Шымкент көшелерінде ойына келгенін жасаған «байкерсымақтар» заң алдында тиісті жазасын алды.
Мопед мінген он жас жігіт түнде Арбатта жиналып, нағыз байкерлерге еліктеп, қаланы аралап шығуды ұйғарған. Жігіттер өздерін автожолдардың иесі сияқты сезініп, жол үстінде ойларына келгенін істей бастаған. Шымкент қалалық Полиция департаменті жедел басқару орталығының инспекторлары бейнебақылау камералары арқылы мопедистердің көптеген заң бұзушылықтар жасап жатқанын байқады. Жедел басқару орталығының кезекшісі оларды ұстау үшін патрульдік полицейлерге бағыт-бағдар берді. Тәртіп сақшылары «шуылдақтарды» Байтұрсынов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында ұстады.
Бейберекет жүруді ұнататындар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 615-бабымен ( Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) жауапқа тартылды. Бұдан бөлек, олардың кейбіріне қатысты бастапқы жиналған орындарында темекі қалдығын және өзге де қоқысты тастағаны үшін аталған кодекстің 434-2-бабы ( Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) бойынша хаттама толтырылды.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде қалалық полиция департаментінің қызметкерлері бірнеше шетелдік көліктердің қатысуымен жолдағы "дойбы ойыны" түсірілген бейнежазбаны анықтады.
Көлік жүргізушілері қозғалыс кезінде бірнеше рет жолақты ауыстырып, қауіпсіз қашықтықты сақтамай, бірін-бірі басып озып төтенше жағдай туғызған. Тізгіндеушілердің орынсыз қылығына ашуланған өзге де жол қозғалысына қатысушылар не болып жатқанын видеоға түсіріп алған. Патрульдік полиция полкінің инспекторлары қабылданған шаралардың нәтижесінде құқық бұзушылар анықталды.
-Жол ережесін өрескел бұзған азаматтар тиісті әкімшілік жауапқа татылды. Қоғамдық көлік жүргізушілеріне ерекше жауапкершілік жүктелген, өйткені жүздеген жолаушы мен жол қозғалысының басқа да қатысушыларының қауіпсіздігі олардың қолында. Алайда, көлік жүргізу кезінде олар адам өміріне жауапты екендіктерін бәрі бірдей түсіне бермейді,-дейді шымкенттік тәртіп сақшылары.
Айта кетері, соңғы кездері жол қозғалысы ережелерін бұзуды әлеуметтік желіде жарияланған видеолар арқылы да анықталып жатыр. Мәселен, жуырда полицейлер әлеуметтік желілерді мониторингі жүргізу барысында мегаполис полицейлері осындай кезекті құқық бұзушыны анықтады. Көлікті басқарудан гөрі гаджетіне қарап отырған жүргізуші автобус жолаушысының алаңдатушылығын тудырған.
Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері қабылданған шаралардың нәтижесінде телефонмен сөйлесуді ұнататын азаматты анықтады. Ер адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 591-бабы бойынша жауапқа тартылды. Осы бұзушылықты жасағаны үшін ол енді 5 айлық есептік көрсеткіш айыппұл төлеуге тиіс.
Айта кетері, биылдың бірінші жартыжылдығында Шымкентте смартфонды пайдаланғаны үшін 5 мыңға жуық автокөлік жүргізушісі жазаланған. Көлік жүргізу кезінде телефонды пайдалану (сөйлесу, хат алмасу және т.б.) жүргізушінің назарын толығымен жолға аударуға мүмкіндік бермейді, бұл апатқа әкелуі мүмкін. Айта кету керек, көлікті басқару кезінде телефонды құлаққап немесе дауысын шығару арқылы пайдалануға рұқсат етіледі.
Шымкентте тікелей эфирде жол ережесін бұзған тиктокер де жазаланды. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг жүргізу барысында қалалық полиция департаментінің қызметкерлері өрескел құқық бұзушылық жасалған бейнежазбаны анықтады. Блогер қыз қиылыста тоқтаған көліктен шығып, бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрған сәтте билей бастаған. "Шоуды" қыздың өзі және көлікте қалған ер адам тікелей эфирде көрсетті. Қырық секундқа созылған қойылымды бағдаршамның жасыл түсі мен қозғалыстағы көліктердің сигналы үзді. Заң бұзушы олардан қашып, жолдың шетіне қарай жүгірген. Патрульдік полиция полкінің инспекторлары қыздың жеке басын анықтады. Ол Қызылорда облысының тұрғыны болып шықты. Бұл әрекеті үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция қызметкерлері ескертеді: Жол қателікті кешірмейді! Кез келген жол ережесін елемеудің соңы қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін. Есіңізде болсын, жолдағы қауіпсіздікті, ең алдымен, сіздің жауапкершілігіңіз қамтамасыз етеді.