Индустриялық аймақ – мегаполис өндірісін өркендетеді

Қысқаша

Индустриялық аймақ – мегаполис өндірісін өркендетеді

Шымкент қаласы Қайнарбұлақ тұрғын алабында тамақ өнеркәсібі саласындағы жобаларды жүзеге асыруға бағыттылған «Бозарық» индустриялық аймағының құрылысы жүріп жатыр. 132,9 гектарды құрайтын аймаққа инфрақұрылым тартылуда.  Жоспар бойынша «Бозарық» жыл соңына дейін іске қосылуы тиіс. Бұл Шымкенттің экономикасы, өнеркәсібін жаңа белеске көтерудегі өте маңызды қадам болмақ.  

Screenshot_3.jpg

Индустриялық аймақта тамақ өнеркәсібімен айналысатын жалпы құны 73,9 млрд теңгені құрайтын, 1000-нан астам жұмыс орнын қамтитын 30 жоба жасақталған.  Атап айтсақ, оның ішінде жалпы құны 25,7 млрд теңгені құрайтын, 560 жаңа жұмыс орнын қамтитын инвестициялық жобаларының құрылыс жұмыстары бастау алды. Атап айтқанда, олар: азық-түлік, косметикалық май және жеміс-жидек тағамдарының өндірісі. Аталған жобалардың  инвестициялық көлемі – 456 млн теңгені құраса, жұмыс орны – 25 адамды қамтиды. Сүт өнімдерін өндіру бойынша инвестиция көлемі – 15 млрд теңге, жұмыс орны – 100 адам.  Газдалған және газдалмаған сусындар өндірісі, инвестиция көлемі – 7,2 млрд теңге,  жұмыс орны – 300 адам.

Кондитерлік және жартылай фабрикаттар өндірісі, инвестиция көлемі – 1,1 млрд теңге, 35 адам жұмыспен қамтылады. 

Қазір Шымкентте жұмыс істеп тұрған 5 өндірістік алаң бар. Онда жалпы құны 350 миллиард теңгенің 335 инвестициялық жобасы жүзеге асуда. Кәсіпкерлік, өнеркәсіптік жобалардың көбеюіне байланысты жаңадан жалпы аумағы 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аймағын құру көзделуде. Атап айтқанда, жаңадан 3 индустриалды аймақ ашылып, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен Шымкент көлік-логистикалық аймағы кеңейетін болады. Бұл аймақтарда жалпы жиынтығы 400 млрд теңгеге 284 инвестициялық жоба іске асырылады. Онда 12 мыңға жуық жұмыс орны құрылады.

Үшінші мегаполисте жаңадан құрылып жатқан «Жұлдыз» индустриялық аймағының да инженерлік инфрақұрылымын тарту жұмыстары қызу жүруде.  Аталған аймақта  машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 200 млрд теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ.  Нәтижесінде бұл 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде аймақта инвестициялық құны 147 млрд теңге болатын, 42 жобаны іске асыру жұмыстары басталып кетті. Оның ішінде биыл 7 млрд теңгені құрайтын 400-ден аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 5 жобаны іске қосу жоспарланған. Аталған индустриалды аймаққа тартылатын ауыз су құбыры 12,5 шақырымды құрайды. Бүгінге дейін құрылыс жұмыстарының 93 пайызы, 11 шақырым кәріз жүйесінің 24 пайызы, 2,5 шақырым электр желісінің 26 пайызы, және газ құбырының 62 пайызы орындалған. Сондай-ақ, автомобиль жолдарының құрылыс жұмыстары жобаға сәйкес атқарылуда. Жалпы ұзындығы 13,8 шақырымды құрайтын автомобиль жолының 2,3 шақырымы (95%), ішкі орамдағы 3,7 шақырым (30%) жолдың құрылыс жұмыстары атқарылған. Жалпы алғанда аймақты инфқұрылыммен толық қамту жұмыстары қыркүйек айында аяқталады. 

Айта кетері, Шымкентте халықты сапалы азық-түлікпен қамтитын кәсіпорындардың қатары да артып келеді. Мәселен,  Еңбекші ауданы, Базарқақпа тұрғын алабында жаңадан тағамдық жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы бой көтеруде. Аталған құс фабрикасының аумағы 28 гектарды құрайды. «Аймар құс» аталатын құс фабрикасының жалпы инвестициялық құны – 4 млрд теңге. Жоба бойынша 1-ші кезеңде 220 мың құсқа арналған жеңіл конструкторлы құс фабрикасын құрып, жылдық қуаттылығы 72 млн дана жұмыртқа өндірілу керек. Қазіргі уақытта тәуліктік балапандарға арналған 2 қора-жай және мекиен тауықтарға арналған 2 құс қорасының құрылысы аяқталып, толықтай құрал-жабдықтары орнатылған. Сонымен қатар, қосымша қора-жай құрылыстары қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары биыл қазан айында аяқталуы тиіс. 

Құс фабрикасына сатып алынған құрал-жабдықтар Германияда құрастырылған. Жоба толықтай іске қосылғанда 100-ге жуық жаңадан жұмыс орны ашылатын болады. Құс шаруашылығында заманауи технологияларды қолдануды қолға алған кәсіпкер алдағы уақытта құстан шыққан қалдықтардан биоотын және биогумус дайындап, экологиялық таза тыңайтқыш өндіруді жоспарлауда.