Кибералаяқтар әшкереленді

Қысқаша

Кибералаяқтар әшкереленді

Шымкентте полицейлер «Hi-Tech» шарасы  барысында 43 кибералаяқты әшкереледі. Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Screenshot_3.jpg

Алаяқтар қылмыс жасау құралы ретінде қазіргі заманғы ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды жиі пайдаланады. Ақпараттық жүйені пайдаланушының сеніміне қиянат жасау арқылы бөтеннің мүлкіне қол сұғуға қатысты заңсыз әрекеттермен күресу мақсатында құқық қорғау органдарының қызметкерлері «Hi-Tech» іс-шарасын өткізді. Оған криминалдық полиция қызметкерлері, тергеушілер, анықтаушылар және жергілікті полиция қызметі жұмылдырылды. Арнайы жедел-іздестіру тобы құрылды.

Үш күннің қорытындысы бойынша қабылданған шаралар барысында бұрын жасалған және тіркелген 43 интернет-алаяқтық анықталды. Мегаполис полицейлері шымкенттік 2 азаматты алдап, 1 миллион теңгеден астам ақшасын иемденген Түркістан облысының жас тұрғынын ұстады.

Жәбірленушілер бұл туралы полицияға хабарлаған. Қала тұрғындарының айтуынша, оларға белгісіз біреу мобильді мессенджер арқылы хат жазған. Ол өзін сауда нүктесінің қызметкері ретінде таныстырып, тауар сатып алу үшін белгілі бір шотқа алдын ала төлемді аударуды сұраған. Қылмыскер қазір қамауда отыр.

Айта кетейік, мегаполис полицейлері интернеттегі алаяқтық жайттарының алдын алу мақсатында тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстарын тұрақты жүргізуде.

Мұның алдында Шымкентте 30 скутерді жалға алып, сатып жіберген астаналық тұрғын ұсталды. Интернетте көлік құралдарын жалға беру туралы жарнамалардың көптігін байқаған жас елордалық тұрғын қаржылық жағдайын жақсарту үшін қылмыстық жоспар құрған.

«Бизнес жоспарын» жүзеге асыру үшін Шымкентке келген.

Жігіт скутерлерді алдын ала төлем жасап, бір-екі айға жалға алған. Сосын оларды сатып жіберген немесе ломбардтарға өткізген. 

Алаяқтықтың құрбаны болғаны туралы арызбен 15 адам полицияға жүгінді. Тұран аудандық полиция басқармасының қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі «Бірнеше рет жасалған алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

Қаскүнем келесі құрбаннан мотороллерді алуға келгенде ұсталды.

«Күдікті жалға берушілердің сеніміне кіре отырып, 30 скутерді иемденіп алған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 12 миллион теңгеден асады. Қазіргі таңда тоғыз скутер тәркіленді. Ұсталған азамат қамауға алынды» - деді аға тергеуші Дінмұхамед Баймахан.

Полицей кейбір көлік құралдары еліміздің басқа аймақтарының тұрғындарына сатылғанын атап өтті. Криминалдық полицияның жедел уәкілдері оларды анықтау шараларымен айналысуда.

Сондай-ақ жуырда Шымкентте жұмысындағы сейфтен 7,5 миллион теңге ұрлаған жас жігітке сот үкімі шықты. Абай аудандық полициясының 102 арнасына жеке кәсіпкер арызданды. Ол өз шағымында көлік жөндеу орталығындағы сейф ішінен 7 млн 500 мың теңгесі ұрланғанын жеткізді. 

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барды. Қызметкерлер ғимарат маңындағы бейнекамераларды тексеріп, күдіктінің жеке басын анықтады. Ол сол орталықта дөңгелек жөндеумен айналысатын жұмысшы болып шықты. 

Оңтайлы сәтті пайдаланған жас жігіт түн ортасында көлік жөндеу орталығына терезе арқылы кіріп, сейфтен ақшаны алып, ізін суытқан. 

Аталған жайт «аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық» дерегі бойынша тіркелді. 

Полицейлер жан-жақты жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, 23 жастағы Түркістан облысының тумасы қала аумағында ұсталды. Тергеу барысында ер адамның сейф ішінде қомақты қаражат сақталатынын байқап, қылмысқа алдын ала дайындалғаны анықталды. Ал, ұрланған ақшаны жеке қажетіне жаратып жіберген.Тергеушілер оның кінәсін дәлелдейтін айғақтар мен жинақталған іс-құжаттарды сотқа жолдады. 

Сот үкімімен оған 5 жыл 6 ай мерзім бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.