Шымкентте ер азамат інісін ақыл айтқаны үшін өлтірген. Полиция бұл қылмысты қызметтік иттің көмегімен ашты.Еңбекші аудандық Полиция басқармасының 102 арнасына кісі өлімі туралы хабарлама келіп түсті. Шақырту бойынша жедел-тергеу тобымен бірге Шымкент қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасарлары Серік Ергешов пен Арман Бейсенбаев және аудан прокурорлары да шықты.
Мекенжайға жеткен полиция қызметкерлері үйдің ауласынан зорлық белгілері бар ер адамның өлі денесін тапты. Анықталғандай, жергілікті тұрғын отбасылық жанжал кезінде інісінің кеуде тұсынан ас үй пышағымен ұрып,белгісіз бағытқа қашып кеткен.
Полиция департаментінің бас жедел уәкілі Арман Бейсенбаевтың нұсқауымен криминалдық полицияның жедел уәкілі Құттыбек Оңалбеков пен кинолог Мейіржан Қасымбеков қызметтік итті ертіп, үй маңында орналасқан темір жол жақты іздеуге шықты.
Полиция иті Грей бірден із алып, тәртіп сақшыларын киімін ауыстырып үлгерген күдіктіге апарды. Қызметкерлер ер адамды қамауға алды.
Ағайындылар арасындағы жанжал марқұмның бауырына есірткіні қолдануды тоқтату керек деген ақылынан басталғаны белгілі болды.
Қазіргі таңда, аталған жайтқа қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін іс бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Сондай-ақ, 25 тамыз күні кешкі уақытта Тұран аудандық Полиция басқармасының 102 арнасына Тельман шағын ауданында жергілікті тұрғынның мәйіті табылғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы барды. 40 жастағы ер адамның мәйітін қарау кезінде әртүрлі дене жарақаттары анықталды.
Аталған жайтты полицейлер Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі (абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша тіркеді. Күдікті ұсталды. Ол марқұмның 47 жастағы танысы болып шықты.
Белгілі болғандай, ер адамдар арасында төбелес кезінде күдікті қарсыласын есінен тандырып, оқиға орнынан кетіп қалған.
Қазіргі уақытта ұсталған адам қамауда. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Сонымен бірге жуырда үшінші мегаполисте мал ұрлығының бірнеше дерегіне қатысы бар ер адам заң алдында тиісті жазасын алды. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 28 жастағы жігітке қатысты үкім шығарды.
Ол қаланың шет елді-мекендерінде мал ұрлығымен айналысты деп айыпталды. Бұл туралы Абай АПБ-на 4 жергілікті тұрғын арызбен жүгінген. Олар үй жанында жайылып жүрген төрт түліктерін белгісіз біреудің қолды еткенін мәлімдеген
Тәртіп сақшылары аталған жайтты Қылмыстық кодекстің 188-1- бабы 3-бөлігі (бірнеше рет жасалған мал ұрлығы) бойынша тіркеді. Оқиға орын алған маңды тексеріп, куәгер болуы мүмкін азаматтармен сөйлесті.
Нәтижесінде, аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады. Тергеу барысында, жұмыссыз жігіт қаржылай мәселелерін шешу үшін осындай қадамға барғанын мойындады. Ол өзіне тиесілі «Mitsubishi Galant» маркалы автокөлігімен қараусыз жүрген малдарды ұрлап, сатып жіберген.
Полицейлер жинақталған іс-құжаттарды сотқа жолдады. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Ұрланған үй жануарлары заңды иелеріне қолхатпен қайтарылды. Сот 28 жастағы азаматқа қатысты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсанынан бастап мал ұрлығы ауыр санаттағы қылмыстардың қатарына жатады.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары тұрғындарға төрт түлік малын қараусыз қалдырмауды ескертеді. Күнкөріс көзіне айналған жануарлар бірде қылмыстың құрбаны болса, енді бірде жол апаты жағдайларының себепкері болып жатады. Сондықтан полицейлер әртүрлі келеңсіз жайттарға жол бермеу үшін, қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырады.