Онлайн несиенің әлегі

Қысқаша

Онлайн несиенің әлегі

Бүгінде мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алу, онлайн рәсімдеу таңсық дүние емес. Бұл азаматтарға да ыңғайлы. Үйде отырып құжатты электронды түрде ала саласыз. Мемлекеттік мекемеге барып, уақыт жоғалтпайсыз. Бірақ мұның екінші жағы да бар. 

Screenshot_2.jpg

Жуырда  Шымкенттің полициясы бұрынғы әріптестерінің атынан 8 миллион теңгеден астам несие рәсімдеген ер адамды ұстады. 

Әл-Фараби аудандық полициясы жергілікті тұрғынның арызы бойынша тәртіп сақшылары «алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғады. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, танысы ұялы телефонын уақытша сұрап алып, оның атынан 3,5 миллион теңге көлемінде онлайн-несие рәсімдеген. Ал ол мұны банктен төлем жасау жөнінде хабарлама келген кезде білген. Танысы бұған дейін жекеменшік компанияда бірге жұмыс істеген бұрынғы әріптестер болып шықты.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде жедел уәкілдер 33 жастағы күдіктіні ұстап, полиция басқармасына жеткізді. Сотқа дейінгі тергеу барысында ұсталған адамның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар екені анықталды. Ол жоғарыдағыдай жолдармен бұрынғы үш әріптесін де сан соқтырып кеткен.  

Әріптестерінің смартфондары арқылы алаяқ жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам несие алған. Тергеушілер алаяқтың әрекетінен зардап шеккендердің саны бұдан да көп болу мүмкін дейді. 

Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

 Мұның алдында Шымкентте тағы бір алаяқ онлайн-сатылымға қойылған техникаларды иелерінен тегін алып, оларды кепілге қойып жіберген. Жергілікті тұрғындар  «OLX» сайтында өздерінің пайдаланылған ноутбуктері мен  компьютерлерін сату туралы хабарландырулар жариялаған. Оларға 24 жастағы ер азамат хабарласып, тауарларды сатып алғысы келетінін білдірген. Хабарласушы тауарды алып,  иесімен  келесі күні есеп айырысуға уәде берген. Жеке құжаттарын тапсырған соң оған сатушылар сенім білдірген.  Алайда ақша уәде етілген уақытта түспеген. Осыдан кейін тұрғындар полицияға арызданған. Бес жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 2 миллион теңгеден асты.

Шымкент қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары  Қылмыстық кодекстің 190-бабы (бірнеше рет жасалған алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ұсталып,  уақытша ұстау изоляторына қамалды. Белгілі болғандай, ол компьютерлік техникаларды ломбардқа өткізіп, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жіберген. Қазіргі таңда оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.

Тәртіп сақшылары алаяқтардың жеке пайдакүнемдік мақсатта түрлі схемалар ойлап табатынын еске салады. Қаскүнемдер көбінесе сенгіш азаматтардың ақшасы мен құнды мүлкін иемдену үшін OLX сияқты интернет-платформаларды  пайдаланады. Сонымен қатар, алаяқтар басқа біреудің атына несие рәсімдеу үшін әлеуметтік желі қолданушыларының жеке деректерін «ұрлауға» тырысады. Осыған байланысты полицейлер түрлі интернет-ресурстарды пайдаланушыларға өте қырағы және жеке деректеріне мұқият болуға, сондай-ақ цифрлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес береді.