Шымкент Қазақстанда инвестиция тартуға ең қолайлы өңір. Биылғы жылдың бес айында үшінші мегаполиске тартылған инвестиция көлемі 22%-ға артқан. Өңдеу өнеркәсібінде құны 14 миллиард теңгені құрайтын 14 жоба биыл іске асырылады, нәтижесінде 300-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Өткен аптада елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде берген брифингте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осындай статистикалық мәліметтерді келтірді.
Шымкентте 5 айда құрылыс жұмыстары 29%-ға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 73%-ға, бөлшек сауда көлемі 25%-ға артқан. «Ендігі кезекте қаланың стратегиялық дамуына көп мән беруіміз қажет. Бірінші кезекте қаланың бас жоспарын демографиялық өсім қарқынына байланысты қайта қарап, жаңадан әзірледік. Қазір ол сараптамадан өтіп жатыр, осы жылдың соңына дейін бас жоспарды бекітеміз», – деді қала әкімі. Осы бас жоспарға қарап қаланың бес жылдық даму жоспары қайта қаралған, бүгінгі күні алда тұрған басым салалар белгіленген. Бірінші басымдық – кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті қолдау. Әкімнің айтуынша, қалада 5 өндірістік алаң жұмыс істейді, 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрумен 358 млрд теңгеге 337 инвестициялық жоба іске асырылуда. «Бүгінде қолданыстағы өндірістік аймақтардың толымдылығы 90%-ға жетті. Сол себептен, жаңадан өндірістік алаңдарға қажеттіліктің артуына байланысты тағы 5 өндіріс аймағын құру жұмыстары жүргізілуде», – деді М. Әйтенов. Жаңадан ашылатын индустриялық аймақтың бірі – «Жұлдыз». Онда машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады, 200 млрд теңгеден астам қаржыға ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс аумағын дамыту мақсатында құрылатын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агроиндустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелері құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 21 жобаға 23 млрд теңге инвестиция тартылып, 1800-ден астам жұмыс орны ашылады. Одан басқа, сауда-логистика орталығын кеңейте отырып, бүкіл оңтүстік өңірі үшін өңірлік хаб құру жұмыстары басталды. Жоба 2023-2027 жылдар аралығында іске асырылмақ.
Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламадан бөлек, жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама аясында 1,4 млрд теңге бөлініп, жыл басынан бері 153 жобаға 412 млн теңгеге қолдау көрсетілген. «Бұл ретте жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін 1 пайыздық мөлшерде 10 млн теңгеге дейін несиелендіру қарастырылған. Одан басқа, бағдарлама аясында кәсіпкерлерге өндіріске бағытталған, жеңілдетілген несиелер беру қарастырылған», – деп нақтылады қала басшысы.
Биыл Шымкент қаласында 18 мектеп пайдалануға беріліп, үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешімін табады. Қалада 134 мың оқушы ыстық тамақпен, 54 мыңға жуық оқушы мектеп формасымен қамтылған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 2026 жылға дейін 28 мың орындық 18 мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар екі Оқушылар сарайының құрылысы басталып, оның біреуі биыл пайдалануға берілмек. «Одан басқа, 750 орындық 5 өнер мектебінің құрылысы жоспарлануда», – деді М. Әйтенов. Денсаулық сақтау саласында соңғы 4 жылда 12 жеке емхана ашылып, мемлекеттік емханалардың жүктемесі 30%-ға азайды. Өткен жылы қалада жеке инвестор есебінен сәулелі терапия орталығы ашылып, қатерлі ісік ауруын бастапқы сатысында анықтап, алдын ала емдеуге мүмкіндік берілуде. Ал биыл жеке инвестор есебінен үш жаңа емхана ашылды. «Осы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан жалпы өлім-жітім көрсеткіші 8%-ға, сәбилер өлімі 20%-ға төмендеп, аналар өлімі тіркелмеген. Сонымен бірге 2025 жылға дейін жаңа заманауи перзентхана және жеке инвесторлар есебінен 800 орындық клиника құрылысы, 6 медициналық орталық ашуды жоспарлап отырмыз», – деді қала басшысы.
Сонымен қатар ол бұқаралық спортты дамыту мақсатында үш жыл бұрын қалада елімізде алғаш рет «Шымкент жастар лигасы» атты бірегей жоба қолға алынғанын еске салды. Лигаға оқушылардың қызығушылығы жылдан-жылға арта түсуде. Биыл оған 151 мектептен 500-ден астам команда, яғни 6 мыңға жуық оқушы қатысқан. «Қалада спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл үстел теннисі спорт кешені және жаңа ипподром құрылысы, «Металлург» стадионын реконструкциялау жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді», – деді М. Әйтенов.
Қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы қала қалыптастыру мақсатында биыл Шымкентте 9 гүлзар, 1 саябақ салу және қала орталығындағы Қошқар ата өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. «Сонымен қатар, аумағы 42 гектарды құрайтын «Шымсити» шағын ауданында жаңа саябақ құрылысын бастап кеттік. Қаладағы демалыс аймақтарын ұлғайту мақсатында, жоспарға сәйкес жыл сайын 10 гүлзар салынатын болады,- деді қала әкімі. Сонымен бірге соңғы үш жылда қаладағы әлеуметтік маңызы бар 472 көше жарықтандырылып, қамту деңгейі 2 есеге артып, 30 пайыздан 63 пайызға жетті. Ағымдағы жылы 104 көшеге жарықтандыру жүргізіліп, нәтижесінде қамту деңгейі 63 пайыздан 70 пайызға жетеді. Ал қала тұрғындарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында, осы жылы 20 елді мекенге оптикалық және 28 елді мекенге базалық станция орнатылады. Сонымен қатар, өткен жылы қалаға жоғарғы жылдамдықты 5G интернет желісі бар 10 станция орнатылса, биыл 147 станция орнату көзделіп отыр.
– Көлік инфрақұрылымы саласында қаладағы жолдардың сапасына және кептелістерге байланысты көптеген сындар айтылды. Аталған салаға ауқымды қаражат қажет етуіне байланысты, ірі жобалар кейінгі жылдарға шегеріліп келді. Біз бірінші кезекте, халыққа қажетті ауыз су, электр, табиғи газ мәселесін қолға алдық. Нәтижесінде біршама мәселе шешімін тапты. Ендігі кезекте көлік инфрақұрылымын дамытуға көп көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда, көлік инфрақұрылымын дамытуға бөлінетін қаражаттың көлемі биыл 38,0 млрд теңгеге жеткізілді. 2018 жылмен салыстырғанда 5 есеге ұлғайтылды,– деді М.Әйтенов.
Жалпы, соңғы 5 жылда ұзындығы 900 шақырымнан астам асфальтталған жол салынып, қаланың орталық бөлігіндегі ірі жолайрық пайдалануға берілді. Биылғы жылы қалаға кіреберістегі басты магистралды жолдағы жолайрықтың құрылысы, қаланың Солтүстігі мен Оңтүстігін байланыстыратын магистралды жолдың, қаланың транзиттік әлеуетін арттыратын айналма жолдарды пайдалануға беру жоспарлануда. Нәтижесінде, жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесі 54 пайыздан 71 пайызға артатын болады. Жолаушылар тасымалының деңгейін арттыру мақсатында да, қаладағы автобустар паркін соңғы 5 жылда 35 пайыздан 90 пайызға дейін жаңартып, шалғайда орналасқан елді мекендер толығымен автобуспен қамтылды. Сонымен қатар, жеке инвестор есебінен құрылысы жүргізіліп жатқан жаңа әуежай терминалын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, темір жол вокзалы сенімгерлік басқаруға беріліп, жеке инвестор есебінен толығымен қайта жаңартылатын болады. Атқарылып жатқан құрылыстар бітсе, әуежайдың жолаушыларды өткізу қабілеті сағатына 200 адамнан 2 000 адамға, темір жол вокзалы тәулігіне 2 000 адамнан 6 000 адамға дейін артады. Нәтжесінде, жол бойындағы қозғалысты жандандыру арқылы мегаполис тұрғындарының тұрмысы мен өмір сапасы да жақсаратын болады.
Брифингте журналистер жергілікті дендропарктің тағдыры туралы сұрап, орналасқан жерді сату туралы қауесеттерге қатысты түсінік беруін сұрады. Бұл орайда қала әкімі дендропарк ерекше қорғалатын аумақта орналасқанын, сондықтан ол аумақ сатылмайтынын айтты. «Сонымен қатар, біз дендропарктің меншігіне бұрынғы жылдары айырылып қалған 30 гектар жерді қайтардық», – деді қала басшысы. Оның айтуынша, дендропарктің басты қиындығы, бір қызығы, суару жүйесінің болмауы. Бұл қазіргі жағдайға әкелді. Биыл жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, суару жүйесін салуға бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта тиісті зерттеулер жүргізілуде, өйткені бұрын бұл жерде қоқыс полигоны болған. «Дендропарк – Шымкент қаласының мақтанышы. Бір кездері мұнда 300-ге жуық ағаш түрі болған, қазір 100-ге жуық түрі қалды. Келесі жылдан бастап суару мәселесі жойылады, біз жасыл желекті қалпына келтіруге және алуан түрлілігін бұрынғы деңгейіне жеткізуге тырысамыз», – деді М.Әйтенов.
Әкімнің айтуынша, мегаполис бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсуде. Жыл сайын мұнда 33 мың сәби өмірге келеді немесе әр 15 минут сайын бір сәби дүние есігін ашады. Осы орайда барлық талаптарға сай келетін және соңғы озық техникамен жабдықталған заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы туралы мәселе өткір тұр. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз 200 төсек-орындық перзентхана құрылысына жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауды аяқтаймыз, жыл соңына дейін конкурс жариялауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, 2025 жылға қарай аяқтау көзделуде. Қалада қазірдің өзінде үш перзентхана бар. Бұл ең үлкен төртінші перзентхана болады», – деп сөзін қорытындылады үшінші мегаполис әкімі.
Қ.Әбдірахман