Төлебиде туризмді дамытуға басымдық берілуде

Қысқаша

Туризм әлемдегі ең табысты салалардың бірі саналады.

image.png

Туризм әлемдегі ең табысты салалардың бірі саналады. Және туризм тек ірі қала, оралықтарда ғане емес ауыл-аймақта да дамытуға мүмкіндік мол. Себебі қазіргі туристер заманауи демалыс орындарымен қатар глэмпингке шыққанды ұнатады. Ал ауыл нағыз экотуризмді дамытуға таптырмас орын. 

   Табиғаты сұлу Төлеби ауданы дәл осы туризм саласына ден қойып келеді. Себебі өңірдің тамаша келбеті мен саф ауасын тыныстауға келетіндердің қатары көп. Ендеше, неге түрлі бағыттағы демалыс орындарын көбейтіп, туристерді тартпасқа? 

Аудан тұрғындарымен кездесуінде облыс әкімі Дархан Сатыбалды облыста Төлеби ауданының инфрақұрылымы анағұрлым жақсы екенін атап өткен болатын. «Табиғаты әдемі, ауасы таза аймақта туризмді дамытуға толық мүмкіндік бар. Осы бағытта жұмыс күшейтілуі тиіс», – деді облыс әкімі. Осы бағытта, яғни таулы ауданның әлеуеті негізінен туризм саласын дамытуға қолайлы болғандықтан да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан әкімдігінің дерегінше, бүгінгі күні бұл бағытта 76 нысан жұмыс істеуде. Атап айтсақ, шаңғы базасы, 4 емдік-сауықтыру орны, 71 демалыс аймағы, 64 саяжай бар. Сондай-ақ,  бұл салаға тартылған инвестиция көлемі де артуда.

«Төле би ауданы аграрлы аймаққа жатады. Бірақ біз тек ауыл шаруашылығымен ғана айналысып қоймай, шағын және орта кәсіпкерлік  саласын дамытуды қолға алудамыз. Өзіміздің   бекітілген даму жоспарымыз, сол жоспарға сәйкес әр кезең, жылға бөліп қойған межелер бар, осы межелерді орындауға күш саламыз. Басты мақсат – аудан тұрғындарының жағдайын жақсарту, тыныс-тіршіліктеріне қолайлы жағдай жасап беру. Соның ішінде  туризм саласын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп келеді. Тіпті туризмді негізгі табыс көздерінің біріне айналдыруға мүмкіндік мол. Бұл салада нақты көрсеткіштеріміз бар. Туристік саланы мейлінше  дамытуға қолайлы жағдайлар жасалуда. Табиғатымызды, орналасқан жерімізді ескеретін болсақ, Біркөлік шатқалында, Қасқасу бағытында, Қоғалы ауылдық округінде жақсы туристік нысандар бой көтеріп, пайдалануға берілуде. Оның ішінде сауықтыру орталықтары, демалыс орындары бар. Ендігі мақсат соларды замануи, халықаралық  талаптарға сәйкестендіру»,- дейді аудаен әкімі Төлеген Телғараев. 

image.png

Барлық деңгейдегі әкімдерге қойылған басты мақсат – ауданға, елді мекенге, өңірге инвестиция тарту. Бұл – ауданды дамытудағы ең өзекті мәселе. Өткен жылы ауданға 24 млрд теңге инвестиция тартылған болса, биыл  осы көрсеткішті 28 млрд теңгеге жеткізу жоспарланыпты. Әрине, бұл бірінші кезекте өндіріс пен туризмді дамытудың есебінен жүзеге аспақ.

Жалпы Төлеби ауданында жыл он екі ай туристердің қарасы үзілген емес. Соған байланысты бүгінде сервистік қызмет көрсету мәселесі де қолға алынуда. Жол бойында  арнайы жерлерді белгілеп, жергілікті тұрғындар туристерге арнайы кішігірім шайхана, дәмхананы жеңіл конструкциямен салып, қымыз-көжесін, құрт-майын сатып, өз нәпақаларын тауып отыруға әкімдік мүмкіндік туғызып отыр. 

image.png

    A+
Уақыты: 2023-05-02  Айдарша: Өңір
TAG: