Азық-түлік қорының жеткілікті, бағаның тұрақты болуы бүгінде Президент тарапынан берілген тапсырмалардың ең негізгісі саналады. Өйткені бағаның тұрақтылығы халықтың тұрмысына, әлеуметтік жағдайына әсер ететін ең басты фактор. Осы орайда Шымкентте халық тұтынатын, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қоры жеткілікті.
Дистрибьютерлік компаниялардың қоймаларынан азық-түлік өнімдері тұрақты бағада әрі жеткілікті көлемде босатылып жатыр. Шымкент қаласының әкімдігі осылай деп отыр.
Шымкент қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақты етіп ұстап отыру мақсатында 6 ірі дистрибьютерлік компаниямен алдын ала келісім жасалған. Келісімге сәйкес, бұл компаниялар қаланы әлеуметтік маңызы бар өнімдермен үздіксіз қамтамасыз етіп отырады әрі белгіленген уақытқа дейін бағаны тұрақты етіп ұстайды. Жуырда БАҚ өкілдері аталған компаниялардың қоймаларын аралап, мониторинг жүргізу арқылы азық-түлік қорының жеткілікті екеніне және бағаның бұрынғыдан өзгермегеніне көз жеткізді.
Солардың бірі – “Мейр-Трейд Distribution Company” компаниясы. Бұл компания Шымкент қаласына азық-түлік өнімдерін еліміздің өзге өңірлерінен және шет елдерден алдырады. Компания басшысы қоймада азық-түлік қоры жеткілікті, маңызды деген әлеуметтік азық-түліктердің бағасы тұрақты екенін айтады. «Біздің қоймамыздың аумағы 20 мың шаршы метрді құрайды. Қоймамызда ұн, қант, макарон, жарма, өсімдік майы, тұз секілді өнімдердің қоры жеткілікті. Бізден босатылатын өнімдердің бағасында ешқандай өзгеріс жоқ. Бағаны қымбаттатуға ешқандай негіз көріп отырған жоқпыз», – дейді компания директоры Сергей Югай. Бұл компанияның қоймасында 1500 тонна ұн мен 1 000 тонна қант бар.
Мұнан кейін журналистер «Тұрар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диірменінде болып, ұн өндіру барысымен танысты. «Біз бидайды мемлекет бекіткен бағамен, яғни 95 теңгеден алып, әлеуметтік ұнның келісін 145 теңгеден сатып жатырмыз. Шымкент қаласы бойынша 30 нүктеге күнделікті ұн жеткізіп береміз», – деді аталған компанияның өкілі Мұхаммеджан Халидов. Айта кетейік, қазір «Тұрар» компаниясының қорында 2 мың тонна әлеуметтік ұн бар. Бұдан бөлек БАҚ өкілдері жеке кәсіпкер Колесниковтың қоймасында болды, Мұнда 2300 тонна қант қоры бар екен. Бүгінгі таңда, жеңілдетілген бағамен сатылатын ұнның – 3 000 тонна, ал қанттың 2500 тонналық қоры бар. Одан бөлек, дистрибьютерлер мен тауар өндірушілерде 15 000 тонна ұн, 8 000 тонна қант қоры бар. Қаладағы ұн және қант бағасы қала әкімдігінің тұрақты бақылауында.
Сондай-ақ, Шымкент қаласы әкімдігінің «Су құбыры және канализация басқармасының ұймдастыруымен Президенттің тапсырмасына сәйкес «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясатын іске асыру шеңберінде баспасөз-тур өтті. Шымкент қаласының су құбыры және кәріз жүйелерін жөндеу мен қайта құру жөніндегі инвестициялық бағдарламардың орындалу мақсатын хабардар ету үшін жоспарланған пресс-турға үшінші мегаполистің Ақпараттық коммуникациялық орталығы, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қоғам белсенділері, жауапты мекемелердің басшылары қатысты. Пресс-тур барысында сала мамандары инвестициялық бағдарлама іс-шараларының 2023 жылы орындалуы барысмен таныстырды. Бүгінде Шымкент қаласы халық санының өсуіне және қаланың шағын аудандарының кеңеюіне, жаңа тұрғын алаптардың бой көтеріп, орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылуына байланысты және тұтынушылар санының артуы мен су өткізу жүйелерінің тозуы мен ауыз сумен қамтамасыз етудегі су өткізу қабілетін арттыру үшін желілерді ауыстыру қарастырылған. Атап айтқанда, Шымкент қаласы, Азат мөлтек ауданы, Алатау көшесінде диаметрі 110 мм ұзындығы 1315 п/м су құбырын ауыстыру жұмыстары мен Жаңаталап елді мекенінде жүргізілген диаметрі 200 мм-лік су құбыры арқылы тұтынушыларға суды насос арқылы жіберу тоқтатылып, диаметрі 160 мм-лік су құбырына қосу жұмыстары жүргізілген. Ал Нұртас мөлтек ауданы су жүйесіне су қысымын реттегіш орнату жұмыстары мен Нұртас су қабылдау ғимаратында диаметрі 273 мм су құбырын диаметрі 200 мм су құбырына қайта қосу жұмыстары орындалған. Сонымен қатар, сала мамандары «ЮЖНЫЙ» су құбырының қысымын арттыру үшін сумен жабдықтау жүйелері мен сорғы жабдықтарын жаңғырту; Достық-2 шағын ауданы Алматы тас жолының учаскесіндегі д-160 мм қолданыстағы су құбырына сорғы станциясын орнату; Самал-3 шағын ауданы Қазақ Ордасы-Алтынжол көше қиылысында қолданыстағы су жүйесіне сорғы станциясын орнату; Қайтпас-2 мөлтек ауданы, Қырғызбай көшесінде сорғы станциясының желілерін өздігінен ағатын орталықтандырылған коллекторға қосып, сорғы станциясы өшіру жұмыстарымен де таныстырып өтті.
Бүгінде аталған инвестициялық бағдарламаны іске асыру нәтижесінде су жүйелеріндегі нормативті ысыраптар шығыны 9,08%-дан 8,9%-ға дейін төмендеген. Бұл өз кезегінде су жүйелеріндегі аппаттар саны 2022 жылмен салыстырғанда пайыздық көрсеткішпен 20% төмендетіп отыр. Сондай-ақ, су тасымалдау қызметі бойынша тозу деңгейі 4,6%-дан 4,3% төмендесе, сарқынды суды бұру қызметі бойынша тозу деңгейі 4,8%-дан 4,6% төмендеуіне қол жеткізілді.