Шетелдік туристерді қызықтырған мекен

Қысқаша

Себебі ата жолы – үлкен.

image.png

Төлеби аудандағы киелі орындардың, пайда болу тарихын шетелдік туристерге, жастарға дәріптеудің  берері мол. Яғни зиярат ету орындары туризмді дамытуға да зор үлесін қосып келеді. Мысалы, Қазығұрт тауы баурайында орналасқан Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиелі мекенге еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелден келушілер өте көп.  Ел арасындағы аңыз-әпсаналарға қарағанда, бағзы заманда бір сахабаның баласы жанына серіктерін ертіп, барлығы қырық кісі болып, қасиетті жерлерді аралап, түнеп, зиярат етіп кете беріпті. Ол кісілер Қазығұрт тауы баурайына барып, қазіргі Әңгірата ауылына жақын тұста орналасқан тасқа түнеп, соны мекенжай етіпті дейді. Тағы бір аңызда олардың атын «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» деп атаса, екінші бір әңгімеде «Қызыр Ата Қырық Шілтен» дейді. Қалай десе де Қазығұрт бөктеріндегі жергілікті халық әлгі қырық кісіні  ғайыптан пайда болған әулиелер, олардың топтастырылып айтқандағы аты – Шілтер деп түсінеді. Содан ол жер «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» деп аталып кеткен. Маңайындағы түрлі ауруларға шипалы бұлақтарына зияратшылар көп келеді. 

«Бұл жерде бір Алланың құдіретімен жаратылған қасиетті белгілер бар. Адам Ата мен Хауа Анадан бастап, он сегіз мың ғаламның белгісі бар мұнда. Жер бетінде адамзаттың бәрі бір Ата мен Анадан тарағанын көрсетіп қойған. Ғайып Ерен  Қырық Шілтен дегеніміз көзге көрінбейтін тылсым дүние. Қазақтың батырлар жырында, дастарында айтылады. Кеңес дәуірінде еленбей, қараусыз қалған киелі орын 1993 жылдан бері қамқорлыққа алынып, зияратшылар емін-еркін келіп жатыр. Ресейден, Өзбекстаннан, қырғыз елінен  көп келеді. Кешегі пандемиядан бұрын алыс шетелдерден Қытай, Франция, Австралиядан  да келушілер көп болған. Келушілерге айтып түсіндіреміз, бұл туристік орын емес зиярат орны деп. Зиярат пен саяхатты көбісі шатастырады. Онысы дұрыс емес. Одан кейін Ата мен Ана белгісінің арасынан өтіп жатқан кезде күнә туралы көп айтылады. Ол күнәға емес, адамның өзінің ниетіне байланысты. Өзін сынау үшін келетіндер көп.  Күнәм бар ма, жоқ па деп. Бұл жерде күнәнің қатысы жоқ. Иә, денесі ірі кісілер сыймай жатады, өйткені арасы тар, жіңішке кісілер сыймай жатады өйткені олар қорқады. Өкпе сығылады, жүрегі қысылады әйтеуір өте алмай қалып жатқан болады. Әйтпесе ол тұрған дүние, қимылдамайды, сізді қыспайды.  Шын ниет етсеңіз емін-еркін өтуге болады», – дейді шырақшы Сәкен Бөденеев. 

image.png

Ғайып Ерен Қырық Шілтеннің кіреберісіндегі қасиетті тұт ағашы жеміс-жидек, дән-дақылсыз адамзаттың күн көруі мүмкін емес екенін білдіреді екен. Содан кейін жоғары өрлесеңіз, биіктігі он метрге жуық, ұзындығы жиырма метрдей, бастары шығысқа қарай ұйысып жатқан Ата мен Ана деген екі алып тасқа келесіз. Ананың бауыр жағында төрт бөлікке бөлінген қазаннан аумайтын белгі бар. Бұл – «Төрт құбыла түгел, төрт түлігіміз сай болсын, қора малды болсын!» деп тілек тілейтін жер. Ананың шарасы, нәрестесі, сүті, қамыры белгілері, бәрі де – киелі орынның қасиетін арттырып тұр. Бұл киелі жердегі ең негізгі зиярат рәсімінің бірі, көпшіліктің түсінігі бойынша  Ата және Ана аталатын бір-біріне сүйеніп тұрған екі алып жартастың арасынан тілді кәлимаға келтіріп, оң жақ иықты алға салып бір қырымен өту болып саналады. Алғаш келген кісі атаның қолтығынан өткені дұрыс. Себебі ата жолы – үлкен. Көпшілік негізінен осы тастың алдына зиярат жасап түнейді. Келушілердің бәрі де «Ата мен Ана тасы арасынан өтейін, бойымдағы ауыртпалығымнан сейілейін!» деп, ниет ететіні анық. Яғни ең бастысы Аллаға сену, иман келтіру, ниет ету, тазалық пен адалдықты, имандылықты санаға сіңіру. 

image.png

Киелі мекен шырақшының айтуынша, әулиенің төменгі жағындағы қасиетті бұлақ  суының бірі – көз, екінші бұлақ көзі – ентікпе, өңеш, жұтқыншақ, асқазан, үшіншісі – жүйке ауруларына емдік қасиеті бар екен. Үш бұлақ суының қасиеті бір-біріне ұқсамайтыны айтылады. Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиенің алды қазір абаттанып, көріктеніп, инфрақұрылымдық кешен ретінде дамып келеді. 100 адамға арналған заманауи қонақүй бой көтерген. Заманауи киіз үйлер де қонақтардың жайлы демалысына лайықталған. Қымыз, шұбат ішіп, тынығып отыратын жазғы асхана бар. Қоғамдық қор төрағасының айтуынша, алдағы уақытта намаз оқитын арайы орын, кітапхана ашылмақ. Шағын медресе ашу да ертеңгі күнге жоспарланған көп істің бірі. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен зиярат етушілер мен туристер  ағылып келуде. 

    A+
Уақыты: 2023-05-02  Айдарша: Өңір
TAG: