25 қазан – Республика күні халықтың қалғуға айналған ұлттық жаны мен жадын жаңғыртатын ұлы күн. Әрине, тиісінше мереке қарсаңында ұлттық дәстүрімізді, құндылықтарымызды насихаттайтын іс-шаралар көбейеді.
Соның бірі – Шымкентте ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқармасы мен «Бәйтерек» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық форум. Бұл форумда «Көк тудың желбірегені» атты әлеуметтік желіде жарияланған байқаудың жеңімпаздары марапатталды.
Әлеуметтік желіде мамыр айынан бері мемлекеттік рәміздер кеңінен насихатталды. Жалпы аталған іс-шара жастар арасында патриоттық сезімді, отаншылдықты ояту үшін ұйымдастырылған. Тұрғындар мамырдан бері әлеуметтік желіде мемлекеттік рәміздер туралы жазбалар жазып, бейнероликтер түсіріп, іс-шаралар ұйымдастарды. Сәйкесінше байқау да осы аталған 3 бағытта өтті. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жеңімпаздарды құттықтап, байқаудың мән-маңызына тоқталды.
– Жалпы әр ұлт үшін Тәуелсіздік – баға жетпес байлық. Біз сол ұзақ уақыт бойы ата-бабамыз арман еткен тәуелсіздікке өткен ғасырдың 90-жылдары қол жеткізген болатынбыз. Сол тәуелсіздіктің арқасында біздің еліміз дамып, өркендеп, көгеріп, көктеп отыр. Сол тәуелсіздігімізді айғақтайтын дүниесі іспеттес біздің Елтаңбамыз, Туымыз, Әнұранымыз бар. Міне, осы тәуелсіздікті, патриоттық сезімді өскелең ұрпақтың бойына сіңіру үшін осындай іс-шаралар ұйымдастырып отырмыз. Жасөспірім балалар, өскелең ұрпақ сіздер ертең Президентіміз айтатын сапалы адам, адал еңбек ететін адал азамат болып тәрбиеленіп шығатын болсаңыздар, біздің тәуелсіздігіміз бекем, болашағымыз жарқын болмақ. Сондықтан ел аман, жұрт тыныш болсын! Елтаңбамыздың еңсесі биік, көк туымыз көкте желбірей берсін! Мерекеміз құтты болсын!», – деді С.Құранбек.
Қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Алтеев те сөз сөйлеп, жастарға мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиеті туралы ой қозғады. Ол: «Еліміздің тәуелсіздігі мен бірлігінің символы – Республика күні баршамыз үшін маңызды. Әрбір қазақстандық Отанымыздың өркендеуі үшін өз үлесін қосуы керек. Бұл мерекеде жастардың патриоттық сезімдерінің артқаны көрініп тұр», – деп, патриоттық тәрбиенің маңызды екенін айтты.
Байқауға 60 адам қатысты. Олардың арасында оқушылар мен мұғалімдер, мәдениет саласының өкілдері мен журналистер болды. Патриоттық форумда көтерілген бастама бұқараның назарын ерекше аударды. Қоғамдық бірлестік өкілдерінің идеясын қала әкімдігі қолдап 3 жыл бойы өткізіліп келеді. Байқауды ұйымдастырушы – журналист, «Серпіліс» қоғамдық қорының президенті Бейсенкүл Нарымбетова. Ол бұл байқаудың әлеуметтік желіде контенттің дұрысталуына, сапалы болуына өз үлесін қосқанын айтты.
Осылайша, «Үздік жазба», «Үздік бейнеролик», «Үздік іс-шара» аталымының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Мемлекеттік Әнұранмен басталған форумда мемлекеттік рәміздерге арналған көрме өткізілді. Шара соңында Ту ұстаған жасөспірімдердің шеруі болды. Алдағы уақытта байқау республикалық деңгейде өтуі мүмкін дейді ұйымдастырушылар.
Республика күніне арналған бұл шара жастардың патриоттық сезімдерін нығайтып, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат етті.