Алаяқтық қазір ең жиі кездесетін қылмыстың түріне айналды. «Мемлекеттен жеңілдетілген несмие әперемін», «жәредамақы алуға жәрдем беремін», «пәтер алуға көмектесемін» деп, сан соқтырып кету әдеттегі жағдайға айналды. Кінәнің бір ұшы алаяқтың қисынсыз уәделеріне сеніп, қолына ақшаны ұстата салатын өзімізге келіп тіреледі.
Шымкентте таныстары мен туыстарын 340 миллион теңгеге сан соқтырған қылмыстық топ сотталды. Шымкент полициясына алаяқтықтың құрбаны болғаны жөнінде арыз-шағыммен 235 адам жүгінген. Олар жалған тендермен айналысатын алаяқтардың құрбаны болғанын айтып, тәртіп сақшыларынан көмек сұраған.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің таратқан ақпаратына қарағанда, қылмыстық топ «құрбандықтарын» өздерінің таныстары арасынан іздегенге ұқсайды. Жәбірленушілердің сөзінше, таныстары «тендермен айналысатын бастығына» көмек қажеттігін алға тартып, несие рәсімдеуге үгіттеген. Жасаған жақсылығы үшін тиесілі үлесін беруге және банк алдындағы қарызды толық өтеуге уәде еткен.
Көбінесе олар несиені тауарлай рәсімдетіп, алынған қымбат техниканы қайта сатып, шыққан соманың 10-12% пайызын сыйақы ретінде беріп отырған. Алайда, ай сайынғы төлем уақыты келгенде, қаскүнемдер қоңырауға жауап бермей ізін суытқан. Нәтижесінде, несие өсімі көбейіп, азаматтар қарызға белшесінен батқан.
11 адамнан тұратын қылмыстық топтың «құрбандары» Түркістан облысының және Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты. Аталған жайтты тергеушілер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді. Белгілі болғандай, алаяқтар тобы 23- 43 жас аралығындағы, 4 әйел және 7 ер адамнан тұрған. Оның ішінде екі банк менеджері бар. Олардың әрқайсысының өз міндеттері болған; кейбірі несие алатын адамдарды табумен, тағы екеуі оны рәсімдеумен, қалғандары сатып алынған тауарларды алып-сатумен айналысқан.
Келтірілген жалпы шығын көлемі 340 миллион теңгеге жуық. Арызданушылар әртүрлі банктерден 250 мың теңгеден 6 000 000 теңгеге дейін несие алған. Тәртіп сақшылары жинақталған іс-құжаттарды айыптау актісімен сотқа жолдады. Айыпталушылардың әрқайсысы жасаған қылмысы үшін 5 жылға дейін сотталды.
Сондай-ақ, Шымкентте жалған тәртіп сақшысы бір азаматшаның экс-күйеуімен арасындағы проблеманы шешуге уәде беріп, ақшасын жымқырған. Арызданушы азаматшаның айтуынша, танысы – полиция жедел уәкілі, одан үш ай ішінде 1 миллион теңгеге жуық ақшасын алдап алған. Алғашқы кездесуде-ақ өзін полицей ретінде таныстырған ер адам әйелге бұрынғы куйеуінің ақша қарыз екенін біліп, көмегін ұсынған. Қаскүнем мәселені өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, шешетінін айтқан. Алайда, жаңа достың «көмегі» тегін болмай шықты. 1 миллион теңгеге «отырғызып» кеткен азаматтың полицияда істемейтінін білген жәбірленуші қатты таңалған көрінеді.
Аталған жәйтті тәртіп сақшылары «алаяқтық» бабы бойынша тіркелді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде күдікті ұсталып, полиция басқармасына жеткізілді. Тергеу амалдарын Абай аудандық полиция басқармасы қызметкерлері жүргізді. Жинақталған материалдар сотқа жолданды. Сотталушы өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініп, жәбірленушіге келтірілген залалды толығымен өтеді.
Жақында Шымкентте алаяқтықтың тағы екі фактісі анықталды. Тұран аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын алаяқтықтың құрбаны болғанын айтып арызданды. Ол өз шағымында, 2 жыл бұрын банкте кепілде тұрған үйді сатып алғанын, сатушыға 2 миллион теңге қолма-қол беріп, 9 млн 500 мың теңге кепіл несиені өзі өтеуге келіскенін жеткізді. Үй иесі несиені толық төлеп болған соң, жылжымайтын мүлікті сатып алушының атына аударып беремін деп сендірген. Қарыз өтелген соң сатушы сөзінен айнып, оны үйден шықпай жатыр деп сотқа берген. Нәтижесінде сот, үйді босату туралы шешім шығарды.
Екі баласымен далада қалған әйел алаяққа алданғанын түсініп, Тұран аудандық полициясына арызданған. Істі анықтау бөлімінің бастығы Өмірбек Дәулет және анықтаушы Ортай Абзал назарға алып, оқиғаның мән-жайын нақтылауға кіріскен. «Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша тіркелді. Тергеу барысында баспананың заңды иесінен және банк қызметкерлерінен жауап алынды. Ер адам өз кінәсін толық мойындап, үйді сатып алушының атына аударып берді. Нәтижесінде, екі тарап өзара келісімге келіп, жәбірленуші арызын кері қайтарып алу туралы өтініш жазды», – дейді Тұран АПБ-ның анықтаушысы А.Ортай. Өз кезегінде арызданушы азаматша тәртіп сақшыларының кәсібилігі мен адалдығына алғыс білдірді.
Екінші жағдай да Тұран ауданында орын алған. Әріптесінің үйіне қонаққа барған шымкенттік үй иесінің телефонын ұрлап, несие рәсімдеген. Полицияға жергілікті тұрғын қымбат маркалы ұялы телефоны ұрланғанын айтып, полицияға арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, ұры бұдан бөлек смартфон арқылы банк қосымшасынан 1 миллион теңгеден астам онлайн-несие рәсімдеп үлгерген. Бұл туралы ер адам барлық мобильді бағдарламаларды жаңа ұялы телефонға жүктеген кезде білген.
Тергеушілер Қылмыстық кодекстің 188-бабы 2-бөлігінде көзделген "ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу арқылы жасалған ұрлық" бойынша тергеуді бастады. Криминалдық полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтауға және оны ұстауға бағытталған қажетті іс-шараларды қабылдады. Белгілі болғандай, арызданушының үйіне түскі асқа шақырған әріптесі ұялы телефонды заңсыз иемденіп, несие рәсімдеген. Күдікті сол күні полиция басқармасына жеткізілді. Тергеушілер оның телефонды танысына сатып жібергенін анықтады. Ұрланған мүлік заңды иесіне қайтарылды. Барлық айғақтарды жинаған полицейлер қылмыстық істі айыптау актісімен бірге сотқа жіберді. Сот үкіміне сәйкес, ер адам бір жылға бас бостандығынан айырылды.
Тәртіп сақшылары алаяқтықтың құрбаны болмас үшін азаматтарға сақ болуды, уәде берген кез келген адамға сене бермеуді ескертеді.