Шымкент: Индустриалды аймақтардың саны жетеуге жетті

Қысқаша

Шымкент: Индустриалды аймақтардың саны жетеуге жетті

Шымкент өнеркәсіптің, экономиканың үлкен орталығына айналып келеді. Мегаполисте қолға алынған өндірістік жобалар көбеюде. Мұның бәрі де отандық өнімдердің, жұмыс орындары мен жергілікті түсімдердің артуына ықпал етуде.

image.png

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне тоқтала келе:

- Үкіметтің және барлық мемлекеттік органдардың міндеті – отандық бизнес пен шетелдік инвесторларға жол ашу,-- деген болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау үшін Шымкент қаласында қала әкімі мен тиісті мемлекеттік құрылымдармен мақсатты әрі тиімді жұмыстар жүргізуде.

Шымкентте қолға алынған ірі жобалардың қатарында мыналар бар: Coca-Cola трансұлттық компаниясының бейалкогольді сусындар өндірісі жобасы. Құны – 27 миллиард теңге, қуаттылығы – жылына 262 миллион литр. Кәсіпорында 100-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылды.

Wan Sheng Ceramics компаниясымен бірлесіп жылына 13 миллион керамикалық плитка шығару жобасы. Құны – 25,5 миллиард теңге, 350 жұмыс орны ашылды.

Биыл 438 гектар аумақта 2 жаңа индустриалды аймақ іске қосылды:

Біріншісі – «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Мұнда құрылыс, металлургия, фармацевтика және мебель өнеркәсіптері шоғырланған, жалпы құны шамамен 166 миллиард теңгені құрайтын 46 ірі заманауи кәсіпорын ашылады.

Екіншісі – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған «Бозарык» азық-түлік өнеркәсібі индустриалды аймағы. Мұнда 25 жоба жүзеге асырылады, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 44 миллиард теңге инвестиция салынады.

Бүгінгі таңда Шымкентте индустриалды аймақтардың саны жетіге жетті. 293 жобаның жүзеге асыру нәтижесінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, қала экономикасына 225 миллиард теңге инвестиция тартылды. Өндірістік нысандарға жеке инвесторлардың қызығушылығы күннен күнге артып келеді.

«Стандарт» жеке индустриалды аймағының құрылысы жалғасуда. Мұнда дайын өндірістік алаңдармен қатар, шағын және орта бизнестің шектеулі мүмкіндіктері бар субъектілері үшін мемлекеттік қолдау аясында арнайы қойма алаңдары мен инфрақұрылымдар салынатын болады.

Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, Президенттің Жолдауында мегаполистің экономикасына шетелдік инвестициялар тарту мәселесі бойынша берген тапсырмалары табысты жүзеге асырылуда. Инвестициялар  тарту бойынша жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында «Инвест Шымкент» фронт-офисі белсенді жұмыс істеп, қала аумағында инвесторларды «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеу қызметін көрсетуде. Инвесторларға бизнес-жоспар әзірлеуден бастап, жобаны іске асыру үшін қажетті барлық рұқсат құжаттарын алу бойынша 2000-нан астам қызмет көрсетілді.

Нәтижесінде, инвесторларды қолдау арқасында инвестициялар көлемі 536,4 миллиард теңгені құрады. 220 инвестициялық жобалар пулынан тұратын жобалар саны 2,7 триллион теңгеге жетіп, 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатын болады.

Шымкенттегі ірі инвестициялық жобаларға мыналар жатады:

Түркияның «Аларко Холдинг» компаниясымен 650 га аумақта ең үлкен жылыжай кешенін салу жобасы іске асырылуда. Жоба құны – 650 миллион АҚШ доллары. Жобаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру жоспарланған.

«АКСА Энерджи» компаниясымен 500 МВт қуаттылығы бар парогазды қондырғыны салу туралы 700 миллион АҚШ доллары көлемінде келісім-шарт жасалды. Бұл жобаның жүзеге асуы қала тұрғындарын сапалы электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«ИНТЕРТРАНС» компаниясымен 150 миллион АҚШ доллары көлемінде полипропилен ұнтағын өндіру зауытын салу туралы келісім-шарт жасалды. Жобаны жүзеге асыру үшін 20 гектар жер бөлінген.

Осы жобалар Шымкенттің экономикасына елеулі үлес қосып, қала тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Бүгініг күні шағын және орта кәсіпорындар өндірген өнімнің жалпы көлемі Шымкенттің экономикасының 56 пайызын құрайды.

Президенттің тапсырмасы бойынша, биылдан бастап бөлшек сауда салығы 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді. Бұл шара кәсіпкерлерді көлеңкелі экономикадан шығаруға мүмкіндік беріп, бөлшек сауда салығы бойынша бюджетке түскен түсімдерді 2,7 есе арттырды. Мысалы, 2024 жылдың 10 айында түсім 21,2 миллиард теңгені құраса, 2023 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 7,9 миллиард теңге болған.

Сонымен қатар, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қаладағы 7 базар стандартқа сай болуына қол жеткізілді. 2024 жылы 3 базарды жаңғырту жұмыстары жүргізілді, ал қалған 7 базар модернизациялау сатысында тұр.