Жалған тергеуші 83 жастағы әжейді алдап кетті

Қысқаша

Жалған тергеуші 83 жастағы әжейді алдап кетті

Шымкент қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, қарт әйел түн ортасында белгісіз біреудің үй телефонына шалған қоңырауынан оянған. Ер адам өзін Шымкент қаласы полиция департаментінің тергеушісі ретінде таныстырып, зейнеткердің қызы ауыр жол-көлік оқиғасын жасады деген айыппен ұсталғанын хабарлаған. 

Screenshot_24.jpg

Жалған полиция қызметкері егер анасы ақшасын төлесе, күдіктіні қазір босатуға болады деп сендірген. Әбден қорыққан қала тұрғыны қызының түрмеге түспеуі үшін бар жиған-тергенін беруге келіскен. Әңгімелесуші ақшаға курьер келгенше ешбір жағдайда телефон тұтқасын қоймауды бұйырған. Келген жігітке әжей 900 мың теңге мен 500 долларды қолма-қол тапсырған. 

Жәбірленушінің ұйқысыз өткен түні туралы білген туыстары полицияға болған оқиғаны хабарлады. Аталған жайт бойынша тергеушілер «алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тұран АПБ-ның жедел уәкілдері іздеу шараларының нәтижесінде мекен-жайдан ақша алған курьердің жеке басын анықтап, ұстады. Ол 22 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ұсталған адам мобильді мессенджер арқылы алған нұсқаулары бойынша әрекет еткенін мойындады. Ол алған ақшаның 90%-ын онлайн – жұмыс берушілердің есеп шотына аударып, қалған соманы өзінің жалақысы ретінде алып қалып отырған.  Полиция оның осыған ұқсас басқа да жайттарға қатысы бар-жоғын тексеруде. Тергеу барысында интернет-алаяқтық жасаған күдіктінің сыбайластары анықталатын болады.

Сонымен бірге шымкенттік тәртіп сақшылары азаматтардың сеніміне кіріп, 5 миллион теңгеден астам ақша жымқырған интернет алаяғын ұстады. Абай АПБ-ның кезекші бөліміне Түркістан облысының тұрғыны жүгінген. Жас жігіт оған «вацап» мессенджері арқылы белгісіз адам өзін туған ағасы ретінде таныстырып, оның шотындағы барлық қаражатты аударуды сұраған. Кейін қолма-қол ақша түрінде қайтаруға уәде берген. Ол ағасымен кездесіп, берген қаржыны аламын деп ойлаған кезде, алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген. Полицейлер арызды ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-тармағы 2-бөлігі "ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен жасалған алаяқтық" бойынша  тіркеді.

Шымкент қалалық ПД Сyberpool криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері арнайы іс-шараларды өткізу барысында күдіктінің жеке басын анықтады. Жедел уәкілдер оны мегаполистегі жалдамалы пәтерлердің бірінде ұстады. Алаяқ жас келіншек 2019 жылы осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотталып, 3,5 жыл жазасын өтеген Түркістан облысының тұрғыны болып шықты. Сондай-ақ тергеушілер күдіктінің интернет-алаяқтықтың тағы үш дерегіне қатысы бар екенін анықтады. Оның құрбаны болғандар Шымкент қаласының тұрғындары. Қазіргі таңда сот шешімімен әйел кепілмен бостандыққа жіберілді.

Өз кезегінде Шымкент полициясы азаматтардан интернет-алаяқтардың айла-амалдарына түсіп қалмауын, қырағы болуын және күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуін, интернет арқылы алынған ақпаратты қайта-қайта тексеруді сұрайды.