Мемлекет тұтастығының кепілі – Қарулы күштер

Қысқаша

Мемлекет тұтастығының кепілі – Қарулы күштер

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық масштабта да, жекелеген аймақтарда да күрт өзгеріп жатқан әлемдегі ахуалды жіті бақылап отыруға шақырды. Оның сөзінше, қазіргі қауіпсіздік архитектурасы дағдарысқа ұшыраған. Мемлекет басшысы ішкі толқулар, төңкерістер елдің тұтастығына сөзсіз әсер етеді деп санайды.

Screenshot_20.jpg

«Мұндай жағдайда мемлекеттің егемендігі мен тұтастығының жалғыз кепілі – Қарулы Күштер. Елімізді сыртқы қауіп-қатерден қорғап тұрған әскери қызметшілерді мемлекет әрдайым қолдайды. Президент және Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде қорғаныс саласына ерекше көңіл бөлуді өз жұмысымның басым бағыты ретінде санаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Шымкент қаласында орналасқан әскери бөлімдерде жауынгерлерді нағыз кәсіби әскери маманға дайындау жолында жұмыстар қызу жүріп жатыр. 

Әскерге барып диплом ал: университетке түсетін алғашқы сарбаздар

Шымкент гарнизоны баспасөз қызметінің хабарлауынша, Шымкенттегі механикаландырылған бригаданың мерзімді қызметтегі әскери қызметшілері тегін жоғары білім алу құқығын пайдалануға дайындалуда.Осы көктемде бүкіл ел бойынша мерзімді әскери қызметтің белгіленген уақытын өтеген және орта мектепті бітіргені туралы аттестаты немесе техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі бар 3000-ға жуық әскери қызметші еліміздің 70-тен астам жоғары оқу орнына түсуге жеңілдік алады. 

Механикаландырылған бригадада осы көктемде 120 сарбаз мерзімді әскери қызметін аяқтайды, олардың арасында жауынгерлік дайындығы мен тәртібі үшін жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, жоғары білім алу құқығын пайдалануға шешім қабылдаған жауынгерлер бар. Солардың бірі – қазір жүргізуші қызметін атқарып жүрген қатардағы жауынгер Нұрмұхаммед Авид. Қызмет аяқталғаннан кейін ол университетке “Спорт және туризм” факультетіне түсуді жоспарлап отыр. 

– Мен армиядан кейін тегін жоғары білім алуға мүмкіндігім бар екеніне өте қуаныштымын. Ол үшін жыл бойы әскери борышымды адал атқардым, берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындап, әрқашан алдыңғы шепте болдым және әскери тәртіпті қатаң сақтадым. Енді жақын арада мерзімді қызметімді аяқтағасын, өз арманымды жүзеге асырып, университетке түсе аламын, – дейді қатардағы жауынгер Нұрмұхамед Авид. 

Жаңа бастамалар енгізілген сәттен бастап әскери бөлімдерде жоғары оқу орындарына түсуге үміткерлер үшін қажетті әдебиеттерді пайдалана отырып, білімдерін толықтыру үшін жеке уақыт бөлінді. Сонымен қатар, кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында бөлімдерде әскери мектептен өткендер үшін түсу шарттары, мамандықтары, мүмкіндіктері мен артықшылықтары туралы ақпараты бар әртүрлі оқу орындарының буклеттері бар.

Айта кетсек, әскерден кейінгі азаматтарға арналған жоғары оқу орындарына түсу жеңілдіктерін алу үшін ХҚКО-ларда берілетін мерзімді әскери қызметті өткеру туралы анықтаманы және әскери билеттің көшірмесін қоса отырып, оқу орындарына құжаттар тізімін ұсыну жеткілікті.

Шымкенттік оқушылар оң қанатта сап түзеді

№18 орта мектепте Шымкент қаласының мектептері арасында «Саптық және әндер байқауы» әскери-патриоттық сайысының ақтық кезеңі өтті. Жарыс «Біртұтас ұлт – біртұтас әскер» әскери-патриоттық тәрбие бағдарламасының «Жас сарбаз: бейбіт елдің ұланымыз» аясында 200-ден астам қатысушының басын қосты. Мемлекеттік туды алып шығу және қатысушылардың баяндауы сайысқа ерекше салтанатты реңк беріп, жастарды патриотизм рухында тәрбиелеудің және аға ұрпаққа құрмет көрсетудің маңызды екенін көрсетті. Қалалық қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев құттықтау сөзінде мемлекеттің тарихын құрметтеу ғибрат аларлық іс екенін тілге тиек етіп, балаларға Отанның нағыз қорғаушысы болып өсіңдер деген тілегін айтты. 

– Мұндай іс-шаралар ұжымның жұмыла жұмыс істеуіне ықпал етіп, әскерге баруды, Отанды қорғауды абыройлы міндетім дейтін жастардың бойында терең рухани сезімін оятты, – деді полковник Әбдіғабит Шегебаев. 

Іс-шараның алдында ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Сынып жетекшілері оқушыларымен бірге ән, командаға бірыңғай киім түрін таңдады. Саптық командаларды орындаудың үйлесімді шығуы үшін көптеген жаттығулар жасалды. Жас әскер жасақтарын даярлаудың өзі салмақты және жауапты тәсілімен қызықты болды. Барлық командалар лайықты өнер көрсетті. 

«Жас ұлан» республикалық мектебінің бастапқы әскери дайындық және технологиялар бөлімінің бастығы, запастағы подполковник Андрей Лысяковтың төрағалығымен қазылар алқасы жұмыс істеді. Оған қалалық қорғаныс істері департаментінің, білім басқармасының және ардагерлер ұйымдарының өкілдері кірді. Командаларды даярлау бес ұпайлық меже және мынадай критерийлер бойынша, атап өтсек, баяндаудың анықтығы, киім нысаны, бұйрықты дұрыс беру, сапта жүру және қару-жарақпен саптық тәсілдерді орындау қабілеті бағаланды. Ұйымдастырушылар байқау нәтижесі оған қатысушылардың бойында  мақтаныш сезімін оятқанын атап өтті.

Сарбаздарды салтанатпен қарсы алды

Жас жауынгерлерді қарсы алу іс-шарасын гарнизон мен қалалық қорғаныс істері департаменті бастығы ұйымдастырды. 

Осы кеште Семей-Қызылорда пойызының келуі ерекше болды. 35748 әскери бөлімі оркестрінің салтанатты шеруінің үнімен Шымкент гарнизонының бастығы подполковник Дастан Мұхамеджанов, қалалық қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев, Қарулы Күштердің ардагерлері, сарбаздардың туыстары мен достары Отан қорғаушыларды теміржол вокзалының перронында гүлмен және шарлармен қарсы алды. Запасқа шығарылған әскери қызметшілердің кездесуі нағыз мереке атмосферасын құрған әскери оркестрдің шеру әуенімен өтті. 

– Осыдан тура бір жыл бұрын осы теміржол вокзалынан біз бұл жігіттерді әскер қатарына қосқанбыз. 12 ай ішінде олар нағыз батылдық емтиханынан өтіп, мінездерін шыңдап, өздерін қайта құрды. Әскери мектептен тәлім алған жастардың жұмысқа орналасу жағынан үлкен артықшылықтары бар, – деп атап өтті қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев.

Туған қаласына пойызбен келіп жеткен жауынгерлер ата-аналары мен жақындарының жүздерін көргенде ерекше қуанышқа бөленді. «Мен 12740 әскери бөлімінде қызмет еттім. Осы уақыт ішінде үлкен тәжірибе жинадым, жасым ұлғайып, ұстамдылығым арта түсті. Әскери және арнайы техникамен жұмыс істеу дағдыларын игеріп, ұжымдық жұмысты үйрендік. Басында қиын болды, бірақ кейін барлығына үйреніп кеттік. Қызмет барысында әртүрлі жаттығуларға қатыстық. Менің ойымша, әрбір жігіт осы мектептен өтуі керек», – дейді қатардағы жауынгер Бәйдібек Тұрған. 

Айта кетсек, сарбаздардың туыстары мен достары олардың бой түзеулері мен қалыптастырған тәртіптілігіне ерекше таң қалды. Әрине, осындай елінің, жерінің берік қорғаны болатын адамды тәрбиелеу үшін командирлер, сержанттар, нұсқаушылар және сарбаздардың өздері көп жұмыс істеді.

Әскери қызметкерлер запасқа шықты

Шымкент гарнизонының механикаландырылған бригадасында әскерге шақырылғандарды запасқа шығаруға арналған салтанатты шара өтті. Еліміздің үш облысынан шақырылған және мерзімінде борышын өтеген 120 сарбаз әскери оркестрдің әуендері астында Жауынгерлік Тумен қоштасу үшін бригаданың шеру алаңында екі сатылы құрамда сапқа тұрды.

Бұл күні шеруге шақырылған жас сарбаздар емес, әскери қызметке адалдық танытқаны және жоғары сапалы орындағаны үшін алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар, фотоальбомдар табыс етілді. жауынгерлік даярлық тапсырмалары орындалып, бөлім командирінің атынан ата-аналарға Отанының нағыз патриоттарын тәрбиелеу үшін алғыс хаттар жолданды. Оларды үлкен өмір сапарына шығарып салуға механикаландырылған бригаданың әскери қызметшілері мен Қарулы Күштердің ардагерлері жиналып, жылы лебіздерін, қоштасуларын, құттықтауларын білдірді. Бөлімше командирі подполковник Дастан Мұхамеджанов бригада тарихына Отанға қызмет етудің баршаға үлгі болған жүздеген сарбаздар, сержанттар, офицерлер мен генералдардың тағдыры жазылғанын атап өтті. «Біздің бригадада бір жыл қызмет етіп, абыроймен өттіңіздер, осы уақыт ішінде үлкен өмірлік тәжірибе жинақтап, нағыз ер-азаматтарға, патриоттарға тән мінез-құлық қасиеттерін дамыта білдіңіздер, сонымен қатар әскери мамандықтарды да меңгердіңіздер. Алдағы өміріңізге денсаулық пен амандық тілеймін», – деді подполковник Дастан Мұхамеджанов. 

Алғыс сөзімен сөз алған ефрейтор Ринат Өмірзақ әрбір офицер мен сержанттың білім алуындағы еңбегін ерекше атап өтті.

– Барлық сарбаздар атынан бригаданың жеке құрамына алғыс айтамын. Қызметіміздің алғашқы күндерінен бастап бізге жауынгерлік өнерді үйретіп, нағыз жауынгерлерден – Отан қорғаушылар қалыптастырдыңыздар. Әрқайсымыздың есте қалатын нәрсе бар, өйткені артымызда тек 12 айлық қызмет емес, жүрегімізде терең із қалдырған өмірдің бөлек кезеңі бар. Қызметтеріңізге рахмет!, – деді ефрейтор Ринат Өмірзақ. Салтанатты қоштасу рәсімі бөлімшенің жеке құрамының салтанатты маршымен аяқталды.