Жаңа терминал биыл пайдалануға беріледі

Қысқаша

Жаңа терминал биыл пайдалануға беріледі

Шымкент әуежайының жаңа терминалының құрылысы ұзаққа созылып келеді. Биыл қаңтарда үшінші мегаполисе жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Әлихан Смайылов жоспарланған бағдарламадан бөлек, бірінші кезекте қалалық әуежайдың жай-күйімен танысып, жаңа терминал құрылысын жеделдетуді тапсырғаны белгілі. 

Screenshot_5.jpg

Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, жаңа терминал биыл тапсырылады. Құрылыс жұмыстарына 120-150 адам тартылған. Жуырда қала әкімі М.Әйтенов жауаптылармен бірге құрылыс барысын пысықтады. Қазіргі таңда терминалдың шатыры толық жабылып, қасбеттік жүйелері монтаждалып, желдеткіш жүйелері орнатылуда. 

Сонымен қатар богаждық жүйенің құрылғылары мен лифтілер, эскалаторлар орнатылып, инженерлік желілер құрылуда. Жалпы жобаның орындалуы қазір 85 пайызға жетті.

Әкімдік тарапынан инвесторды қолдау мақсатында әуежай алдындағы алаңдағы автотұрақты абаттандыру, жаңа терминалға апаратын кірме жол салу және жолаушылар терминалына инженерлік желілерді салу жұмыстары жүргізілді.

Бүгінгі таңда аэропортта жолаушы өткізу қабілеті сағатына 200 адам болса, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін сағатына 2 мың адамға артады.

Жаңа терминалдың жалпы ауданы 35 мың шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, жобада озық талаптарға сәйкес 4 галерея қарастырылған. Өндірістік кестеге сәйкес жаңа терминал биыл қолданысқа беріледі. 

М.Дүйсенбекұлы туындаған өзекті мәселелер бойынша дер кезінде хабарлап, шешімін бірлесе қарастыруды тапсырды. Жұмыстарды өндірістік кестеге сай атқарып, перронның құрылысын тез арада бастау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. 

Халық санының жылдан-жылға артуы мен қалаға келетін туристердің көбеюі теміржол вокзалының жұмыс жүктемесін арттырып қана қоймай, сервистік қызметті жақсартуды талап етуде. Қаланың даму жоспарына сәйкес, Теміржол вокзалының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары қазір қарқынды жүргізілуде.  Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге қайта құру жұмыстарының барысын да қадағалады. 

Қазіргі таңда теміржол вокзалы екінші қабатының құрылыс жұмыстары 80 пайызға, бірінші қабаты 30 пайызға орындалды. Реконструкциялау жобасына сәйкес, теміржол вокзалының аумағы 2249,33 шаршы метрге ұлғаяды. Ғимараттың жолаушы өткізу қабілеті қазір тәулігіне 2 мың адамды құрайды. Қайта құрудан кейін вокзал тәулігіне 6 мың адамға дейін қамти алады. Сондай-ақ жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай екі күту залы қарастырылған. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалады. 

Құрылыс жұмыстары 5 кезең бойынша жүргізіледі. Қазір монтаждау жұмыстары жалғасып, нысанда жылу, жарық жүйелері тартылуда.  Сондай-ақ, өрт сөндіру дабылдары, интернет жүйесі және бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары атқарылуда. Ал бірінші қабатта құрылысшылар колонналарды күшейту жұмыстарын жүргізуде. Вокзал ғимараты республикалық маңызы бар қаланың ерекшелігіне сай қайта құрылып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қала әкімі вокзал құрылысын жобаға сәйкес атқарып, нысанды мерзімінде қолданысқа беруді тапсырды. Сондай-ақ жолаушыларға қолайлы болу үшін желдеткіш жүйесін тиісті талаптарға сай жүргізуді ескертті. 

Сонымен бірге  қаланың оңтүстік бағытындағы жалғыз кірме шығыс жолына жүктемені азайту мақсатында Д.Қонаев даңғылының жалғасы салынуда. Нысан 6 кезеңнен тұрады. Жалпы Д.Қонаев даңғылының жалғасын салу 2-ші кезеңінің ұзындығы 1,7 шақырымды құрайды. Көшенің ені - 42 метр, 6 жолақты.

Қазір мұнда жер жабындысын салу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ құрылыс нысанында тірек қабырғаларын орнату жұмыстары және инженерлік желілерді ауыстыру жұмыстары атқарылған. Қазіргі уақытта  құрылыс 35 пайызға аяқталған. Жыл соңына дейін Түркістан көшесінен теміржолға дейін қамтитын 2-ші кезеңіндегі жолдың бір бөлігін көлік қозғалысына ашу жоспарлануда.