Тонаушылар тиісті жазасын алды

Қысқаша

Тонаушылар тиісті жазасын алды

Шымкенттің 22 жастағы тұрғыны "Iphone 14" маркалы ұялы телефонын сатпақ болып, интернетте өзінің гаджетін сату туралы хабарландыру жариялаған. Көп ұзамай оған сатып алушы қоңырау шалып, Тельман шағын ауданына келуді өтінген.

Screenshot_6.jpg

Шымкент қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуге, белгіленген уақытта үш ер адам келген. Олар, тауарды тексергеннен кейін, сатып алу үшін қолма-қол ақша төлеп, кетуге асыққан. Бірақ сатушы ақшаның жалған екенін дер кезінде байқап, күдіктілерді қайта өзіне қаратады. Сол сәтте олардың бірі жәбірленушіні ұрып, кейін үшеуі де көлікпен оқиға орнынан қашып кеткен.  Жәбірленуші  Абай ауданының полиция басқармасына арызданған. 

– Аталған жайт ҚР ҚК-нің 191-бабы "Тонау" бойынша тіркелді. Іздестіру іс-шаралары барысында Шымкент ҚПД жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларындағы жазбалардың көмегімен біз күдіктілердің автокөлігінің ізіне түсіп, олардың жеке басын анықтадық. Олар 21, 22 және 23 жастағы қызылордалық тұрғындар болып шықты. 3 тәулік ішінде олардың екеуі Қызылорда қаласында ұсталды», – деді тергеуші Мардан Шәріпбаев.

Сот үкімімен екі тонаушыға қатысты үш жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Біраз уақыттан кейін қылмысқа қатысы бар үшінші адам да қолға түсті. Алдағы уақытта оның ісі де сотқа жіберіледі. Тәртіп сақшыларының жедел әрі нәтижелі қызметінің арқасында ұялы телефон заңды иесіне қайтарылды.

Ал мұның алдында шымкенттік ерлі-зайыптыларды тонаған түркістандық төрт тұрғын құрықталды  Тұран АПБ-ның “102” арнасына жергілікті азамат арызданды. Ол өз шағымында, түнде күйеуімен бірге үйіне оралғанда белгісіз төрт адам ұрып-соғып, тонап кеткендігін жеткізді. Олар жәбірленушіден ақша мен смартфоны бар сөмкені алып кеткен. Келтірілген шығын көлемі 350 мың теңгені құрады. 

– Біз тонауға қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау бойынша бірқатар жедел іс-шаралар жүргіздік. Куәгерлермен сөйлесіп, оқиға орнына жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбалары тексерілді. Соның арқасында, біз күдіктілердің ізіне түстік, – деді Тұран АПБ-ның тергеушісі Қанат Өтеген. 

Нәтижесінде 2 тәулік ішінде екі күдікті қаладағы жабық базар аумағында, тағы екеуі Ордабасы ауданы аумағында ұсталды. Олардың барлығы Түркістан облысының тұрғындары болып шықты. Тоналған мүліктер заңды иесіне қайтарылды.

Өз кезегінде жәбірленушілер полиция департаменті бастығы Қайрат Дәлбековтің атына алғыс хат жазып, құқық қорғау органдарының жедел жұмысы үшін ризашылықтарын білдірді.