Төлебиде әулие бар Нұр ата деген...

Қысқаша

Бір-екі күн түнеген малдар ауруынан айығып отырған екен.

image.png            

Жайқалып жатқан жасыл жайлауы бар Төлеби ауданы бүгінде заманауи демалыс орындарымен ғана емес қасиетті, киелі мекендерімен де танымал. Этнотуризмі жолға қойылған өңірде талайдың таңдайын қақтырып, жұмбақтығымен, қасиеттілігімен ерекшеленетін тарихи нысандар көп. 

Жанына шипа іздеген, сондай-ақ жұмбағын шешуге тырысқан  туристерді өзіне тартып тұратын орынның бірі -  Нұр ата әулие жатқан жер. Нақтырағы оның бұлақ суы. 

Нұр ата әулие басына тұрғызылған кесене Қаратөбе ауыл әкімшілігіне қарасты Майбұлақ ауылында орналасқан. Ауылдың шығысынан бастау алатын Майбұлақ өзенінің аңғарындағы қорымды жергілікті жұрт «Нұр ата қорымы» деп атайды. Қорымның оңтүстігінде Майбұлақ өзені, шығысы мен батысы тұрғын үйлермен, солтүстігі биік төбемен шектеседі. Ал кесене қорымның солтүстік–шығысында орналасқан. Кесенеге кіретін есік алдына арка соғылып, жүретін жолы, оның айналасындағы 0,65 метрлік ендіктегі жерлер бетондалған. Нұр ата әулие басына тұрғызылған 6,5 х 6,5 метрлік кесене қабырғасы силикат қыштан өрілген. Іргетасына 0,50 метр цемент құйылып, 3 метрлік қабырғасының төбесі төрт жақтамалы ақ түнікемен жабылған. Төбесіне диаметрі 3 метр, биіктігі 3,5 метр күмбез орнатылған. Төрт қабырғасының түйіскен бұрыштары 0,60 метр биіктетіліп, күмбезделген. Кесене есігі солтүстік-шығысқа қараған. Кесененің оңтүстік және шығыс қабырғасында 1,20 х 0,90 метрлік терезе бар. Іші әктелген, жарық қойылған, ортадан солтүстік қабырғаға жақын қабір үстіне 2,0 х 1,0 х 1,0 метрлік белгі қойылған. Оның айналасына кілем мен көрпеше төселген.Әулие сағанасы түбінен емдік қасиеті бар 12 бұлақ көзі ағып жатыр. Яғни олардан ағып жатқан су адамның 12 мүшесіне ем. Қысы-жазы қатпайды. Қақаған аяздарда буы бұрқырап жататын бұлақ жеті тармақтан ағып шығып, бір арнаға тоғысады. Кесененің шығыс қабырғасында бұлақ көздеріне баратын жол салынған. Шығыс қабырғасынан 30 баспалдақ төмен түскен соң, сол қапталдағы бұлақ көзін «Ана бұлақ» деп атайды, себебі бұлақ көзі майда тамшы көздерінен шығады. Кесененің батыс қабырғасынан 16 баспалдақ төмен түскендеде бірнеше бұлақ көздері бар. Әр бұлақ көзінің суының құрамы әртүрлі, ішкі ағза мүшелеріне тигізетін шипалық қасиетіне қарай бұлаққа ат қойылған. Бұлақ атаулары баспалдақпен түскен соң оң қол қапталынан басталып, айналып келеді де сол қол қапталдағы бұлақ сулары жиналған 1,5 метрлік көлшікпен аяқталады. Бас, жүрек, бүйрек, асқазан, өкпе, бауыр, тамақ, мұрын, көз, аяқ, қол, бел суларымен қатар несібе суы да бар. Бұлақ суының ең мол шығып, қайнап, атқылап шығып жатқаны «несібе суы», қалған көз сулары бір деңгейлес. Бұлақ суынан жиналған су Майбұлақ өзеніне құяды. Ертеде қариялар топалаң, қотыр ауруларына ұшыраған малдарын сол әулие бұлақтың маңына түнететін болыпты. Бір-екі күн түнеген малдар ауруынан айығып отырған екен.

image.png

 «Бұл өңірде мұндай жылы бұлақ тым сирек кездесетіндіктен, бұл да бір әулиенің кереметі шығар. Егер әйел заты оң  иығынан су құйып, жуынса, шын тілек тілесе нәрестелі болады. Осы бұлақ көзінен шипа көрген адамдар көп. Еліміздің түкпір-түкпірінен облыстың барлық аудандарынан келушілер көп. Осы жерге шырақшы болғанша тұмаумен жиі аурушы едім, тұмау жиі тиетін. Бүгінде осы судан ішіп бәрінен айықтым. Нұр ата суын зерттеуге Алматыдан мамандар арнай келіп, әр көзден шыққан бұлақ суын бөлек ыдыстарға құйып әкетіп, зертханада тексеруден өткізгенде, айрықша шипалық қасиеті барын анықтаған. Жергілікті халық ежелден бұлақтың тегін емес екенін біліп, емдік қасиетін пайдаланып келген. Тіпті Кеңес өкіметінің дінге қысымшылық жасаған тар заманында да бұл жерге келушілер үзілмеген», – дейді шырақшы Айнарбек Күзембаев.

Ауылдың ғана емес, өңірдің тарихын зерттеген танымдық шығармаларымен танымал ұстаз Жақсылық Сыдықбаев Нұр ата туралы да көптеген деректер жинақтаған. Ұстаз келтірген деректерге қарағанда, Нұр ата көне түркі тайпалар одағынан құрылған Қарахан мемлекетінің билік құрған кезінде өмір сүрген. Қарахандықтардың Исламды қабылдауы Х ғасырдан бастаған діннің маңызын бүкіл ділімен, болмысымен қабылдаған қалың халық арасынан шыққандар аз болмаған. Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) бастаған істі жалғастырушылардың бірі – Нұр ата. Нұр ата Аллаға құлшылықтан танбаған, жаны таза, аса діндар, пәк адам болған. Халқы үшін қызмет еткен. Кедей мен кембағалдардың мұң-мұқтажын ойлаған. Жақсылық Сыдықбаевтың ізденісі нәтижесіндегі деректерге қарағанда, жаратылысында өте қарапайым, кішіпейіл, таза жүректі жан болған. Ешкімнің ала жібін аттамаған, ақысын жемеген, ренжітпеген, қиналғандарға қол ұшын беріп отырған. Сондай-ақ әр нәрсені болжай білген, айтқаны айнымай келген. Жақсылықты да жамандақты да жұрттан бұрын сезген. Бата тілегі табан астында қабыл болған. Сондықтан оның атағы көп жерге тараған. Көзі тірісінде Нұр ата «мен әулиемін» деп айтпаған. Дүниеден озған соң көз көрген замандастары, оны білетіндер, жалпы жұрт оның бойында басқа адамдарда табыла бермейтін ерекше қасиеттері мен кереметтерін танып, мойындап оны әулие қатарына қосқан. Оны кейінгі ұрпақтар пір тұтып, өмірден таршылық көріп, қысылған шақтарында қабірінің басына барып, Алладан медет, әулиеден көмек тілеп отырған. «Нұр ата әулие баба» деп атап кеткен. Оның мекендеген жері, ішкен суы, бұлағы Нұр ата атымен аталған. Орта Азияда Нұр ата есімі мен аталатын төрт жерде қасиетті орын бар.  Соның бірі – осы Төлеби ауданыңда.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін сайрамдық Атажан ақсақал Майбұлақ ауылында тұрған кезінде пақсадан сағана тұрғызып төбесін жауып, ішін ретке келтірген екен. 1984 жылы Майбұлақ ауылының тумалары Орақбай Төлеметов, Бүбітай Сыдықбайқызы және Зиябек Жасұзақов жеке қаражаттарына және өз күштерімен сағананы қайта жөндеп, төбесін ақ түнікемен жауып, төңірегін темір шарбақпен қоршайды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін әулиеге зиярат етушілер қатары көбейе түседі. Осыны ескеріп, жергілікті халық қаражат жинап, 1997 жылы әулиенің жанынан мешіт үйін, асхана салғызады. Ал 2003-2005 жылдары өз ауылына қамқорлық жасау мақсатында осы елдің азаматтары, меценат Қуаныш Төлеметов пен Ақжол Асқаров Нұр ата кесенесін халқымыздың ежелгі сәулет үлгісі бойынша қайта жөндеуден өткізген. Айналасына жол салып, орындық орнатқан. Осылайша жұрт жиі келетін орынға айналған.

    A+
Уақыты: 2023-05-02  Айдарша: Өңір
TAG: