Шымкентте «Уақыт сынақтары және өзгерістердегі жастардың рөлі. Елдік және халықаралық жастар саясаты» тақырыбында өңірлік форум өтті. Бұған дейін мұндай басқосу еліміздің 6 өңірінде ұйымдастырылған болатын. Әр облыста үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына қатысты тақырыптар талқыға түсті. Үшінші мегаполистегі жиын жастар мәселесіне арналды. Шымкентте жастар тақырыбының таңдап алынуы кездейсоқтық емес.
Азаматтық қоғамды дамыту мен қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі және демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды шарты болып табылады. Бүгінде бұл сектордың рөлін арттыруға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен мән беріп отыр. Президент тапсырмасы аясында қазіргі таңда Шымкентте азаматтық қоғам институттарының атқаратын қызмет аясы кеңейіп келеді. Бүгінде мегаполисте 550-ден астам үкіметтік емес ұйымдар тіркеліп, жұмыс жүргізуде. Әкімдік тарапынан ұйымдардың дамуына, олардың қалыптасуына тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді. Форумға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов арнайы қатысып, азаматтық қоғам белсенділерінің диалог алаңын ашып берді.
Дархан Қыдырәлі өзінің баяндамасында елімізде азаматтық қоғамды қалыптастырып, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ететін бірқатар заңдародың қабылданғанын атап өтті. «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы Мәжілістен өтіп, қазір Сенаттың қарауына түсті. «Онлайн петиция институты туралы» заң жобасы да Сенатқа келді. «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заң жобасына қатысты жаңа өзгертулер Мәжілісте талқыланып жатыр. Аталған заң жобасында қоғамдық бірлестіктер құрудың талаптары жеңілдетілген. Бұрын қоғамдық бірлестіктер құру үшін 10 адамның шешімі қажет болса, енді ол 3-еуге дейін қысқарған. Сонымен бірге қоғамдық кеңестер құрамына енетін азаматтық қоғам институттарының топтары нақтыланады. Дәлірегі енді қоғамдық кеңес құрамына тек үкіметтік емес ұйым мүшелері, бұқараларық ақпарат және әртүрлі партия өкілдері ғана кіретін болады. Министр бұл заңнамалық негіздер азаматтық қоғам институттарының халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге және қоғамдық-саяси жүйені жаңғыртуға мүмкіндік беретінін баяндады.
Бүгінде шымкенттіктердің 32 пайызын жастар құрайды. Яғни, Шымкентті жастар қаласы деп айтуға болады. Министр жастар саясатына қатысты бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Ең алдымен, аймақтарда мемлекеттік жастар саясатының негізгі операторлары саналатын жастар ресурстық орталықтарын нығайту қажет. Бүгінде бүкіл ел бойынша 232 жастар ресурстық орталығы бар, онда 3 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Аталған орталықтардың базасында «IT Hub» ашу жоспарда бар.
-Жастарға мемлекет тарапынан айырықша назар аударылып келеді. Биылғы Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында Мемлекет басшысы: «Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр. Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті», – деп атап өткен болатын.
Таяуда «Жастар саясаты туралы» заң күшіне еніп, Жастар саясатының тұжырымдамасы іске асырылуда. Алғаш рет «Жастардың даму индексі» енгізілді. Бұл индекс әкімдіктердің жастармен жұмысын 7 басты бағыт бойынша бағалауға мүмкіндік береді. Олар – білім, денсаулық, жұмыспен қамту, азаматтық және саяси қатысуы, бос уақыт өткізуі және қауіпсіздік. Азаматтық қоғам институттарының ішіндегі маңызды топтардың бірі – қоғамдық кеңестер. Қазір елімізде 258 қоғамдық кеңестің құрамында 4 мыңнан астам белсенді азамат өз міндеттерін абыроймен атқаруда. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында берілген тапсырма бойынша осы жылдың соңына дейін Қоғамдық кеңестерде жастар квотасын 10 пайызға жеткізу қажет. Қазір республикалық көрсеткіш 9 пайыз болып отыр,- деді Дархан Қыдырәлі.
Ал Мұрат Әйтенов үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына тоқталды.
- Азаматтық қоғам – бұл қарапайым халық, біз бен сіз және қоғамда өзіндік орны бар үкіметтік емес ұйымдар. Ал үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттің дамуында ықпалы орасан зор. Қазақстан зайырлы, өркениетке бет алған мемлекет. Сондықтан да билік халықтың үніне құлақ асады. Жалпы билік қашан да халықтың үніне құлақ асса, онда қоғамда өзара түсіністік орнайды, басты құндылығымыз - ынтымақ, бірлігіміз арта түседі, - деді қала әкімі.
Форумның алғашқы бөлімінде сарапшы спикерлер сөз сөйлеп, биліктің өзара серіктесі, қоғамның қозғаушы күшіне айналған азаматтық қауымдастық өкілдерінің атқарған жұмыстарын талқылады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі саланың үздіктерін арнайы марапаттады. Форумның екінші бөлімінде азаматтық қоғам белсенділерінің диалог алаңында жастар саясаты және көші-қон процестерінің теріс салдарын жою тетіктері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, патриотизм сезімін нығайту тақырыптарында жарыссөздер өтті.