Заманауи алаяқтыққа – заманауи әдіс-тәсіл

Қысқаша

Шымкентте биыл қылмыс азайған

Шымкентте жыл басынан бері қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 34 пайызға төмендеді. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығының алаңында Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов прокуратура органдарының 6 айда атқарған жұмыстары төңірегінде өткен брифингте мәлімдеді.

Screenshot_2.jpg

– Өздеріңізге мәлім, прокуратура – мемлекет атынан жоғары қадағалауды жүзеге асырады және құзырлы органдардың қызметін үйлестіреді. Құқық қорғау саласында осы жылдың 6 айында қалада 3 508 қылмыс тіркелді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 34%-ға төмендеді, –деді қала прокуроры.

Спикердің сөзінше, тіркелген қылмыстардың басым бөлігі – ұрлық (1 056 немесе 30%), алаяқтық (1 316 немесе 37,5%), есірткімен байланысты (295 немесе 8,5%) қылмыс. Қылмыстың азайғанына қарамастан қылмыстық істерді сотқа жолдау көрсеткіші 56%-ға артып отыр. Сотқа 1 967 қылмыстық іс жолданды. Осының барлығы 3 буынды модельді тиімді қолданудың нәтижесі және қылмыстың алдын-алу мен тергеу сапасының жақсарғанының белгісі. Үш буынды модельде прокурордың міндеті – полиция берген айғақ-дәлелдемелерге тәуелсіз баға беру, тергеу, анықтау іс-шаралары кезінде азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу. 

Үшінші мегаполисте «Алаяқтықтың заманауи түрлерінің алдын алу» жобасы іске асырылуда. Осы және басқа да шаралардың нәтижесінде Шымкентте аталған қылмыстың тіркелу көрсеткіші төмендеген. 

–Қоғамды мазалап жүрген қылмыстың түрі ол – алаяқтық. Бұл құбылыспен күресу тез арада ұйымдастыру шараларын қолдануды талап етті. Жыл басында қала әкімімен бірге осы мәселені шешу үшін «Алаяқтықтың заманауи түрлерінің алдын алу» атты жобаны іске асыруға кірістік.  Кез келген оңай ақша табу жарнамаларына алданбауды, түсініксіз жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласу керектігін ескертемін. Бірінші мақсатымыз – қылмысты азайту мен оны тез арада ашу. Ол үшін заманауи технологияларды енгіздік. Сонымен қатар адамдардың сауаттылығын арттыру үшін арнайы кітап әзірледік. Өкінішке қарай, әлі де болса кейбір адамдар тез табыс табуға асығып, алаяқтардың құрбаны болуда.  Себебі алаяқтар телефон және интернет арқылы қоңырау шалғанда, адамдар оны тексермейді, сөздеріне сеніп мәліметтерін бере салады. Кейбір жағдайларда жұмысқа орналасу үшін алаяқтарға ақша беріп, пара берумен тең әрекеттерге барады. Жалпы жобаның нәтижесі бар. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастырамыз, – деді қала прокуроры. 

Сондай-ақ, Шымкент қаласында «Мейірім-жүректен» акциясы аясында жасөспірімдерге профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Соңғы жылдары жастар арасында қылмыс жасау көбейгеніне тоқталған қала прокуроры қылмыстың кісі өлтіру, ұрлық, тонау, жарақат салу, қарақшылық және алаяқтық сынды түрлері жиі кездесетінін айтты. «Жасөспірімдер қылмыс жасау барысында келеңсіз жағдай бола қалса адам өлтіру, ауыр дене жарақатын, қарақшылық жасауға дейін барады. Кәмелетке толмағандар жасайтын қылмыстардың арасында ерекше орын алатыны – бұзақылық. Кәмелетке толмаған кылмыскердің мінездемесін занды білмегенмен түсіндіруге болады. Бұл біріншіден жалпы халықтың құқықтық сауатсыздығы, екіншіден жасөспірімдердің заңға немқұрайлы қарауы, заңды толық білмеуі, олардың әділеттікке сенбеуін туғызады. Соңғы кезде кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыстардың өсіп кету себебі – экономикалық жағдайлардың нашарлауы және қоғамның қысымы деген тұрақты ой қалыптасуда. Жасөспірімдердің арасындағы қылмыстың көбеюі балалардың бос уақытын ұйымдастыра алмауынан туындап отыр. Зерттеулерге жүгінетін болсақ, сотталғанға дейін жасөспірімдердің бірнеше қылмыс жасайтыны белгілі. Олардың арасында меншікке қол сұғу қылмысы да жиі жасалады. Сол себепті қылмыстың алдын алу аясында «Мейірім – жүректен» атты айлық акциясын өткізіп, 150 мектеп пен 38 колледжде 70 мыңнан астам оқушыға прокуратура қызметкерлері бағыт-бағдар беріп, профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Одан бөлек, қала прокуратурасы бұл проблеманы 25 мамырда Үйлестіру кеңесінде талқылады. Құқық қорғау мен тиісті уәкілетті органға жұмысты жандандыру тапсырылды. Алайда бұл проблеманы ата-ананың қатысуынсыз біржақты шешу қиын болып отыр. Жастар арасында патриоттық сезімін, мәдени құндылықтарды дамытып, тәрбиелеу керек. Сонымен қатар жастардың құқықтық сауаттылығын ашу қажет. Жастар арасындағы қылмыс – қоғам ауруы, оны емдеу қажет және алдын алу шараларын қолдану керек. Әрбір отбасында ата-ана өсіп келе жатқан жасөспіріммен жақын сөйлесіп, оны мазалаған ойларын біліп, айналасындағы достары туралы хабардар болып, оның проблемаларын шешуге көмектесуі керек. Осы жағдайларда жасөспірімдермен жасалатын қылмыстардың алдын алуға болады», – деді прокурор Ғабит Мұқанов.

Жасөспірімдер арасында жасалған 59 қылмыстың 30-ы ұрлық (52%), 14-і тонау (24%), 3-і алаяқтық (5%), 2-і қарақшылық (3%), 3-і жарақат салу, 2-і есірткі сату, яғни барлығы 81%-ті (47 қылмыс) құрайды. Қала прокурорының айтуынша, Шымкентте сотталғандар енді жаңа жоба арқылы арнайы оқу оқып, жұмыс істей алады. «Сотталғандарды түзету – қауіпсіздік кепілі» атты жоба аясында 30 сотталған оқып жатыр. Ал сотталғандардың 60-ы қыркүйек айынан бастап 10 айлық оқуға жіберіледі. Оқу аяқталғаннан кейін тиісті диплом, сертификат беріліп жұмысқа орналастырылады. Басты мақсат – сотталғандарды әлеуметтік ортаға қалыптастыру. Бұл жұмыстармен шектелмей сотталғандарды түзету мақсатында оларды спортқа баулу жүзеге асырылуда. Ол үшін спорт түрлеріне қажетті құрал-жабдықтар алынды. Сондай-ақ 11 дана теннис үстелі, 22 ракетка мен тор, 93 үстел теннис добы, 4 волейбол торы, 16 волейболға арналған доп, 4 бадминтон сеткасы, 8 дана бадминтонға арналған ракетка, 24 бадминтон воланы, 3 армреслинг үстелі, 3 дана сақинасы бар стритбол қалқаны, 9 стритбол добы, 15 дана шахмат, 15 дана тоғызқұмалақ.

Жазаны өтеу мекемелерінде жаппай бейнебақылау орнатылып, бақылау-өткізу режимі күшейтілген. Бейнемониторинг нәтижесінде қаскөйлік тәртіп бұзушылықтар 27%-ға төмендеген.