Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда:
«Тазалық пен ұқыптылық күнделікті өмір салтымызға айналуы қажет. Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Жұрттың бәрі өз үйінің жайлы әрі әдемі болғанын қалайды. Бұл – дұрыс. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға да дәл сондай жанашыр көзбен қарауға тиіс. Қазақстан – бәрімізге ортақ, оның қандай болатыны тек бізге байланысты. Яғни, біз іші де, сырты да бүтін ел болуымыз керек,-деген болатын.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың бастамасымен қолға алынған «Таза қала өзіңнен басталады» атты акция аясында Фосфоршылар сарайының аумағы тазаланды. Тазалық іс-шарасына қала әкімі де қатысты. Сонымен бірге шараға мемлекеттік қыметшілер, кәсіпкерлер, еріктілер, мәслихат депутаттары, ардагерлер мен тұрғындар қатысып, қараусыз қалған сарай мен оның аумағын қоқыстан тазартты.
— Фосфоршылар сарайының төңірегі жабайы тоғайға айналғаны туралы көптен бері мәселе көтеріп, аудан мен қала әкімдеріне жеткізіп келдім. Осынша уақыттан кейінгі жан-айқайымызға Ғ.Сыздықбеков құлақ түріп, міне бүгін өзі бастап сенбілік ұйымдастырып отыр. Бір кездері мәдениеттің ошағы болып, бүгінде қараусыз жағдайға жеткен сарайдың айналасы тазарғанына қуанып отырмын, — деді шаһардың белсенді ардагері Өркен Әбдіреев.
Айта кетері, Фосфоршылар сарайының бүгінгі ахуалы туралы «Рейтинг» газетінде бұған дейін бірнеше материал жарияланды. Бір кездері қаладағы ең үлкен мәдениет нысандарының бірі болған нысан тоқсаныншы жылдары сыра кәсіпорнының меншігіне өтіп кеткен. Қазіргі уақытта нысанды Шымкент қалалық әкімдігінің балансына беру жұмыстары жүруде. Ғимарат ұзақ жылдар бойы қараусыз қалып, әбден тозған. Өркен Әбдіреев мәдениет сарайының мәселесін көптен бері көтеріп келеді.
Жуырда Шымкенттегі Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездесуде Өркен Әбдіреев қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің назарын «Фосфоршылар» сарайының бүгінгі ахуалына аударған болатын. Тыл және еңбек ардагерінің ұсынысын ескерген қала басшысы нысанға арнайы барып, жағдайымен танысты.
Аталған нысан – әзірге жеке серіктестіктің мүлкі. Ал серіктестіктің үлесі Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің атына республикалық меншікке тіркелген.
Осыған дейін қала әкімдігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментімен серіктестіктің жарғылық капиталынан «Фосфоршылар» сарайын мүлік ретінде бөліп шығарып, коммуналдық меншікке беру туралы ұсынысын жолдаған.
Қазіргі таңда аталған мәселе бойынша құзырлы органдар тиісті жұмыстар жүргізуде.
Қала басшысы жауаптыларға осы бағыттағы кешенді шараларды заң шеңберінде жүргізіп, ғимаратты елдің игілігіне пайдалану бойынша нақты тапсырмалар берді.