Қалдықтар — қоршаған ортаны ластайтын көздердің бірі. Жыл сайын әлемдегі өндірістерден шамамен 1 миллиард, тұрмыстан 14 миллион тонна қалдық шығарылады. Бұл көлемі мен зияндылығы жөнінен өте күрделі. Ал әрбір отбасыдан бір адам тәулігіне 1,5 килограмм қоқыс шығарады. Олар желмен, сумен ауаға топыраққа тарап, қоршаған ортаға зиян келтіреді. Тіпті тұрмыстық қалдықтардың көл мен өзендерге шығарылатыны белгілі. Мәселен пластикалық заттар мен пластмасса бұйымдарын өртеген жағдайда ауаға зиянды көміртек оксидтері бөлінеді. Мұндай заттардың жойылуы да ұзақ.
Зиянды қалдықтардың шектен тыс мөлшері бүкіл адамзатқа, қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Жер бетіндегі зиянды заттардың жинақталған массасы топырақ жамылғысына, өсімдіктерге, жерүсті және жер асты суларына жағымсыз әсерін тигізеді. Қоқыстар жанған кезде атмосфераға өте көп улы заттар бөлініп, тыныс жүйесі аурулары мен репродуктивті және иммундық жүйелердің ауытқуларына әкеліп соғуы мүмкін. Аса қауіп төндіретін органикалық заттар — диоксиндер. Олардың әсері цианисті калийден, стрихниннен және курареден күшті абсолютті у болып есептеледі. Тағы бір үлкен қауіп тудыратын қатерлі зат — фильтрат, ол қоқыс алаңдары аумағынан жерасты суларына түседі. Қалдықтарда дизентерия, холера, туберкулез және т.б. ауруларды тудыратын бактериялар ұзақ уақыт бойы сақталады. Фильтраттардың жерасты суларына өтуі, осы микроорганизмдердің кең таралуына әкеліп соғуы мүмкін.
Сол себепті тұрмыстық қалдықтардың тиісті орындарға жеткізіліп, ашықтан-ашық шашылып жатпауына өз үлесімізді қосайық. Адамзатқа қажетті табиғи тарихи қалыптасқан тіршілік ортаны таза сақтайық.