Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың балаларды тегін үйірмелермен қамту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Шымкентте бірқатар жобалар іске асты. Соның бірі Шымкент қаласының Арғынбеков-Шаяхметов көшелерінің қиылысында орналасқан №2 оқушылар сарайы биыл маусым айында пайдалануға берілген болатын.
Жаңадан ашылған, жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін оқушылар сарайында «Mindal.kz» порталына тіркелу әлі де жүріп жатыр және белгілі мерзімде тіркелу уақыты бітіп қалмайды. Яғни жыл бойына өзіңіз таңдаған үйірмелерде бос орын шықса, кез келген сәтте тіркеліп, өтініш қалдыра аласыз. Осы кезге дейін №2 оқушылар сарайына Mindal.kz бірегей платформасы арқылы өтінім білдіргендердің саны 4 мыңнан асты. Бұл – күн сайын мыңнан астам өтініш келіп түсіп жатыр деген сөз. «Оқушылар сарайында спорт және сауықтыру бағытында 15 үйірме, гуманитарлық және жастар қозғалысы бағытында – 5, өнер және музыкалық бағытта – 14, психологиялық дайындық бағытында – 3, көркем эстетикалық бағытта 5 үйірме бар. Үйірменің жалпы саны – 53. Ал ғылыми-техникалық бағыт бойынша 11 үйірме бар. Оның ішінде физика, биотехнология, кипавтоматика, дизайн және 3Д модельдеу, робототехника, сондай-ақ lego құрылысы, химия үйірмелері жұмыс істеп тұр. Гуманитарлық және жастар қозғалысы бағыты бойынша 5 үйірме, журналистика, шешендік өнер, журналистика қазақ және орыс тілдерінде, ағылшын тілі, дебат клубы оқушылармен жұмысты бастап кетті. Өнер және музыкалық бағыт бойынша домбыра, хореография, фортепиано, жетіген, қылқобыз, вокал, драма театр режиссері, скрипка, ал көркем-эстетикалық бағыт бойынша ағаш өңдеу технологиясы, бейнелеу, қыш өнері, қолөнер үйірмелері жұмыс істеп тұр. Қабілетін арттырғысы келетін әрбір оқушыға есік ашық», – деп хабарлады Шымкент қаласы әкімдігі.
Қалада оқушылардың саламатты өмір салтын ұстанып, білімі мен шығармашылығын шыңдайтын тағы бір Оқушылар сарайының құрылысы сәуірді басталған болатын. Сыйымдылығы 500 орынды құрайтын нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Ғимарат Тұран шағын ауданында бой көтеруде. Жаңа Оқушылар сарайы 3 қабаттан, 3 блоктан тұрады. Мұнда 7-18 жас аралығындағы оқушылар өз қарым-қабілетіне қарай үйірмелерге жазыла алады. Жаңа нысанның жобасында 35 орынға арналған асхана және 81 көлік тұрағы қарастырылған. Қазіргі таңда, құрылыс жұмыстарының 10 пайызға жуығы орындалды. Нысанның құрылысын 2024 жылы аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда.
Жаңа оқу жылында Шымкентте мектептердің де саны көбейеді. Шәкірттерге есігін айқара ашатын білім ұяларының бірі – Шымкент Сити шағын ауданында 2,8 гектар аумақты алып жатқан «Seitzhan school» жекеменшік жалпы орта мектебі. Жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 900 орынға арналған жаңа мектептің құрылыс жұмыстарымен танысуға барды. Қазіргі уақытта мектеп құрылысының 95 пайызы аяқталған. 2021 жылы басталған құрылыс жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. «Seitzhan school» мектебі балалардың пәндік оқыту сабағынан бөлек, түрлі үйірмелерге баулитын қосымша сабақтар кабинеті, бассейн және кең спорт залымен, асханамен қамтылған. Нысан жаңа заманға сай технологиялық құрылыс материалдарымен, ерекше дизайнмен салынған.
Сондай-ақ, қала әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар құрылыс нысандарын аралау кезінде Ақжайық шағын ауданындағы «Abylaikhan innovative school» мектебіне барды. Төрт қабатты 650 орынға арналған мектеп жаңа заманауи үлгіде салынған. Жоба құны 3 миллиард теңгені құрайды. Бұл мектептің де құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталып, қыркүйек айында алғашқы қоңырау дыбысы сыңғырламақ. Айта кетейік, жаңа мектепте оқушылар білімін арттыру мақсатында білікті педагогтар сабақ беретін болады. Мұнан соң Мұрат Дүйсенбекұлы Д.Қонаев даңғылы бойында орналасқан «Сұңқар» жаңа мектебіне бас сұқты. 850 орынға лайықталып салынған мектеп құрылысы 12 ай бойы жүргізілді. «Сұңқар» мектебінің жанында 1580 орындық №1 мектепте қазір 3228 оқушы білім алуда, көршілес 1476 орындық №47 мектепте 1977 оқушы білім алып жатыр. Сондықтан жеке мектептер мемлекеттік мектептегі оқушы жүктемелерін азайтуға септігін тигізбек.
Үшінші мегаполисте бұдан басқа да жекеменшік мектептердің құрылысы жүргізілуде. Жаңа білім ошақтары Сайрам, Базарқақпа тұрғын алаптары мен Нұрсат шағын ауданында бой көтеруде. М.Әйтенов Сайрам тұрғын алабындағы «Астана» және Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектептерінің құрылысын да тексеріп қайтты. «Астана» мектебінің 2 мың орындық білім ғимараты 3 қабаттан тұрады. Мұнда құрылыс наурыз айында басталған. Ал Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебі 3 мың орынға лайықталған. Үш қабатты ғимарат заманауи үлгіде бой көтеруде. Екі нысанда да қазір ішкі, сыртқы әрлеу жұмыстары атқарылып, аулалары абаттандырылуда. Орындалған жұмыстардың көлемі 90-95 пайызды құрайды. Озық үлгіде салынған білім ошақтары қыркүйекте оқушыларға есіктерін айқара ашатын болады. Жеке мектептер бала саны жыл санап артып келе жатқан елді мекендердегі мектептердің жүктемесін азайтып, білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыс барысында ең алдымен оқушылар қауіпсіздігін қамтып, өскелең ұрпақтың жайлы жағдайда білім алуына қажетті шаралардың барлығын ескеру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева ақпараттық коммуникациялық орталығында берген брифингте балаларды балабақшамен қамту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, 2023 жылы Ұлттық жоспарға сәйкес 2-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту жоспары – 82,8%, 3-6 жас аралығындағыларды қамту – 100% құрауы тиіс болған. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту үшін жан басына шаққандығы қаржыландыру нормативіне сәйкес, 2023 жылға әр балаға 45 603 теңге болып белгіленген. Осы мақсатта 39 млрд 748 млн теңге қаржы қаралған. Бүгінгі таңда қаладағы 587 балабақшада 1-6 жас аралығындағы кезекте тұрған 84 677 баланың– 91%-ы (76 859 бала) мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған. Оның ішінде, 3-6 жас аралығындағы 59 954 бала – 100 пайыз балабақшаға барады, 2-6 жас аралығындағы 78 388 баланың көрсеткіші 93%-ға (72 863 бала) жетіп отыр. Биыл қыркүйек айынан бастап қосымша 2 945 орынға мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін жергілікті бюджет есебінен 2 845 орындық 30 балабақша ашылады. Бірінші қыркүйектен бастап балабақшалардағы әлеуметтік осал тобына кіретін отбасыдағы балаларды ыстық тамақпен қамту үлесін 30% көтеру үшін жергілікті бюджеттен 141,0 млн теңге қаралған.
Ал енді мегаполистегі мектеп мәселесіне тоқталсақ, 2025 жылға дейін жалпы 68 675 орындық 54 мектеп салынады деп жоспарлануда. Оның ішінде, 2023 жылы 18 мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, үш ауысымда оқытатын 3 мектептің мәселесі 2023 жылдың 1 қыркүйегінде толығымен шешіледі. Бала саны тығыз орналасқан 11 тұрғын алаб үшін 21 мектеп, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін 25 мектеп, қосымша құрылыстар есебінен 29 мектеп, жеке инвесторлар есебінен 26 мектеп салынады. Нәтижесінде, үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы, ал ыңғайластырылған ғимарат, жаңадан ашылған шағын аудандардағы мектеп мәселесін және сынып толымдылығы жоғары (дефицит) мектептер мәселесін 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланған. Биылға мектептерді жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 1 767,4 млн теңге қаржы қаралып, жалпы 141 кабинет және 299 дана жабдықталған интерактивті панель орнатуға мемлекеттік сатып алу процедуралары өткізілуде. Нәтижесінде пән кабинеттер үлесі 72%-дан 85%-ға жететін болады. Бүгінгі күні 60 кабинеттің құрал-жабдықтары білім беру мекемелеріне 100% жеткізілді. Сонымен қатар, биыл «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жоспарына сәйкес, цифрлық оқулықтарға да қаржы қаралған. Оның ішінде, қазақ тіліндегі көркем әдебиеттер үлесі 65%-ды құрайтын болады. Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарына барлығында арнайы талаптарға сәйкестендірілген бейнебақылау жүйелері, турникеттер, дабыл батырмалары толығымен орнатылып, олар Шымкент қаласы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Бірінші дәрежелі мамандандырылған күзетпен келісімшарт түзілген.
Жүргізілген мониторингтің нәтижесі бойынша 2023 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 133 мектепте жөндеу жұмыстары толық аяқталғаны анықталды.