«Грант әперемін» деген клиент алаяқ болып шықты

Қысқаша

«Грант әперемін» деген клиент алаяқ болып шықты

Шымкенттің тағы бір тұрғыны «мемлекеттік грант аламын» деп алаяққа алданды. 

Тұран аудандық полициясына қала базарларының бірінде орналасқан дүкен иесі алаяқтықтың құрбаны болғанын айтып, арызданды.  Жәбірленушінің сөзінше, оған клиент кейпінде келген жас қыз кәсіпті дамыту туралы әңгіме бастаған. 

Screenshot_3.jpg

Әйелді әбден қызықтырған ол бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін 5 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік грантты оңай алып бере алатынына сендірген. Өзінің «қызметін» 200 мың теңгеге бағалаған. Сенгіш азаматшадан ақшаны алған клиент байланыс үшін телефон нөмірін қалдырып кеткен. Біраз уақыт өткен соң сатушы әйел алаяққа алданғанын түсінген.

Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалып, полиция күдіктіні іздеуге кірісті. Атқарылған шаралардың нәтижесінде жас қыз 24 сағат ішінде қала аумағында ұсталды.

– Ұсталған азаматшаның осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін бұрын сотталғаны белгілі болды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ, оның басқа да алаяқтық жайттарына қатысы бар-жоғы тексерілуде », - деді тергеуші Азамат Қайсаров. 

Мегаполисте алаяқтыққа қатысты тағы бір  шағым Тұран ауданының полиция басқармасына келіп түсті. Арызданушының айтуынша, ол ойын приставкасын жас жігітке жалға берген.  Бейне ойындарға арналған техниканы пайдаланушы бір тәулікке 10 мың теңге төлеген. Жалдау уақыты аяқталған соң келесі күні ол телефон қоңырауларына жауап бермей, кейінірек байланыс нөмірін мүлдем өшіріп тастаған.  Приставка иесі 500 000 теңге көлемінде шығынға ұшырады.

Полицейлер "алаяқтық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қаскүнемнің жеке басын анықтау үшін бірқатар жедел іс-шаралар жүргізді. 

Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктіні ұстады. Ол бірнеше жыл бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған Астана тұрғыны болып шықты. Жігіт ойын құралын ломбардқа өткізіп, ақшаны жеке қажетіне жұмсаған.  Қазіргі таңда құрылғы тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.

Сондай-ақ, жуырда Тұран аудандық полициясы азаматтарды жүргізуші куәлігін әперемін деп, алдап кеткен күдіктіні ұстады. Өз «қызметі» үшін қаскүнем ер адамнан 350 мың теңге алып, біраз уақыттан кейін қоңырауларға жауап беруді тоқтатқан.

Хабарламаны алған тәртіп сақшылары дереу құқық бұзушыны ұстау шараларына кірісті. 24 сағаттың ішінде оның кім екені анықталып, полиция басқармасына жеткізілді.

Сарыағаш қаласының 29 жастағы тұрғыны  Қылмыстық кодексінің 190-бабында көзделген қылмысты жасады деген күдікке ілінді. 

Сотқа дейін оған ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы бұлтартпау шарасы қолданылды.

Өз кезегінде, полицейлер азаматтарға алаяқтықтың мұндай жайттарын болдырмау үшін бейтаныс адамдарға сенбеуге және заң аясында тиісті мемлекеттік мекемелерде ғана қызмет алуға кеңес береді.