Нан бағасы қымбаттай ма? - Министрлік жауап берді

Қысқаша

Нан бағасы қымбаттай ма? - Министрлік жауап берді

Қазақстанда әлеуметтік нан бағасы көтерілмейді. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мәлімдеді.

Screenshot_5.jpg

"Бізде екі түрлі нан бар. Біріншісі әлеуметтік нан. Оның бағасын мемлекет реттейді және бақылайды. Бүгінде әлеуметтік нанның бағасы өңірлерде тұрақты, өзгермейді. Егер жекелеген өңірлерде диірменшілер шикізат тапшылығына тап болса, немесе бидай бағасы күрт өссе, онда бидай құнын субсидиялау бағдарламасы іске қосылады. Яғни қазіргі таңда әлеуметтік нан бағасының көтерілуіне ешқандай алғышарт жоқ", - деп жауап берді АШМ Егіншілік департаментінің директоры Азат Сұлтанов.

Ал премиальды нанның, яғни багет, круассан және тағы басқаларының бағасы шикізат құнына қарай өзгеріп тұрады. Бірақ әлемдік нарықта Ресей тарапынан салынған шектеуге байланысты бидай мен ұнға деген сұраныс артып отыр.

Осыған байланысты әлемдік нарықта бидай бағасы бірнеше есеге өскен.

"Соған қарамастан біз ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында кез келген өңірдің өзінің физиологиялық тұтыну нормаларына сәйкес, сол халықты қажетті көлемде қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қорларынан кепілді түрде қажетті көлемдегі ұнды сатып аламыз. Қазіргі кезде жалпы Қазақстан бойынша 120 мың тоннаға жуық ұн бар. Соның 30 мыңға жуығы – тұрақтандыру қорларында", – деді ол.