Шымкентте құқық қорғау қызметкерлері қарасора өсіретін фитолабораторияны жойды. Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаметінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қарасора» есірткіге қарсы іс-шарасы барысында жедел ақпаратты пысықтау нәтижесінде Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы қалалық ҰҚКД-нің қызметкерлерімен бірлесіп құрамында есірткі бар өсімдікті өсіретін фитолабораторияны анықтады.
Еңбекші ауданындағы тұрғынның қосалқы үйінен құмыраларға отырғызылған 19 түп қарасора табылып, тәркіленді. 38 жастағы ер адам гидропоника әдісімен тыйым салынған өсімдіктерді баптап өсіруге жағдай жасап, бөлмені желдету жүйесімен және қолдан жасалған шамдармен жабдықтаған.
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары сарайдың төбесінен де заңсыз егіп-өсіру дерегін анықтады. Мұнда есірткі өсіруші 17 пластик шелекке ірі қарасора өсірген. Тәркіленген өсімдіктердің жалпы салмағы шамамен 14 келіні құрады.
Аталған жайтқа қатысты , тергеушілер Қылмыстық кодекстің 300-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Айта кетейік, есірткі заттары бар өсімдіктерді ірі көлемде егіп, өсіргені үшін күдікті үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сондай-ақ, жуырда Шымкентте аса ірі мөлшерде есірткімен ұсталған жас жігіт 10 жылға қамалды. Тұран АПБ-ның учаскелік инспекторлары әкімшілік аумақта қызмет атқару барысында адам аз жүретін көшелердің бірінде құбыр астынан әлде бір затты іздеп, тапқан олжасын бірден қалтасына жасырған күдікті жігітті байқаған. Олар мән-жайды нақтылау үшін 102 арнасына хабарласып, оқиға орнына жедел-тергеу тобын шақыртқан.
Тәртіп сақшылары ер адамнан ұнтақ тәріздес заттар салынған 10 дана орама, жиналмалы пышақ және 1 дана трамадол дәрісінің пластинкасын тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған ұнтақ «а-PVP» психотроптық заты екені расталды.
Аталған жайтқа қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді.
Нәтижесінде, 23 жастағы жергілікті тұрғынның телеграм арнасы арқылы жұмысқа орналасып, бейтаныс адамдардың нұсқауы бойынша есірткі қойып кетумен айналысқаны белгілі болды. Қызметі үшін ақыны электронды түрде алып отырған.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін ішінара мойындады. Алайда жинақталған айғақтардың жеткілікті болуына байланысты сот оны кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Өз кезегінде, тәртіп сақшылары жастарды есірткіден аулақ болуға шақырады. Сондай-ақ, есірткімен байланысты кез-келген заңсыз іс-әрекет қылмыстық жауапкершілікке алып келетінін қатаң ескертеді.
Үшінші мегаполис - тіршіліктің қыз-қыз қайнаған мекені . Миллионнан астам тұрғыны, сауда нүктелері мен ойын-сауық орталықтары көп шоғырланған алып қала. Тәртіп сақшылары шаһардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түрлі бағытта профилактикалық іс-шаралар жүргізіп отырады. Соның ішінде, есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстары бір сәтке де кейінге шегерілген емес. Жуырда тәртіәп сақшылары мегаполистегі 120-дан астам сауда орындары мен дүңгіршектерге ескерту жасады
Бұл жолы полицейлер, «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында 30-дан астам сауда нүктелерін аралап, кәсіп иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осылайша қызметкерлер жыл басынан бері 120-дан астам сатушыны ақпараттандырды.
Яғни, азаматтарға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 423 - бабында көрсетілген, есірткі, психотроптық заттарды және сол тектестерді насихаттау немесе заңсыз жарнамалау қағидасын бұзбау туралы ескертті. Өйткені, есірткі заттары бейнеленген кез-келген тауар адамға бейнесаналық түрде әсер ету қаупін туғызады. Ал, аталған заң бұзушылыққа жол берудің соңы үш жүзден 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.