Шымкенттің қысқа дайындығы тексерілді

Қысқаша

Шымкенттің қысқа дайындығы тексерілді

Үшінші мегаполис, миллионнан астам тұрғыны бар Шымкенттің қысқа дайындығы Үкіметтің назарында. Осы себепті жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов басқарған комиссия құрамымен бірге мегаполистегі жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тексерді.

Screenshot_5.jpg

Арнайы бақылау жүргізу барысында «3-Энергоорталық» АҚ-ы, № 3 аудандық қазандық және ӘІО 160 ГКАЛ қазандығының дайындық жұмыстары тексерілді.

«3-Энергоорталық» АҚ-ының қысқы маусымға дайындығы толық атқарылған. Ал қуаттылығы 60 Гкал № 3 аудандық қазандығының да жылу маусымына дайындығы аяқталған. Бұл қазандық 219 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Әкімшілік іскерлік орталығындағы 160 ГКАЛ қазандығы 123 көпқабатты тұрғын үйге жылу береді. Бүгінде ол да қысқы маусымға дайын. 

Қаладағы 2 076 көпқабатты тұрғын үй мен 464 бюджеттік мекемедегі дайындық жұмыстары да аяқталған. Қала басшысы жауаптыларға жылыту маусымы кезінде мәселе болмауын тапсырды.

Сондай-ақ, Шымкенттің жылу маусымына дайындық жұмыстарымен танысу мақсатында келген Энергетика вице-министрі 

Жандос Нұрмағанбетов пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков “Бозарық” қосалқы станциясында болды.

Қаланың солтүстік бөлігін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы іске қосылған станция қуаттылығы 160 МВт кВ құрайды. Бүгінде қосалқы станцияның жүктемесі 47 МВт-қа жеткен.

Нысан “Оңтүстік Жарық Транзит” ЖШС-нің сенімгерлік басқаруында. Осыдан бірер ай бұрын жұмыс істеп тұрған 2 автотрансформатордың біреуінде ақау пайда болып, істен шыққан болатын. Автотрансформатор серіктестік көмегімен қайта қалпына келтіріліп, жуырда іске қосылды. Сондай-ақ, ведомство басшысының орынбасары мегаполистің 2035 жылға дейінгі электр жүйесін дамытудың кешенді жоспарымен танысты.

Осы жерде айта кетері, былтыр халыққа арнаған Жолдауында Президент:

«Елімізде электрмен жабдықтау желісінің үштен бірінің, жылу коммуникациясының 57%-ының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Бұл сандардың өзі-ақ нақты ахуалды көрсетіп тұр», - деп атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы тарифтерді қолдан тежеу ауық-ауық іркілістерге, аварияларға соқтырып, соның кесірінен азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп тууы мүмкін екенін еске салып, Монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясатқа көшу қажеттігін тапсырған болатын. 

Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы  Айсұлу Әлібекованың айтуынша,  Президент ұсынған жаңа саясатқа сәйкес, қайсы монополист инфрақұрылым желілерін жаңартуға инвестиция салса, мемлекет сол компанияға коммуналдық тарифтерді өсіруге рұқсат береді. 

- Өйткені, еліміздегі коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымның әбден тозығы жеткен. Кейбір электр, жылу станцияларының салынғанына 50-60 жылдан асып кеткен. Президент бұл мәселеге уақтылы назар аударып, тиісті жұмыс жүргізілмесе, еліміздің энергетикалық дағдарысқа тап болып, халықтың жарық пен жылусыз қалуы мүмкін екенін ескертті,-дейді ол. 

Осы орайда Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Шымкент қаласы әкімдігінің бірлескен бұйрықтарымен «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің 2023-2026 жылдарға қосымша инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Оған сәйкес, монополист компания осы уақыт аралығында 38,3 шақырымдық кәріз жүйесін реконструкциялайды. Бұл кәріз желілерінің тозуын 77 %-дан 71,65%-ға немесе 5,35%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Ал «3-Энергоорталық» АҚ-ның жылу энергиясын өндіру қызметіне 2022-2026 жылдарға арналған тарифтері мен тарифтік сметасы және инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Жылу энергиясын өндіру қызметіне бекітілген инвестициялық бағдарлама негізгі құралдарды күрделі жөндеуге бағытталған іс-шараларды көздейді, бұл негізгі құралдардың тозуын 60,7 %-дан 57,7%-ға немесе 3,02%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ инвестициялық бағдарлама аясында биыл 76,712 шақырым газ құбырын қайта жаңарту көзделген. Оның ішінде 30,389 шақырымы жер астымен жүргізілетін полиэтилен құбыры болса, қалған 46,322 шақырымы жер үстімен жүргізілетін болат құбырлар. Бүгінде полиэтилен құбырлардың 16,041 шақырымы, ал, болат құбырдың 27,139 шақырымы жүргізілген. Сонымен қатар газ қысымын төмендетуге арналған 167 газ реттеу пункттері орнатылады.