Шымкентте пошта жөнелтілімдері тексерілуде

Қысқаша

Шымкентте пошта жөнелтілімдері тексерілуде

Шымкентте есірткі құралдары мен психотропты заттардың заңсыз енуіне сенімді тосқауыл қою мақсатында Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері ұдайы түрде бірлескен тексеру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Screenshot_15.jpg

Шымкент қаласы Полиция департаментінің хабарлауынша,   Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында шымкенттік полицейлер кезекті іс-шараны Шымкент қаласында орналасқан «Қазпошта» АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының пошта сұрыптау-тасымалдау басқармасында жүргізді.

Аталған мекеменің цехінде Кинологиялық қызмет орталығының қызметтік иттерінің қатысуымен өткен тексеру пошта жөнелтілімдері арасында есірткі контрабандасын, сондай-ақ өзге де заңға қайшы заттарды заңсыз тасымалдау деректерін анықтау мен жолын кесуге бағытталды.

Атап өту қажет тексеру жұмыстары «Қазпошта» АҚ құрылымдық бөлімі мен Шымкент қаласы Полиция департаменті арасындағы бірлескен іс-шаралар жоспары негізінде жүргізілуде.

Ал мұның алдында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған айлық іс-шаралар аясында Шымкент қаласындағы №75 мектеп-гимназиясының оқушыларына «Заң – қоғамның негізгі тірегі» тақырыбында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық сауаттылықтарын арттыру мақсатында «құқықтық сағат» ұйымдастырылды. Кездесуге Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылымысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков қатысты. Ол мектеп оқушыларына заңның үстемдігін, оны бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Сонымен қатар, алдағы 3 айдағы демалыс алдында жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытында пайдалы істермен айналысуға шақырды. Іс-шара барысында оқушылар көкейлеріндегі жүрген сұрақтарын қойып, кеңінен жауап алып, өзара еркін пікір алмасты.

Осындай шара Шымкенттегі   М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің колледжінде жалғасты. Басқосуда Б.Қарабеков есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, нашақорлықтың қалыптасуы кезінде «дәріхана нашақорлығының» қауіптілігі, жаңа психоавтивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды мәліметтер беріп, одан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап көрсетті. 

Айта кетері, білім ордаларындағы қауіпсіздік мәселесі тәртіп сақшыларының ерекше назарында.  Жуырда мегаполистегі мектептер мен колледждерінде білім алушылардың өмір қауіпсіздігін нығайту мақсатында Шымкент қаласы ПД-нің мәжіліс залында маңызы зор кездесу өтті. Жиынға департамент бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Ермахан Абдраманов төрағалық етті. 

Сондай-ақ, күзет қызметін бақылау бөлімінің жеке құрамы, әкімдік және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері, төтенше жағдайлар департаменті, білім басқармасы мен күзет ұйымдарының мүшелері де қатысты. 

Шара барысында, білім ошақтарындағы қауіпсіздік мәселесі сөз болып, Шымкент қаласы Полиция департаменті Күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы полиция майоры Нұрдәулет Илесов баяндама оқыды.  Онда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған бейнекамералар, «SOS» батырмалары мен күзет ұйымдарының қызметі туралы ақпарат берілді.  Баяндамадан соң, жауапты өкілдер қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі кемшіліктерді ортаға салып, қызу талқылады. Оның ішінде күзет ұйымдарының қызмет көрсету сапасы мен олардың тарапынан заңсыз іс-әрекеттерге жол бермеу мәселелері сөз болды. Жиын соңында, тәртіп сақшылары мен күзет ұйымдары бірлесіп заң шеңберінде қызмет атқаруға уағдаласты.