Жалған полицейлер

Қысқаша

Жалған полицейлер

Шымкентте жалған полицейлер   "Сіздің қызыңыз жол-көлік оқиғасына кінәлі" деп, зейнеткерлерді 7 млн теңгеге алдап кеткен. Еңбекші АПБ-на қарт тұрғын алаяқтық туралы арызбен жүгінді. Әйелдің айтуынша, оған белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, қызы жол-көлік оқиғасын жасағанын хабарлаған. 

Screenshot_11.jpg

Күдікті егер, зейнеткер белгілі бір соманы жақын арада оның мекенжайына келетін үшінші тұлға арқылы беріп жіберсе, кінәлі адам жазадан құтыла алады деп сендірген. Қоңырау шалушы телефонды сыбайлас қызға тапсырып, ол дірілдеген дауыспен “анасынан” көмек сұрағандай кейіп танытқанда, әйелдің күмәні толығымен сейілген. 

Нәтижесінде қала тұрғыны алаяқтарға өзінің барлық жинаған 4,5 млн теңге көлеміндегі ақшасын берген. 

Сол күні полицияға телефон алаяқтарының тағы бір құрбаны хабарласты. Сүйікті немересіне көмектесу үшін 79 жастағы зейнеткер 2,5 млн теңге төлеген. Тергеушілер аталған жайтты Қылмыстық кодекстің 190-бабы "алаяқтық" бойынша тіркеді.

Іздеу шаралары барысында жедел уәкілдер бейнебақылау камераларының көмегімен жәбірленушілердің үйіне қолма-қол ақша алу үшін келген жігітті анықтады және ұстады. Ол Түркістан облысының 16 жастағы тұрғыны болып шықты.

Өз жауабында жас жігіт мобильді мессенджер арқылы алған нұсқауларына сәйкес әрекет еткенін айтты. Оның міндеті - айтылған мекен-жайлардан ақша алу және оны белгілі бір банктік шоттарға аудару. Бұл үшін ол, 50-ден 100 мың теңгеге дейін ақы алып отырған. 

Қазіргі таңда, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, оның аясында қылмысқа қатысы бар басқа да тұлғалар анықталып жатыр. 

Тәртіп сақшылары азаматтарға алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертеді. Алаяқтар өздерін полиция қызметкерімін деп таныстырып, туысыңыздың қиындыққа тап болғанын хабарлап, белгілі бір сома мәселені шеше алады деп сендіруі мүмкін. Мұндай жағдайда 102 телефоны бойынша полицияға хабарласып, ақпаратты тексеру керек. Ешбір жағдайда үрейленбеңіз, ақшаны бейтаныс адамдардың шотына аудармаңыз, қолма-қол бермеңіз.