Шымкент қаласында тоғыз тәулік ішінде жасөспірімдердің қатысуымен 600-ге жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасын тұрақты түрде өткізіп келеді. Іс-шараның негізгі мақсаты - қала аумағында кәмелет жасына толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі уақытта ойын – сауық орындарында болған, ата-анасының бақылауынсыз жүрген балаларды, мектептерде құқық бұзушылыққа бейім лидерлерді анықтау.
Шара барысында кәмелет жасына толмағандарға қатысты 574 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде Әкімшілік құқықбұзукшылық туралы кодексінің 132-бабы (кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол беру) бойынша – 18, 200-бабы (Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу) – 1 жайт, 442-бабының 1 бөлігі (кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы) бойынша – 21 жасөспірім анықталды.
Сондай-ақ, аталған кодекстің 442-бабының 2-бөлігі (кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуы) бойынша – 524, 127-бабы (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша 3 ата-анаға әкімшілік шара көріліп, қадағалаусыз жүрген 66 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды.
Шымкент полициясы ата-аналарға балаларыңыздың бос уақытында қандай іспен айналысып жүргендіктеріне баса назар аударып, мұқият көңіл бөлулеріңізді ескертеді.
-Өз балаларыңыздың тәртібі мен қауіпсіздігі үшін жауапты екендеріңізді назарда ұстаңыздар,-дейді тәртіп сақшылары.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ішкі істер министрлігінің нұсқауымен Шымкентте полиция қызметін цифрландыру бойынша бірқатар жаңа қосымшалар қолданысқа енгізілді.
Оның ішінде, Шымкент қаласы «Mega Planet» ойын-сауық орталығының алдына алғаш рет Жедел басқару орталығына қосылған «SOS» дабыл түймесі орнатылды.
Мұндағы басты мақсат, мегаполис тұрғындарының қауіпсіздігін бұрынғыдан да нығайтып, кез-келген жағдайда азаматтарға қолжетімді болу.
Өз кезегінде, қала аумағында орын алған құқықбұзушылықтың куәсі немесе құрбаны болған азаматтар «SOS» түймесі арқылы полициямен шұғыл байланысуға мүмкіндік алады.
Бұдан бөлек, тұрғындар ұялы телефонының қуаты сөніп қалса , бағалы мүлкі мен құжаттарын жоғалтып алса немесе өзін жайсыз сезінген жағдайда дабыл батырмасын басу арқылы полицияның көмегіне жүгінеді.
Орнатылған құрылғының ерекшелігі - тәртіп сақшылары шұғыл байланысқа шыққан адамның жай-күйі мен оның маңындағы ахуалды бейне-аудио байланыс арқылы толық бақылай алады.
Сондай-ақ, бейнебақылау инспекторлары көмекке арнайы автоэкипаж жолдап, жағдайды дер кезінде реттеуге мүмкіндік бар.
Алдағы уақытта, Шымкентте тағы 25 жаңа дабыл батырмасын іске қосу жоспарлануда.