Есепте тұрған отбасыларға бақылау жүргізіледі

Қысқаша

Есепте тұрған отбасыларға бақылау жүргізіледі

Шымкент полицейлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. 

Screenshot_13.jpg

Қалалық Полиция департаментінің хабаралуынша, жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлары тұрмыстық жағдайларда әйелдерге қатысты жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алу және оны болдырмау, осы бағытта қабылданып жатқан шаралармен таныстыру, сондай-ақ отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге психологиялық және құқықтық көмек көрсету мақсатында тұрақты негізде іс-шаралар өткізуде. 

Мәселен, Абай ауданы полиция басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары әкімшілік аумақтың тұрғындары арасында отбасылық-тұрмыстық қатынастар бағытындағы заңнаманы түсіндіру бойынша профилактикалық жұмыс жүргізді. Шара барысында полицейлер отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша ақпарат көрсетілген парақшаларды таратып, осы бағыттағы сұрақтармен жүгінген әйелдерге құқықтық кеңес берді. 

Айта кетейік, тәртіп сақшылары тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді дағдарыс орталықтарына орналастыруға қажетті көмек көрсетеді. Сонымен қатар, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы ювеналды полиция қызметкерлерімен бірге ішкі істер органдарында есепте тұратын отбасыларға жүйелі бақылау жүргізеді. 

- Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаңыз, полицияның көмегіне жүгіне алатыныңызды еске саламыз,-деп хабарлады Шымкент қалалық Полиция департаменті.