Есірткіге қарсы күрес, жастарды нашақорлық дертінен сақтандыру бағытындағы жұмыстардың кейінгі жылдары жаңаша сипат алғаны рас.
Естеріңізде болса Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр халыққа арнаған Жолдауында:
- Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет,-деген болатын.
Жуырда Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы нашақорлықпен күрес мәселесіне тағы да назар аударды.
-Мен тағы бір нәрсеге баса назар аударғым келеді. Бұл – нашақорлық. Бұл – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр. Полиция өз жұмысын белсенді және тиімді жүргізуі керек. Мен бұған ерекше мән беремін. Елімізде 2016 жылдан бері есірткімен күрес жұмыстарын реттейтін арнаулы құжат болған жоқ. Сондықтан, былтырғы Жолдауымда кешенді жоспар әзірлеуді тапсырдым. Үкімет таяу күндері осы мәселе бойынша арнайы жоспарды қабылдайды. Бұл – өте маңызды құжат. Осы құжаттың аясында жан-жақты жұмыс атқарылады,-деді.
Есірткі саудасын ауыздықтауда полицейлерге жүктелген міндет ауыр. Жуырда Шымкент қаласы Полиция департаментіне қарасты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында қала аумағында психотроптық заттар қойып кетумен айналысқан қызды ұстады.
"Жұмысқа" шыққан автоледи полицейлерді байқап, есірткі орамынан тезірек құтылу үшін, оны жолдың шетінде тұрған өз көлігінің астына лақтырып жіберген. Жедел қызметкерлер буманың ішінен бір реттік 20 доза «синтетика» тапты. Сондай-ақ, ұсталған азаматшаның көлігінің салонын тексеру кезінде тағы бір шағын орам «гашиш» тәркіленді. Бұған қоса, оң жақ еден кілемшесінің астынан құпия орындарды қазуға арналған пышақ табылды. Тергеушілер бұл жайтты Қылмыстық Кодекстің 297-бабы бойынша тіркеді. Ұсталған бойжеткеннің жақында ғана медицина саласындағы қызметінен "отставкаға» кеткені белгілі болды.
- Қазір аталған жайт бойынша Еңбекші аудандық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Күдікті қамауда, – дейді есірткімен күресуші полицей Бауыржан Қарбеков.
Сондай-ақ, полиция майоры есірткіні сату мақсатында заңсыз пайдалану бас бостандығынан айыру жазасына әкелетінін ескертті .
Мұның алдында Шымкентте косметикалық сөмкесінде есірткі сақтаған ару үш жылға сотталды.
Шымкент қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметінің таратқан мәліметіне қарағанда, 102 арнасына Еңбекші ауданының тұрғындары есірткі қылмысы туралы хабарламамен жүгінді. Олар өз кварталында есірткі орындарын іздеп жүрген жастарға шағымданды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бейтаныс жігіт пен қыз үлкендердің ескертуіне агрессиямен жауап берген.
Шақырту бойынша оқиға орнына жедел топ барды. Тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексеру кезінде қыздың косметикалық сөмкесінен ұнтақ тәрізді заттар салынған 5 орама табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл жалпы салмағы 6 граммға жуық «мефедрон» синтетикалық есірткісі екені расталды.
Тергеушілер аталған жайтты Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі «аса ірі мөлшердегі психотроптық заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз иемдену және сақтау» бойынша тіркеді.
Өзінің берген жауабында ұсталған қыз екі күн бұрын түнгі клубтан қайтып келе жатып, жолда кездейсоқ алты дозасы бар «ұнтақ» салынған пакет тапқанын айтқан. Оның біреуін досыммен бірге қолданып көріп, қалғанын косметикалық сөмкесіне тығып қойған.
Тергеушілер барлық қажетті дәлелдемелерді жинап, қылмыстық істі сотқа жіберді. Сот 31 жастағы Түркістан облысының тұрғынын үш жылға бас бостандығынан айырды.
Полицейлер есірткі заттарымен байланысты кез келген заңсыз іс-әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.