1 млрд. 980 млн. теңгені құрайды, шамамен 120 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Фабрика жобалық қуаттылығына сай жылына 4 млн. метр мата шығарады. Кәсіпорын 2024 жылдың наурыз айында іске қосылады деп жоспарланған. Дайын өнімдер ішкі нарыққа және экспортқа шығарылады.  Қазіргі уақытта бұл жобаға жобалық сметалық құжаттар  әзірленіп, жер бөлу жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағында қолға алынған  жобаларының жалпы құны 163,5 млрд. теңге құрайтын 56 жобадан тұрады. Олар іске асқан жағдайда  5 582 жұмыс орнын құру көзделген. Оның ішінде жалпы инвестиция сомасы 58,4 млрд. теңгеге 35 жоба іске асырылып, бұған дейін 2 507 жұмыс орны ашылды. 

Ал «Жұлдыз» индустриалды аймағында жыл соңына дейін инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін бірінші кезекте 31 инвестициялық жоба бар.  Мұнда инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүріп жатыр. Мәселен, «Юг Ойл Про» битум зауыты, автоклавты газбетон өндірісі, ПВХ ішкі және кәріз жүйелерін, үйлерге арналған жаңбыр суағарларын өндіру, шыны әйнек шығаратын зауыт, темірбетон өндіру ісі қолға алынған. Жоспар бойынша аталған кәсіпорындар жыл соңына дейін қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, толық іске қосылуына мүмкіндік беріледі.