Полицейлерге арналған семинар-тренинг

Қысқаша

Полицейлерге арналған семинар-тренинг

Шымкентте тәртіп сақшылары психологиялық семинар-тренинг өткізуде. Шымкент қаласы Полиция департаментінде басшылық және жеке құрам қызметкерлерінің қатысуымен психологиялық семинар-тренинг өтті. 

Screenshot_19.jpg

Іс-шара барысында психолог мамандар полиция қызметкерлеріне азаматтармен қарым-қатынас орнату кезінде сыпайылық таныту, өзін қарапайым әрі сабырлы ұстау және кәсіби құзыреттілігін дұрыс пайдалану туралы түсіндірді. 

Сондай-ақ, әлеуметтік-психологиялық бейімсіздену көріністерінің, қызметтік психологиялық жарақаттардың, жарақаттан кейінгі күйзелістің алдын алу жолдары жайында сөз қозғады. 

Семинар-сабақта арнайы слайд пен бейнематериалдар көрсетіліп, қызметкерлер тарапынан қызу талқыланды. Тәртіп сақшылары жеке пікірлерін ортаға салып, мамандардан психологиялық кеңестер мен бағыт-бағдар алды. 

Одан бөлек, полицейлердің бұлшық ет қысымын босату, эмоциясын тұрақтандыру, кәсіби шаршаудың алдын алу, өтпелі және жедел стрестен арылу мақсатында «Дыбыстық гимнастика», «Тыныс алуды бақылау» психотехникалық жаттығулары мен «Нейробикалық жаттығулар» жасатты.

Сонымен қатар, тренингке қатысушылардың есте сақтау қабілетін, ойын толық жеткізу, сөздік қорын арттыру дағдыларын пысықтайтын «Ақпаратты дұрыс жеткізу» жаттығуы өткізілді. Тәртіп сақшылары пайдалы ақпаратқа толы жиыннан кейін, сергек көңіл-күймен қызметтеріне тарады.

Ал мұның алдында тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласындағы №127 мектепте оқушылармен кездесу өткізген болатын

Іс-шарада Еңбекші аудандық Полиция басқармасының аға учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Н.Себаев мектеп оқушыларына құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша сабақ өткізді. Дәрісте жасөспірімдер арасында кеңінен тараған заң бұзушылық, зорлық-зомбылық, әлімжеттік, өз-өзіне қол жұмсау, нашақорлық, темекі оның ішінде электронды шылым тақырыптары қозғалды. 

Полиция капитаны қазіргі кездегі қоғамдағы құқықбұзушылықтың себеп-салдары, оның алдын алу жөніндегі жүргізіліп жатқан шараларға тоқталды. 

«Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Жасөспірімдердің қылмысқа баруының негізгі себебі – олардың нақты бір мақсат-мүддесінің жоқтығы. Бұл тұрғыда ата-аналардың көпшілігі жұмысбастылық салдарынан балаларына жеткілікті көңіл бөлмейтіндігін де айта кету керек», – дейді Нұрсерік Қалдыбекұлы. 

Кездесуге қатысқан оқушылар мен ұстаздар мектеп инспекторына өз көкейлеріндегі сауалдарын қойып, оған толыққанды нақты жауаптар алды. 

Сондай-ақ, осындай іс-шара қаладағы №65 мектептің оқушыларымен де өтті. Іс-шарада Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы Ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторы полиция майоры Ербол Елеупов балаларға құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша сабақ өткізді. Жасөспірімдер арасында кеңінен тараған заң бұзушылықтың алдын алу, темекі оның ішінде электронды шылым, есірткіні қолдану мен нашақорлықтың алдын алу бағытында түрлі профилактикалық жұмыстар және сабаққа кешігу мәселелері сөз болды. Сондай-ақ түнгі уақытта яғни сағат 22:00-ден кейін ойынхана мен кафе, кинотеатр мекемелерде ата-анасының қарауынсыз жүрген жағдайда айыппұл төлейтіндері туралы ескертті. Тәлім мен тәртіптің маңыздылығын кеңінен талқыланып, қылмыс пен құқықбұзушылықтар үшін қарастырылғанын жауапкершілік түрлері түсіндірілді.

Кездесу аясында полиция майоры Е. Елеупов қазіргі кездегі қоғамдағы құқықбұзушылықтың себеп-салдары, оның алдын алу жөніндегі жүргізіліп жатқан шаралар жайлы сөз қозғады. Жиынға қатысқан оқушылар мен ұстаздар қонақтарға өз көкейлеріндегі сауалдарын қойып, оған толыққанды нақты жауаптар алды.