Ептіліктің өзі ерлік

Қысқаша

«Айбын-2023» сайысына қатысатын шымкенттік сарбаздар анықталды

Баршаңызға белгілі, еліміздің Президенті,  Қазақстан Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Астана қаласында 5-мамыр күні бүкілармиялық кеңес отырысы өтті. 

Screenshot_21.jpg

Аталған кеңес отырысында мемлекет басшысы "Біз батырларымыздың ерлігін үнемі дәріптеп отыруымыз қажет. Осыған орай әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу керек. "Жау жоқ деме, жар астында" деген сөз бар. Қазіргі күрделі кезеңде Армияның рөлі күшейе түсті. Армия егемендігімізді қорғауға әрдайым дайын болуы қажет. Оның кәсіби дайындығы, заманауи қару-жарақпен, озық технологиямен жабдықталуы басты факторға айналды. Әскердің білікті болуы және ұтқырлығы ұрыс нәтижесіне тікелей әсер етеді. Армия осы талапқа сай болса, өз міндетін ойдағыдай атқарады. Сондай-ақ, «Жас сарбаз» қозғалысын дамытып, оны ұлттық деңгейге көтерген жөн" деді. Өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық рухын көтеруге баса мән беру қажеттігін де айрықша атап өтіп, ардагерлер мен сарбаздарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. Президент тапсырмасына сәйкес, еліміздің түкпір-түкпірінде әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға байланысты түрлі іс-шаралар мен жиындар өткізілуде. 

Осыған орай, Шымкент қаласында  "Біртұтас ұлт - біртұтас әскер" жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдарламасы аясында "АЙБЫН - 2023" ІХ республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының қалалық іріктеуі өтті.

Мектепішілік сайысқа отыз мыңға жуық оқушы, бөліктік сайыстарда он екі мың, аудандық сайыстарға үш мың бес жүз оқушы қатысты. Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты N127 жалпы орта білім беретін мектепте қалалық іріктеуге Қаратау, Еңбекші, Абай, Әл-Фараби және Тұран аудандарынан жүз жиырма оқушы қатысты. 

Қарағанды қаласы Спасск оқу-жаттығу базасында өтетін әскери-патриоттық жастар сайысы көрмеге (турникке) тартылу, арқаға жатып денені көтеру, пневматикалық қарумен ату, жеке қорғаныш құралын кию, АК-74 автоматын жартылай бөлшектеп, жинау, әскерилендірілген эстафета, арқан тарту, "Айбын" зияткерлік ойыны, "Айбын жұлдызы" шығармашылық байқауы мен "Smart Sarbaz - 2023" робототехника байқауы және әскери далалық, тактикалық ойын ережелері бойынша өтеді. 

Іріктеу кезінде Шымкент қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Әбдіғабит Шегебаев:

"Біз өз ортасында оқ бойы озық шығатын оқушыларды Республикалық "АЙБЫН - 2023"  әскери-патриоттық жастар сайысына жібереміз. Біздің негізгі мақсатымыз - Президентіміз жүктегендей, әскери патриоттық тәрбиені күшейту, өскелең ұрпақты Отансүйгіштікке баулу. Бұл сайысқа он төрт-он жеті жас аралығындағы оқушылар қатысып, бақтарын сынауда. Мектепішілік, аудандық сайыстарда белсенді қатысып, өздерін дәлелдей білген жастарымыз бүгінгі қалалық деңгейге өтіп отыр. Бүгін шешуші сәт, яғни Республикалық сайысқа өтетін бір команданы анықтайтын боламыз" деді. 

Президент төрағалығымен өткен  бүкілармиялық кеңесте сөз сөйлеген, "Қарулы күштер ардагерлерлері" Республикалық қоғамдық бірлестіктері Шымкент қалалық филиалының төрағасы, Азаматтық альянс құрамындағы Шымкент қаласы қоғамдық бірлестіктер коалициясының бас төрағасы, зейнеттегі полковник Серікбай Омбаев:

"Бір ай бұрын басталған бүгінгі сайысымызға қаламыздағы "Жас ұлан", "Жас сарбаз" сыныптары арнайы дайындық деңгейлерін көрсетіп жатыр. Былтырғы жылы сегізінші рет болған Республикалық  "АЙБЫН - 2022"  әскери-патриоттық сайысында Шымкент қаласынан барған "Болашақ" командасы қырық команданың ішінен бірінші орынды иемденіп қайтты. Айта кетерлігі, сол сайыс кезінде біздің бір қызымыз сүрініп құлап, тобығын тайдырып алды. Дегенмен де, межеге дейін барып, жеңіске жетуге үлкен үлес қосты. Оқушы қыздың бұл ерлігі мен табандылығына риза болған Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов поездға алған билетімізді қайта өткізуімізді сұрап, команда мүшелерінің барлығына арнайы әскери ұшақпен қайтуына үлес қосып, әр балаға бір-бір велосипедтен үлестірді. Биылғы жылы да жас сарбаздарымыз жеңіспен оралады деп сенеміз. Жеті команданың қатысуымен өтіп жатқан сайыста іріктеу барысында екі команда жеңімпаз атанады" деп, сарбаздарға сәттілік тіледі. 

Айта кетейік, іріктеу кезеңінде N36 Ерке-Наз бөбекжай балабақшасының "Жас сарбаз" бүлдіршіндер командасы патриоттық әндерін орындап, көпшілікті өз өнерлерімен сүйсінтті. Балабақша меңгерушісі  Перизат Құлшынбайдың сөзіне сәйкес, қазіргі таңда балабақшада әскери патриоттық тәрбиеге баулу мақсатында ағымдағы жылдың оқу жылынан бастап арнайы "Жас сарбаз" тобы құрылған. Бүгінгі таңда, арнайы құрылған әскери топта он сегіз бала тәрбиеленуде. Тәрбиеленушілерді әскери іс-шаралар мен жиындардан, сайыстардан қалдырмай қатыстырып келеді.

Аян Ілесұлы бас төрешілік еткен қалалық іріктеу сайысының нәтижесінде, Еңбекші ауданының командасы бас жүлде, Тұран ауданының командасы бірінші орын, Әл-Фараби ауданының командасы екінші орын, Қаратау ауданының командасы үшінші орындарды иемденді. 

Әскери патриоттық сайыстың әділқазылары Сейіт Амангелді, Ерболат Байтұрсынов, Данабек Тұран мен Арман Құдайбергеновтің шешімімен Еңбекші және Тұран аудандық командалар арасынан он бес бала (он ұл, бес қыз) Қарағанды қаласы Спасск оқу-жаттығу базасында 20-25 маусым аралығында өтетін Республикалық тоғызыншы рет өтетін "АЙБЫН - 2023"  әскери патриоттық сайысына Шымкент қаласының атынан қатысады деп шешілді.

Әскери жаттығуға ең басты қойлатын талап - ептілік. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының сөзімен айтқанда ептіліктің өзі - ерлік. Ептілігімен, ержүректілігімен қалалық іріктеуден өткен жас сарбаздардың жеңіспен оралуына сенім білдіріп, сәттілік тілейміз. Бастысы, еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін тынбай жаттығып жүрген Жаңа Қазақстанның жасампаз жастары жасасын!