Ғабит Сыздықбеков: «Мәдениет – халықтың рухани келбеті»

Қысқаша

Ғабит Сыздықбеков: «Мәдениет – халықтың рухани келбеті»

Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбековтің «Көрме» орталығында кезекті бірыңғай қабылдау күні өтті. Әкімнің тікелей қабылдауына 200-ге жуық азамат өтініш білдірді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.  

Қала басшысы халықпен ашық байланыс орнату мақсатында барлық тұрғынның мәселесін тыңдап, егжей-тегжейлі жауап берді. Қабылдау барысында әкім мәселенің бәрі заң шеңберінде шешілетінін айтып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Оған қоса, кезек күттірмейтін мәселелер басты назарында болатынын жеткізді. Сондай-ақ қабылдауда әкім орынбасарлары, департамент басшылары, аудан әкімдері және басқарма басшылары 400-дей тұрғынның арыз-шағымын тыңдап, тиімді шешу жолдарын түсіндірді.

Өткен аптада Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәдениет саласы өкілдерімен кездескен болатын. Кездесуге келгендердің арасында осы саланың үздіктері мен ардагерлері, ақын-жазушылар, суретшілер, қолөнер шеберлері, кітапхана, театр, музей, мәдениет орталықтарының басшылары бар. Жиында саладағы маңызды мәселелер көтеріліп, мегаполистің мәдени өмірін жақсартуға бағытталған ұсыныс-пікірлер талқыланды. Зиялы қауым және мәдениет өкілдері қала әкіміне көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, саланы дамытуда маңызды бастамаларын жеткізді. «Қай кезде де мәдениет – халықтың рухани келбеті, ұлт айнасы. Ұлт руханиятының бір бөлшегі саналатын мәдениет саласының жұмысын жандандыру, туындаған мәселелердің дер кезінде шешімін табу – ортақ міндет. Осы орайда, өздеріңізбен арнайы кездесуді жөн санадым. Алдағы уақытта қала мәдениеті мен өркениетін дамыту бағытындағы жұмыстарды бірге жалғастырамыз», – деді қала әкімі. Мәдениет саласының өкілдері жатақхана, ғимарат, қала мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге озық ойлы жас мамандарды жұмылдыру сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Сондай-ақ қалада «Наурыз айтысын» қайта жандандыру бастамасы айтылды. Қала басшысы жиында көтерілген барлық мәселенің оңтайлы шешілетінін жеткізіп, мегаполис мәдениетін көтеруге атсалысуға шақырды. 

Ал қала әкімінің өңірдегі кәсіпкерлермен кездесуінде үшінші мегаполистегі кәсіпкерліктің дамуы, инвестициялық ахуал және бірқатар мәселелер талқыланды. «Кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық экономиканы дамытудың кепілі. Осыны ұстанған мемлекетіміз бүгінде шағын және орта бизнестің дамуына барлық жағдай жасап отыр. Яғни, біз өз тарапымыздан қала экономикасын дамыту үшін маңызды, бәсекеге қабілетті жобаларды қолдауға бар ықпалымызды саламыз. Ал кәсіпкерлер бұл бағытта өз міндеттерін әлеуметтік жауапкершілікті сезіне отырып атқаруы қажет. Алайда әлеуметтік жобаларды іске асыру барысында кәсіпкерлер арасындағы сот дауларының салдарынан бірқатар әлеуметтік жобамыз, атап айтқанда, инженерлік инфрақұрылымдар, ауруханалар, мәдениет нысандары, әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысы мерзімінде іске асырылмауда. Осындай күрделі даулардың әсерінен қарапайым халық зардап шегіп отыр», – деді қала әкімі. Сондай-ақ қала басшысы: «Халықпен тікелей байланыс орнату барысында 9 әлеуметтік көп қабатты тұрғын үйдің пайдалануға тапсыру мерзімі кешігіп отырғанын және тұрғындар тарапынан ел игілігіне берілген баспананың құрылыс сапасына шағымы көп екенін аңғардым. Яғни, қордаланған мәселе өте көп. Бұл мәселелерді шешу және кәсіпкер ісінің алға басуына кедергі келтіретін жайттарды жою барысын осындай жиында ашық айтып, талқылау үшін мұндай кездесулерді дәстүрге айналдыруымыз қажет», – деді.

Бүгінде қалада шағын және орта кәсіпкерлік субъекті саны 130 мыңнан асып, жұмыспен қамту көрсеткіші 214 мың адамға жеткен. Ал өндірілген өнім көлемі 517,8 млрд теңгені құрап, жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 50 пайыздан асқан. Кездесу барысында қала әкімі кәсіпкерлерді қала экономикасын әртараптандыру, импортқа тәуелділікті барынша азайту, отандық өндірісті жолға қою, қоғамдық әл-ауқатты арттыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды. Жиынға қалалық прокуратура және салалық басқармалардың, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының басшылары мен бизнес өкілдері қатысты.