Оңтүстік айналма жолы - Көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік береді

Қысқаша

Оңтүстік айналма жолы - Көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік береді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жол инфрақұрылымы мәселесін толығымен шешу жөніндегі тапсырмасына сәйкес  Шымкентте бірнеше ірі жобалар жүзеге асуда. Бұл жобалар аяқталған кезде Шымкент қаласындағы көлік кептелісі айтарлықтай азаяды. Жүргізушіге де,  жолаушыға да ыңғайлы жағдай жасалады. 

Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметінше, үшінші мегаполисте кейінгі жылдары көлік саны күрт көбейген. Тіпті Шымкент бұл жағынан республикадағы өңірлер арасында көш бастап тұр. Осыған орай, соңғы жылдары қалада жол құрылысы қарқынды дамуда. 

Мәселен, Ташкент - Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Аталған жол – 31 шақырым, жол құрылысы 8 кезең бойынша жүргізілуде. Бүгінде 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары және Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. Шілде айының ортасында Ынтымақ шағын ауданына баратын жол қиылысынан Темірлан тас жолына дейінгі аралықты қамтитын жолдың 2-ші кезеңі толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр. 

Одан бөлек, 16 шақырымды құрайтын «Оңтүстік айналма жолының» құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан Шымкент қаласы аумағымен өтетін транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қаладағы көлік кептелісін сейілтуге және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізбек. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде. Сондай-ақ, қаланың оңтүстік бағыттағы жалғыз кірме-шығыс жолына жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы салынуда. Нысан  6 кезеңнен тұрады.

Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында шаһардың транзиттік әлеуетін арттыруға арналған бағыттар көрсетілген. Стратегиялық жобада қаланың магистралды көшелерімен бірге елді мекендердегі жолдардың құрылысына басымдық берілген. Жол құрылысы саласындағы жобалардың кезең-кезеңіме жүзеге асуы шалғайдағы елді мекендерде инфрақұрылымның жақсаруына алып келді. Мәселен, Бадам тұрғын алабындағы ұзындығы 0,6 шақырымды құрайтын Н.Ирисбеков көшесіне жуырда асфальт төселіп, тұрғындарды қуанышқа бөледі. Бүгінде ол кешеде 30-дан астам отбасы қоныстанған. «Тұрғылықты жеріміз қаланың орталығы болмаған соң, талайдан бері көшеміз тас жол еді. Енді міне, көшемізге асфальт төселіп, шағын ауданымыз көркеюде. Бұған, әсіресе балаларымыз қатты қуанды. Көшеміздің ажары кірді. Бұл үшін қуаныштымыз»,– дейді Бадам шағын ауданындағы Н.Ирисбеков көшесінің тұрғындары. Жалпы, аталған шағын ауданда Н.Ирисбеков, Жаңақұрылыс (Айман) және Атауы жоқ №1,2,3,4,5 көшелеріне ағымдағы жылы орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда, жол құрылыс жұмыстары жұмыс кестесіне сай кезең-кезеңімен атқарылуда. Ал асфальт төселетін жолдың ұзындығы 3,7 шақырымды құрайды.

Сонымен бірге Шымкентте елді мекендерді кәріз жүйесімен қамту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жуырда қала әкімі М.Әйтеновтің қатысуымен өткен арнайы жиында Самал-3 шағын ауданын кәріз жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстары пысықталды. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тапсырысымен аталған мекен жайда 2021 жылы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, былтырғы жылдың соңында қолданысқа берілген. Қазіргі таңда мамандар тұрғындар арасында кәріз жүйесіне қосу бойынша тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Жоба бойынша канализациялық желілердің ұзындығы 37,3 шақырымды құрайды. Нысан 4 мыңнан астам абонентті орталықтандырылған желіге қосуға мүмкіндік береді. «Тұрғындардың көпшілігі жол салынып болған соң кәріз тартуға өтініш береді. Сондықтан, мен жол құрылысын инженерлік желілер толық тартылған соң бастауды ескерттім. Бұл ретте абоненттерді қолайлы бағада канализациялық желіге қосуды ұсыну қажет. Жауын-шашында су басу қаупі туындамас үшін ирригациялық жүйелердің де талапқа сай жүргізілуін бақылаңыздар», – деді қала әкімі.  Сондай-ақ М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға тұрғындар арасында кәріз жүйесінің тиімділігін түсіндіре отырып, халыққа қолайлы жағдай жасау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Жол және инженерлік-коммуникациялық желілер құрылысын жүргізуде тиісті басқармалардың жұмысын үйлестіруді ескертті. 

Айта кетейік, қазіргі таңда қаладағы 81 шағын ауданның 24-і кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Биыл 10 нысанның құрылыс жұмыстарына тиісті қаражат қаралған. Жыл қорытындысымен 6 нысанның, атап айтқанда, Мирас-Шапағат-2, Тассай, Тұран ішкі жүйе, Қайтпас-2, 112 орам, Бозарық шағын аудандарында құрылыс жұмыстары аяқталып, 60 мыңға жуық абонент канализация жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады.