Шымкентте Наурыз мерекесі ұлан-асыр тоймен аталып өтті. Қуанышты сәттің орын алуына екі жағдай себеп болса, соның бірі жаңа ипподромның ашылуы, екіншісі Наурыздың жаңаша дәстүрде тойлануы. Ұлыстың ұлы күнінің айрықша мерекеленуіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы түрткі болып отыр. Мемлекет басшысы өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында бұл жөнінде тұщымды ой атады.
«...Осы орайда, халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады. Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс» деді Президент.
Осыған байланысты ипподром маңындағы этноауылда өткен мерекелік той-думанның ерекше мазмұны Мемлекет басшысының осынау тапсырмасына сай қолға алынған шара болды. Бұл жөнінде шымкенттіктерді Наурыз мерекесімен құттықтауға келген ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов та баяндап өткен еді.
«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мерекесін атап өту тұжырымдамасын түсіндіріп өткен болатын. Осыған орай, мәдениет және спорт министрлігі ұлыстың ұлы күнін тойлау жөнінде жаңа тұжырымдама әзірледі. Тұжырыма негізінде әз-Наурызды барлық аймағы бірдей бір-ақ күн тойламай, «Амал мерекесі», «Тарихқа тағзым» секілді күндермен аталып, 10 күн тойлау ұсынылған болатын. Бүгін біз сол бағдарлама аясында жаңа ипподромда көшпенділердің рухын көтеретін тамаша көріністерге куә болып отырмыз. Балуандар белдесіп, аламан бәйге өтіп, теңге ілу, көкпар тарту сияқты ұлттық спорт түрінен жарыс өтті. Мұның барлығы Наурыздың мерекесінің сәнін кіргізсе, екіншіден алдағы жылы елімізде өтетін «Дүниежүзілік көшпенділер ойынына» қызу дайындығымызды арттырады» деді министр.
Жалпы 160-тан астам киіз үй тігілген этноауылда «Наурыз Шымкенттен басталады» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Соның аясында көптеген спорттық жарыстар мен мәдени сазды концерттер өтті. Мәселен Наурыз тойында боз кілемге шыққан палуандар күш сынасты. Олар тек өз елімізден ғана емес, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен де арнайы ат терлетіп келді. Бұдан бөлек садақ ату бәсекесі де тартысқа толы болды. бірінші мәрте жалауы желбіреген садақ атудан І Азия кубогін тамашалауға жұрт көп жиналды. Осының өзі адамдардың ұлттық спорт өнеріне деген қызығушылығы мен жанашырлығын, құрметін көрсетеді. Сондай-ақ Балғынбек Имашев сынды айтыс өнерінің дүлділі қазылық еткен аламан айтыс дүбірледі. Суырып салма ақындықтың қасиетін бойына дарытқан таланттар осы ақындар бәсекесінде бір-бірін сөзбен қағытып әдемі айтысты. Жиналған қауым рухани азық алып, бір жасап қалды. Асық ату жарысы да қызықты сәттерімен есте қалды. Осы ойын түрінен республикалық, халықаралық бәсекелерде дес бермей жүрген спортшылар бұл жолы Шымкенттің төрінде бас қосты. Сонымен бірге 2.5 тоннадай Наурыз көже әзірленіп, келушілердің барлығына таратылып шықты. Мерекелік жиында түрлі ұйымдармен бірге еліміздің әр өңірі де өздерінің атынан киіз үйлер тікті. Молынан дастархан жайылып, өткен-кеткен кісілер әр шаңырақтан дәм ауыз тиді. Ақшаңқан үйлердің алдында топтасып ән шырқаған қариялар ансамблі жұрттың көңілін бір демдеп тастады. Ал бозбалалар мен бойжеткендер этноауылдың шетінен орын алған арнайы орында алтыбақан теуіп, мәре-сәре боп шаттыққа көмілді.
Өз кезегінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов: «Әз-Наурыз – ырыс пен ынтымақтың мейрамы. Шымкент үшін биылғы жыл табысты болды. Қала экономикасының өңірлік өнімі 3 трлн теңгеден асты. Мұндай көрсеткіш Шымкенттің дамудың даңғыл жолына түскенін, қала тұрғындарының еңбекқор екенін аңғартады» деп атап өтті.
Жаңадан ашылған атшабарда да Наурыз мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Наурыздың құрметіне 18 шақырымды құрайтын аламан бәйге өтті. Мәре сызығын бірінші кескен шабандозға су жаңа жеңіл автокөлігі сыйға тартылды. Одан басқа теңге ілу мен көкпар тарту ұлттық ат спорты да көрермендерге керемет мерекелік көңіл күй сыйлады.
Жалпы ипподромның өзіне келсек, тура Ұлыстың ұлы күні қарсаңында аталған нысанды өз қаржысына салған BI GROUP компаниясы шымкенттіктерге сыйға тартты. Осынау қуанышты сәтке орай компанияның бас директоры Айдын Рахымбаев сөз сөйлеп, қала әкімі Мұрат Әйтеновке салтанатты түрде әрі ырымдап «алтын тағаны» табыстады.
Жаңа ипподромда еліміздегі ең үлкен бәйге алаңы бар. Ипподром аумағында 1 500 көрерменге арналған трибуна, ат аренасы бар манеждер, жабық стенд ғимараты, ветеринарлық блок, 300-ден астам көлікке арналған тұрақ қарастырылған. Трибунаның жоғары қабатында ашық терраса бар. Ұзындығы 2012 метр жарыс жолы салынған. Көкпарға, атпен секіруге арналған алаңдар кварцты құмдармен, табиғи тастармен безендірілген. Әлемдік стандарттарға сай салынған жаңа иипподром мегаполистегі халықаралық спорт және ойын-сауық жарыстары өтетін орындардың біріне айналып отыр.
Атшабардың ашылу рәсімі өте қызықты да әсерлі өтті. Ауа райының сол күні құбылып тұрғанына қарамастан жаңа нысанның келбетін көруге халық өте көп жиналды. Оның үстіне осы күні "GREAT QAZAQ GAMES" яғни Ұлы қазақ ойындары тұңғыш рет мегаполис төрінде туын тікті. Ал ашылу рәсіміне орай ұйымдастырылған мәдени концерттік бағдарлама барысында әр өңірдің салт-дәстүрін насихаттайтын Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің керуені көрермендер алдынан салтанат құрып өтті. Бұл керуендердің құрамында әр өңірдің белгілі өнерпаздары мен спортшылары болды. Батыс керуенін елімізге белгілі әнші Т.Асар, Шығыс керуенін дәстүрлі әнші А.Балажанова, Солтүстік керуенін танымал эстрада әншісі М. Садуақасова, Оңтүстіктің керуенін жергілікті дәстүрлі әнші Н. Серікбаева бастап шықты. Мұнан кейін бәйге, қыз қуу мен теңге ілу секілді ұлттық спорт түрлеріміз көрерменге паш етілді.
Осынау қауанышқа орай сөз алған Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов Наурыз мейрамының қарсаңында ұлттық спорттың дамуына оңды әсерін беретін үлкен, жаңа, заманауи ипподромды қарапайым халық та шаһар басшылығы да көптен бері күтіп жүргенін баяндады.
«Біздің осы қуанышымызға ортақтасып Шымкент қаласының, оңтүстік өңірдің дамуына еңбек сіңірген қадірлі ел ағалары еліп отыр. Баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, бүгін осы шараға арнайы уақыт бөліп келгендеріңіз үшін алғыс айтамын. Ипподромның ашылу салтанатына орай ұлттық спорт түрлерінен халықаралық жарыс өткелі отыр. Оған 1 мыңнан астам спортшы, соның ішінде 126 шетелдік спортшылар келіп қатысуда. Демек, жаңа ипподром ат спортының дамуына тың серпін береді» деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Ә.ҚОНЫСБАЙ