«Ұлттық тәрбие және сабақтастық»: ОҚМПУ-да республикалық форум ұйымдастырылды

Қысқаша

«Ұлттық тәрбие және сабақтастық»: ОҚМПУ-да республикалық форум ұйымдастырылды

Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде 27-28 сәуір күндері «Тарихи тұлғалар: ұлттық тәрбие және сабақтастық» республикалық форумы өтті.

Screenshot_4.jpg

Шараның мақсаты – ұлт тарихындағы кемеңгер тұлғалардың парасат пайымын зерделеу, олардың ой мұрасын, тәлімдік қасиетін жаңғырту, ұлттық тәрбие желісін сақтай отырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру. Форумға Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми өкілдері, мемлекеттік органдардың жауапты тұлғалары, республикадағы жоғары оқу орындарының әлеуметтік және  тәрбие істері бойынша проректорлары, оқу орындарының салалық департамент басшылары, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының өкілдері қатысты.

Форум жұмысы ОҚМПУ бас ғимаратында «Қазығұрт» фольклорлық ансамблінің өнерімен және «Ұстазға тағзым» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Форум қонақтарына «Ұлы Дала елі – өркениеттер тоғысында» археологиялық көрмесі мен студенттердің «Тарихи тұлғалар жастар көзімен» атты сурет және қолөнер шеберлерінің көрмесі таныстырылды.

Басқосудың ресми бөлімі «Тарихи тұлғалар» көрінісімен басталды. Сонымен бірге жоғары оқу орындарының алқалы мәжілісіне Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Әбілхаиыров Серғазы Кәрімұлы қатысып, форум қатысушыларына құттықтауын жеткізді. Биік азаматтық мәртебесі бар ұлы тұлғаларды құрметтеуге, олардың есімдерін халық жадында жаңғыртуға арналған елдік жиынның Шымкент қаласында өтуін үлкен мәртебе деп бағалап, халықтың тұғырлы тұлғаларының өмірлік жолы ұлттық тарихи сабақтастықтың үздіксіз дәстүрін жалғайтынын атап өтті.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің комитет төрағасының орынбасары А.Абылайханның «Бабалар аңсаған парасатты, кемел ұрпақ», ОҚМПУ Басқарма төрағасы-ректор Г.Сүгірбаеваның «ОҚМПУ трансформациясы және ұлттық код» тақырыптарындағы баяндамалары тыңдалды. Университеттің Басқарма төрағасы-ректор Гүлжан Сүгірбаева форум қатысушыларын Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті үлкен қуанышпен қарсы алып отырғанын жеткізіп, оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде ақпарат берді. 

Университет жетекшісі «ОҚМПУ трансформациясы және ұлттық код» тақырыбындағы баяндамасында ОҚМПУ 2020 жылдан бастап білім берудегі заманауи трендтерге сәйкес трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Бұл міндет сапалы заманауи білім, іргелі инновациялық ғылым, рухани құндылыққа негізделген тәрбие, дамыған инфрақұрылым басымдықтары бойынша іске асырылып жатқанына тоқталды.

Жаңа форматтағы педагогтарды даярлауда рухани кемелдену мен ұлттық кодты негізге алған университет кешенді ребрендинг жүргізгенін, нәтижесінде оқу орнының жаңа логотипі бекітіліп, оқу ғимараттарына«Шаңырақ», «Тұмар», «Қазына» сынды ұлттық атаулар берілгенін мәлімдеді. Негізгі аудиторияларға - «Ұлы дала», «Мәңгілік ел» атаулары берілсе, мәжіліс залы «Қазақстан» атауына ие болғанын хабарлады. Университет сайты тартымды форматқа көшірілгенін жеткізді. 

Ұлттық танымның өрісін кеңейтуде бірнеше халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылғанын, университет ғалымдарының бастамасымен ұлттық код тақырыбы бойынша тың мазмұнды ғылыми жобаларды іске асыру қолға алынғанын хабарлады.

Форум бағдарламасына сәйкес, спикерлер «Ұлы ұстаз - Әл-Фараби» «Абай Құнанбаевтың «Толық адам» ілімі және қазіргі жастар», «Әл-Фараби және Шәкәрім мұрасындағы «Кемел адам» мәселесі», «Ы.Алтынсарин мұралары тәрбие құралы ретінде», «Ұлы даланың ұлы қыздары», «Студенттік жастар арасында есірткі және нашақорлықтың алдын алу жұмыстары, кездесетін мәселелер мен шешу жолдары», «Академиялық адалдық және сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы жастардың үлесі», «Әлихан Бөкейханов және Алаш ағартушылары ұлттық тәрбие туралы», «Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегі және  жастар тәрбиесі», «Цифрлық технологиялар патриоттық тәрбие берудің құралы ретінде» тақыптарындағы баяндамалар жасады.

ОҚМПУ ректорының кеңесшісі, ф.ғ.д., профессор Мемлекет және қоғам қайраткері Құлбек Ергөбектің Өзбекәлі Жәнібектің тәрбие қайраткерлігі хақында «Мектеп ұстазы. Жастар ұстазы. Ұлт ұстазы» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалып, университетте «Өзбекәлі Жәнібеков орталығының» ашылу салтанаты өтті.

Құлбек Сәрсенұлы қазақтың қазіргі тарихында өзіндік орны бар бірегей тұлға жайлы тың деректерін ортаға салды. Ғалым еңбек жолын ауыл мектебінде қарапайым ұстаздықтан бастаған Ө.Жәнібековтің ұстаздық қабілетін айшықтап, жастардың көшбасшысы, идеологиялық жұмыстың қозғаушы күші санатындағы қайраткерлік қасиетін жоғары бағалады. Елден ерек қарымы, тағылымды еңбегі жөнінде кең мағлұматтармен мазмұнды баяндап берді. Сөзсіз Ө.Жәнібеков ұлттық руханиятқа өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Мәдениет саласын өрістетіп дамытты, ұлттық мәдени құндылықтарды қайта түлетіп жаңғыртты. Осылайша оның елге сіңірген еңбегі Ұлт ұстазы дәрежесіне биіктетті. 

Ал, форум аясында қайраткерлік рухтың тәлім-тәрбиеге қосар үлесі ескерілгені болар, оқу орны ішінен «Өзбекәлі Жәнібек орталығы» ашылды.

– Өзбекәлі Жәнібек – Ұлт ұстазы! ОҚМПУ ұжымы университетті қоғам қайраткерінің есімімен атасақ деген ұсынысын көпшілікке білдіріп отыр. Ал, бүгін осы ұсынысты жүзеге асырудың алғашқы қадамы ретінде «Өзбекәлі Жәнібек орталығын» аштық. Мұны — қоғам қайраткеріне деген құрмет, игілікті іс деп білген абзал. Расында да Өзбекәлі Жәнібек – Мектеп ұстазы. Жастар ақылман тәлімгері. Жоғарыда айтқанымдай қазақ халқының Ұлт ұстазы, – деді белгілі әдебиет сыншысы, қаламгер Қ.Ергөбек. 

Өз кезегінде «Орталық ұлт тарихындағы біртуар тұлғаның этнографиялық бай мұрасын зерттеуге қызмет етеді», дейді ғалымдар. Яғни, ұлттық құндылықтарды, қазақ мәдениетінің қалыптасу үрдісі мен даму белестерін ғылыми тұрғыда дәйектеледі. Сол арқылы педагог мамандардың білімі мен тәжірибесі бұрынғыдан да кеңейе түседі.

Жиынның екінші бөлігінде университетке келген қонақтар ОҚМПУ  қоғамдық кәсіптер даярлау орталығының үйірме жетекшілері өткізетін «Ұлттық код – рухани болмыс кілті» шеберлік сабақтарын тамашалады.

 Қатысушылар жоғары оқу орындарының проректорлары үшін «Мағжан Жұмабаевтың мұрасы негізінде балаларды цифрлық ойындармен тәрбиелеу мен оқыту», «Жоғары білім беру жүйесіндегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру әдістемелігі» семинарлары ұйымдастырылып, ашық микрофон форматындағы пікір алмасу алаңы ашылды.

Студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының өкілдері үшін көшбасшылық қасиет психологиялық тренингі өткізіліп, жастар мәселелеріне арналған пікір алмасу алаңында бас қосты. Келелі жиын ОҚМПУ жастарының гала-концертімен жалғасын тапты.

Айта кету керк, осы жылы «Қазақстан Республикасындағы жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» әзірленіп, бекітілді. Осы құжатта басым бағыттардың негізгісі ретінде  отандық ғалымдар санын арттыру, ғылыми экожүйені нығайту, ғылымның экономикадағы үлесін арттыру, университеттік ғылымды дамыту, ғылымды басқарудың тетіктерін жетілдіру айқындалған.

Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде өткен жылы ғылымды қолдауға 200 миллион теңгеге жуық қаржы бағытталды. Ғылым саласын гранттық қаржыландыру аясында 6 жоба іске асырылып, оның 3-уі «Жас ғалым» бағытына арналды.

Ал, 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға 13 жоба ұсынылды.

Университетте соңғы екі жылда 90-нан астам мақала халықаралық рецензияланатын журналдарда жарияланса, 20 әдеби туынды авторлық куәлік иеленді.

5 оқытушы-профессорымыз «Болашақ» стипендиясының иегері санатында ғылыми тағылымдамадан өтті.

Ғылыми зерттеу жұмыстарын университетішілік қаржыландыру шеңберінде 8,5 млн. теңгеге 8 жоба іріктеліп, іске асырылуда. Биылғы жылы бұл бағытқа қаралған қаржы 13,5 млн. теңгеге жетті.

Соңғы үш жыл көлемінде ОҚМПУ базасында 6 – халықаралық, 4 – республикалық ғылыми конференция өтіп, осы кезеңде 74 студент халықаралық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары атанған.

Өзара ынтымақтастықты арттыру мақсатында Тәжікстанның Худжанд мемлекеттік университеті, ҚР Мемлекеттік орталық музейі, «Қазақстан халқына» және «Kemel Bolashaq» қорларымен әріптестік байланыстар орнатылған

Сонымен бірге 28 сәуірде республикалық форумға қатысушылар «Жаңарған, жаңғырған, түрленген Түркістан» тақырыбы аясында Түркістан облысының аумағындағы мәдени-тарихи орындармен танысты.