Егер әлеуметтік желідегі досыңыз сізден ақша сұраса... Онда сақ болыңыз. Жуырда Шымкент қаласы Абай ауданының полициясына интернет-алаяқтық туралы арыз түсті. Жергілікті тұрғынның айтуынша, әлеуметтік желіде досы одан ақша сұрап хат жазып, қиын жағдайға тап болғанын және бірнеше күннен кейін барлық соманы қайтаратынын жеткізген.
Ер адам ол көрсеткен шотқа ақша аударымын жасап, біраз уақыттан кейін досымен кездескенде онымен мүлдем хат алмаспағанын білген.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің хабаралуынша, аталған арыз бойынша қылмыстық істі тіркеген полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті. Нәтижесінде криминалды полиция қызметкерлері қылмысқа қатысы бар 22 жастағы Түркістан облысының тұрғынын ұстады.
Бойжеткен тағы бір азаматтының сеніміне кіріп, дәл осындай жолмен ақша алғаны белгілі болды. Қаскүнем әлеуметтік желіегі құрбандарының парақшасын мұқият зерттеп, достарының атынан аккаунт ашқан.
Қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін, ол басқа адамдардың профилінен жүктеп алынған фотосуреттерді пайдаланып, жәбірленушілердің санасында ешқандай күмән қалдырмаған.
Осылайша, Абай АПБ-ның тергеушілері іс материалдарын барлық жинақталған айғақтармен бірге сотқа жіберді. Жас қыз «ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен жасалған алаяқтық» бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 1,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ, жақында мегаполистегі Тұран ауданының тұрғыны полицияның 102 арнасы арқылы бейтаныс біреудің кішкентай қызының алтын сырғасын алдап алып кеткені туралы хабарлады. Аулада ойнап жүрген 7 жасар қыздың жанына белгісіз біреу келіп, өзін анасының құрбысымын деп таныстырып, балмұздақ алып беремін деп, құлағындағы қымбат сырғасын шешіп алып, белгісіз бағытқа ізін суытқан.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тергеушілер болған жайтты көрген-білген барлық куәгерлерден жауап алып, оқиға орнына жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерді. Қабылданған шаралардың арқасында тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, оны екі тәулік ішінде қала аумағында құрықтады.
Тұран АПБ-ның тергеушісі Нұрдәулет Аязхановтың айтуынша, 23 жастағы бойжеткеннің осыған ұқсас басқа да қылмыстық істерге қатысы бар. Бұған дейін ол тағы бір кішкентай қала тұрғынының алтын сырғаларын иемденіп, қарт әйелдің ұялы телефонындағы онлайн-банкинг арқылы өзіне ақша аударып алған.
– Ұсталған азамат полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша жинақталған іс-құжаттар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданады-, дейді полиция аға лейтенанты.