Екі жыл бұрынғы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапары екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа, сапалы деңгейге көтерген болатын. Сол сапарда Қазақстан Президенті қонақжайлық көрсетіп қарсы алған Шавкат Мирзиёевке ризашылығын білдіріп, мемлекеттік сапардың маңыздылығын атап өткен еді.
«Біз Өзбекстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Қазақ пен өзбек – ежелден достығы мызғымас, сыйластығы жарасқан бауырлас халықтар. Екі елдің салт-дәстүрі, мәдениеті, тілі, діні ұқсас. Тарихы тамырлас, тағдырлас елдеріміздің мақсат-мұраты да ортақ. Сондықтан мен бүгінгі сапарға айрықша мән беремін. Біз тату көршілікке және сенімді серіктестікке негізделген қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық неғұрлым тығыз және табысты болса, Орталық Азиядағы ахуал соғұрлым тұрақты болады», – деген болатын Мемлекет басшысы.
Осы орайда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында 2019 жылдан бері Шымкентте де велошеру ұйымдастырылып келе жатқанын айта кетелік. Карантиндік шектеулерге байланысты бұл шара уақытша тоқтатылған еді, бірақ биыл еліміздегі ең ірі велошеру қайта жанданды. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, спорт және дене шынықтыру басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға еліміздің әр өңірінен 150 велошабандоз қатысты. Оларға 120 шақырымды жүріп өту міндеті жүктелді. Жарыс жолын бағындырған барлық қатысушылар марапатталды.
Жиынның ашылу салтанатында қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов велошерудің маңыздылығына тоқталды. «Бүгінгі спорттық іс-шараның мақсаты – Шымкентте велосипед спорты мен саламатты өмір салтын насихаттау. Мемлекет тарапынан спортты дамытуға айрықша мән берілуде, әрбір азаматтың спортпен айналысуына жағдай жасалуда. Таяуда ғана ашылған 6 шақырымдық вело жолағы Шымкент қаласындағы инфрақұрылымды дамыту жобасының бір бөлігі. Қалада велосипед спорты мен жеңіл атлетика мектебі жұмыс істейді, соның нәтижесінде спортшыларымыз халықаралық жарыстарда еліміздің туын желбіретіп жүр», – деді Қуаныш Асылов. Шараға тек қала тұрғындары емес, басқа өңірлерден келген қонақтар да қатысты.
Сөз соңында айта кетейік екі ел арасындағы ынтымақтастық – бұл екі жаққа да көптеген пайда әкелетін маңызды фактор. Шымкентте өткен велошеру де Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық өсуді, саяси тұрақтылықты, мәдени алмасуды және әлемдік проблемаларды шешудің алғышарттарының бірі деп айтуға болады.