Киберқылмыстық топқа үкім шықты

Қысқаша

Киберқылмыстық топқа үкім шықты

Шымкентте қазақстандықтардың есепшотынан 65 миллион теңгеден астам ақша жымқырған киберқылмыстық топ сотталды. Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Screenshot_16.jpg

Тергеу амалдары интернет алаяқтардың құрбаны болған қала тұрғынының арызынан басталды. Банктің жалған қызметкерлеріне сенген азамат 4 миллион теңгесінен айырылған. «Банкирлер» белгісіз нөмірден қоңырау шалып, оның қаржысына қол сұғу ықтималдығы туралы хабарлап, ақшасын сақтап қалу үшін телефон арқылы бірнеше онлайн операцияларды орындауын сұраған. Осылайша, қала тұрғыны екі несие рәсімдеп, оларды «қауіпсіз» шоттарға аударған.

Тергеушілер аталған жайтты ҚК-нің 190-бабы бойынша тіркеді. Іздестіру шараларына қалалық полиция департаментінің киберқылмыспен күрес жөніндегі арнайы тобы жұмылдырылды. Атқарылған бірқатар жедел жұмыстар қаскүнемдердің ізіне түсуге мүмкіндік берді. Қылмысты бүкіл ел бойынша әрекет еткен алаяқ топ жасағаны белгілі болды.

Шымкенттің алты тумасы жарты жылда 27 қазақстандықтың 65 миллион теңгеден астам қаражатын қолды еткен. Зардап шеккендердің арасында елорда, Алматы, Петропавл, Көкшетау, Орал, Қарағанды және басқа да аймақтардың тұрғындары бар. Полицейлер қылмыстық топтың 4 мүшесін мегаполис пен Түркістан облысының аумағында ұстаса, қалған 2-уі халықаралық іздеу нәтижесінде Ресейден табылды.

Тергеу барысында олардың әрқайсысының өз міндеті болғаны анықталды. Біреуі көшбасшы рөлін атқарған және тапсырмалар беріп отырған, басқалары «дропперлерді» тапса, ал қалғаны түскен қаражатты банкоматтардан шешіп алумен айналысқан. Полиция қылмыстық істің томдарын барлық дәлелдермен сотқа жіберді.

Сот үкімімен алаяқтар үш жылдан төрт жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды.

Ал мұның алдында шымкенттік тұрғынның өз досының беделін түсіретін ақпаратты таратпау үшін одан 100 000 доллар талап еткені анықталды.  Қаратау ауданының тұрғыны полицияға бопсалау туралы арызбен жүгінген. Жас жігіт өзін әлеуметтік желінің белгісіз қолданушысы қорқытып, одан 100 мың доллар талап еткенін көрсеткен. Әйтпесе бопсалаушы оның интимдік сипаттағы жеке суреттері мен видеоларын интернетке жариялаймын деп қорқытқан. Өз беделіне алаңдаған қала тұрғыны оның шартымен келісіп, нұсқауын орындаған, бопсалаған соманың 10 миллион теңгесі салынған сөмкені көшелердің біріндегі темір құбырдың астына қалдырған.

Күдіктіні бірнеше сағаттан кейін ақшаны алуға келген кезде полицейлер қылмыс үстінде ұстады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 194-бабы 4-бөлігі «аса ірі мөлшерде қорқытып алу» бойынша тіркелді. Ұсталған адам өзінің досы болып шыққанын білген арызданушының таңданысы мен ренішінде шек болмаған.

Белгілі болғандай, досының мас күйін пайдаланған жолдасы, оның смартфонындағы жеке суреттері мен бейнежазбаларын өзіне өткізіп алған. Бопсалаушы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.