«Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт». Биыл білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз кеңесі осындай тақырыпта өтті. Дәстүрлі дегенімізбен, ұстаздардың биылғы кеңесі ерекше форматта ұйымдастырылды.
24-25 тамыз күндері жоспарланған ауқымды жиын Шымкентте Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында басталды.
Секция отырысы Оқу ағарту министрлігінің вице-министрі Айбат Болатұлы Ілясовтың басшылығымен өтті.
Шымкент қаласы білім беру басқармасының хабарлауынша, іс-шараға Президент әкімшілігінің өкілдері, Үкімет мүшелері, Парламент және мәслихат депутаттары, Ұлттық құрылтай мүшелері, Үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ және ата-аналар қоғамдастықтары өкілдері, білім саласының ардагерлері, салалық кәсіподақ мүшелері, педагогтер, білім мекемелерінің басшылары, балалардың құқығын қорғау ұйымдарының аймақтық өкілдері, аудан, қала әкімдері, мемлекеттік органдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар жалпы 300-ге жуық қонақтар шақырылды.
Ассамблея ғимаратының бірінші қабатында Шымкент қаласының білім саласының іс тәжірибесі, екінші қабатында 30 дан астам цифрлық платформалардың қатысуымен «цифрлық» атмосфера орнады. Көрмеге цифрлық технологиялар бойынша тәрбиеленушілер, яғни шығармашылық үйірме қатысушыларының жұмыстары қойылып, қонақтарға таныстырылды. Жалпы алғанда әртүрлі цифрлық білім беру платформалары ұсынылды. Айта кетері, Шымкент қаласы мектептерді цифрландыру және мұғалімдердің цифрлық әлеуетін арттыру үдерісі бойынша өңірлер арасында үздік үштікке енеді.
Іс-шара Шымкенттік жас бишілер, әншілер мен музыканттар дайындаған концерттік бағдарламадан бастау алды. «Менің бірінші мұғалімім» вальсі лирикаға толы әуенмен сүйемелденіп, әрбір мұғалімді елжіретті. Атап айтқанда, білім беруді цифрландыру, ақпараттық - коммуникативтік технологиялар, электрондық оқулықтар, көпмәдениетті ортаны қалыптастыру, дәстүрлер мен инновацияларды синтездеу жайында сөз қозғады.
Ал, «Талдау» орталығының басшысы Мағжан Аманғазы өз сөзін ұлттық білім беру деректер базасына (ҰБДБ) жаңа оқу жылында енген өзгерістерге арнады. Оның айтуынша, білім беру саласының статистикалық деректерін жинау және өңдеуді автоматтандыру жұмыстарды оңтайландырады. Бұл орталық бірқатар мемлекеттік қызметтерді көрсетеді. Дәлірек айтқанда, бюджеттік қаржы рәсімдері, мектепке дейінгі мекемелерге кезекке қою және жолдама беру, туғаннан бастап жоғары оқу орнынан кейінгі және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге дейінгі баланың паспортын жасау, «жалпы білім беру» және басқа да салалық жобалар, қатаң есептіліктегі мұрағаттық құжаттарды орталықтандырылған сақтау, педагогтерді жұмысқа қабылдау, үздіктерді марапаттау, мектептердегі қауіпсіздік бағдарламасы жүзеге асырылады және балабақшалар, отбасының сандық картасы және тағы да басқа цифрлық қызметтер бүкіл ағзаның қанайналым жүйесі секілді жұмыс істейді. А.Ілиясов бұл маңызды бағыт екенін атап өтті.
Тамыз кеңесінің «Білім саласындағы цифрлық технология» тақырыбындағы іс-шара екінші күні де жалғасты. Жаңа оқу жылы қарасаңындағы дәстүрлі жиынға қала әкімі М.Әйтенов қатысты.
Секциялық отырыста саланың дамуына ықпал ететін республика көлеміндегі 30-дан астам үздік авторлық жобалардың шеруі мен баяндамалар талқыланды. Жиынға республикамыздың барлық өңірлерінен келген қонақтар, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары, ата-аналар қоғамдастықтарының өкілдері, мемлекеттік органдар мен жоғарғы оқу орындарының ректорлары мен ғалымдары және мегаполистің үздік педагогтары қатысты.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен оқу жылының қорытындысын саралап, жаңа оқу жылына қойылатын міндеттерді айқындап берді. Осы ретте білім беру саласын цифрландыру бағытында Президент тапсырған міндеттемелер аясында атқарылып жатқан жұмыстар барысын Оқу-ағарту вице-министрі А. Ілиясов баяндады. Сондай-ақ келелі басқосуда цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қ. Төлеушин мектептердегі интернеттің жылдамдығын арттыру, компьютерлік техникамен қамтамасыз ету, адами капиталды дамыту бағытына тоқталды.
Жалпы бүгінде елімізде цифрландыру процесі қарқынды жүріп жатыр, бұл қазіргі кезде жаһандық трендке айналды. Бүгінде білім алушылардың цифрлық ақпараттық технологияларды білім беру платформаларынан, планшеттерден меңгеруі заман талабы болып отыр. Жалпы, цифрландыру жүйесінің басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, ашықтықты, жариялылықты қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінде автоматтандырылған жүйелер мегаполисте білім сапасын арттырып, саланы жаңа деңгейге көтеруде септігін тигізуде.
Жиында саладағы жетістіктер мен жаңашылдықтар ғана емес, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі өзекті мәселелер, шешімін таппаған проблемалар талқыланды. Еліміздің әр өңірінен келген білікті мамандар білім беруді цифрландыру бағытындағы үздік тәжірибелерімен, еңбектерімен бөлісіп, түрлі бағыттардағы түйіткілді мәселелерді оңтайлы шешу тетіктерін қарастырды. Онымен қоса жаңа оқу жылына дайындық барысы пысықталып, озық бағдарламаларды жүйелі жүзеге асыру жолдары ортаға салынды.
Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов сала өкілдерін жаңа оқу жылымен құттықтап, бүгінгі оқу үдерісін жақсартудағы игі бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізіп, мегаполистің білім саласын заманауи талапқа сай арттыруда бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Қала әкімі аталған іс-шараның секциялық отырысында білім саласын цифрландыру бойынша 30-дан астам үздік авторлық жобалардың шеруі өтіп, осы тақырыптағы маңызды мәселелер қозғалған баяндамалар жасалғанын, бұл технологиялардың білім сапасына оң әсер ететініне сенім білдірді.
М.Әйтенов, әсіресе, білім саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың үлкен маңызға ие екеніне тоқталып өтті.
–Осыдан 3 жыл бұрын Шымкент қаласында білім саласына қатысты арыз-шағымдар өте көп түсетін еді. Осыған байланысты біз білім саласындағы сыбайластық қаупін азайту, педагог кадрларды іріктеудің ашық әрі әділетті жүйесін қалыптастыру және білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылдау процесін автоматтандыру мақсатында Hr-process деген арнайы жобаны жүзеге асырдық. Осының нәтижесінде бүгінде білім саласында тәртіп орнап, арыз-шағымдар мен наразылықтар азайды. Шымкент қаласының осынау үздік тәжірибесі бүгінде бүкіл республикаға таратылып жатыр, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Оқу-ағарту министрінің орынбасары Айбат Ілиясов білім саласын цифрландыру үрдісі жайлы баяндамасында Шымкент қаласының бұл бағыт бойынша республикада алдыңғы қатарда екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында барлық салаларды цифрландырудың маңызына тоқталып өткен болатын. Соған сәйкес, білім саласында цифрлық мазмұнға қол жеткізу үшін оқытудың цифрлық платформалары жасалды. Бұл жұмысты құқықтық тұрғыда реттеу үшін министрдің арнайы бұйрығы жарық көрді. Соның нәтижесінде бүгінде еліміздің 7 мыңнан астам мектебінде онлайн платформалар мен цифрлы оқулықтар пайдаланылып келеді. Онлайн платформаларды және өзге де цифрлық технологияларды белсенді пайдалану бойынша Шымкент қаласы Жамбыл және Ақмола облыстарымен бірге республикада алдыңғы қатарда келеді, – деді Айбат Болатұлы.
Айта кетері, 2022-2023 жаңа оқу жылында «Оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендерінің, құралдардың және басқа да қосымша әдебиеттердің, оның ішінде электрондық жеткізгіштегілерінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бекіткен оқулықтар тізіміне сәйкес 2 сынып және қосымша сыныптарға, көркем әдебиетке қаржы қаралған.
Шымкентте білім беру мекемелерінің сұранысына сәйкес 12 баспамен келісім шарт түзілді, 21 тамызға дейін оқулықтар түгелімен білім беру мекемелеріне жеткізілді.