Шымкентте биыл 160 нысан салу жоспарлануда. Құрылыс жобасына 98 тұрғын үй, 18 инженерлік инфрақұрылым нысандары, мәдениет және 7 білім беру нысандары, 3 төтенше жағдай кешені, 4 спорт кешені, 2 саябақ енгізілді.
Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы саласында мегаполисте ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2020 жылы тұрғын үй құрылысын жүргізу бұдан екі есеге дейін төмен болатын. Биылғы жылы 1 млн 73 мың шаршы метр үйді тапсыру жоспарлануда.
Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында мемлекеттік бюджеттен 312,4 мың шаршы метрді құрайтын 4 090 пәтерлі 98 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Осы ретте биыл 67 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап жыл соңына дейін ел игілігіне тапсыру көзделуде. Тұран шағынауданында 18 үйдің, Бозарық шағынауданында 54 үйдің, Ақжайық шағынауданында 26 үйдің құрылысы жүргізілуде.
Сондай-ақ жыл соңына дейін жұмыс істейтін жастарға 900 пәтер және халықтың әлеуметтік осал топтарына 505 пәтер нарықтан сатып алынатын болады.
Биыл Шымкент қаласында жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарлама аясында 324 арендалық пәтер тұрғын үй кезегі келген халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына, көпбалалы отбасыларға сонымен қатар жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға, тұрғын үй кезегіндегі мемлекеттік қызметкерлерге, ал 888 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға қолдынысқа беру көзделген.
Бұдан бөлек жыл соңына дейін тұрғын үй кезегіндегі әр түрлі санаттар бойынша тағы 505 отбасыны қамту жоспарлануда. Қазіргі таңда бұл бойынша тиісті мекемеге ұсыныс беріліп, жұмыстар атқарылуда. Осылайша биыл тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға табысталатын пәтер саны артпақ.
Сонымен қатар биыл «Отбасы банк» арқылы несиелік негізде 1732 отбасыны баспанамен қамту жоспарланып, қазір 973 азамат ипотекалық бағдарламалар арқылы баспаналы болды. Оның ішінде "5-20-25" бағдарламасы бойынша 609 пәтер, "2-10-20 Бақытты отбасы" бойынша -293 пәтер, «Шаңырақ» бағдарламасы - 71.
Шымкент қаласында бүгінде 588 мектепке дейінгі мекеме бар. Оның ішінде 517-і жекеменшік болса, 71-і мемлекеттік балабақшалар.
Қала бойынша жаңадан ашылған мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар жаңа ғимараттарға орналасқан. Дегенмен, қаладағы ескі балабақшалар бұл күнде күрделі жөндеуді қажет етеді, Соның бірі құрылғанына 55 жыл болған №3 бөбекжай-бақшасы қазір күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Наурыз айында басталған жөндеу жұмыстары бұл күнде қарқын алған. Қос қабатты ғимараттың бала саны бойынша сыйымдылығы 163 орынды қамтиды. Мұнда бүгінде 130 бала тәрбиеленуде. Бөбекжай жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін бітіру межеленген.
Сонымен қатар қаладағы №99 «Гүлдер» бөбекжай ғимараты да күрделі жөндеуден өтіп жатқанын айта кетейік. 280 орындық бөбекжайдың жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталады деп жоспарланған.