Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 100-ден астам этникалық топтарының өкілдерін біріктіретін бірегей ұйым – Қазақстан халқы Ассамблеясының 32-ші сессиясында еліміздегі этносаралық келісім мен бірліктің іргелі маңыздылығына назар аударып, «дәстүрлердің тығыз тоғысуы, этносаралық және конфессияаралық келісім, басқа мәдениеттерге төзімділік – біздің баға жетпес байлығымыз» екенін айтты.
Қоғамдағы келісім мемлекет тұрақтылығының басты шарты екені даусыз. Оған қоғамның барлық саласында ұзақ мерзімді және дәйекті саясат арқылы ғана емес, сонымен қатар азаматтардың өз туған жерінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға деген ұмтылысы арқылы қол жеткізіледі. Қазақстанда қоғамдық келісімді қалыптастыру мәселесі елдің көпұлтты болмысымен түбегейлі тығыз байланысты. Ал өзіндік ерекше, көп бағытты және кейде өзара шектелетін мүдделері бар әртүрлі топтарды бір бүтінге біріктіру – өте күрделі міндет. Әдетте, бұл процесс ұлттың өзін-өзі тану жағдайындағы белгілі бір қиындықтармен, этно-ұлтшылдық сезімдердің мерзімді көріністерімен бірге жүреді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік қоғамдағы азаматтық бейбітшілікті сақтаудың ең оңтайлы әдісі ретінде мемлекет пен оның институттарының белсенді ынтымақтастығы жағдайында мүмкін болады. Біз үшін қоғамдық келісімді сақтау мен ұлттық бірлікті нығайту саласындағы негізгі институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы.
Аталған ұлтаралық бітімгершілікті нығайта түсу үшін, еліміздегі өзге де ұлт өкілдерінің құндылықтарына, дініне, діліне құрмет таныта алу керек. Осы мақсатта Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігінің ұлттық салт-дәстүрді, мәдениетті, тілін сақтауға және дамытуға ықпал ететін корейлер қауымдастығының 35 жылдығына арналған мерекелік концерті өтті.
Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғ.Махан, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы – қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі А.Әмзеева ҚХА төрағасының орынбасары, Қазақстан кәрістері қауымдастығының төрағасы Ю.Шин, Корей Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің қызметкерлері кәрістер қауымдастығына 35 жыл толуына орай құттықтауын жеткізді. Шара барысында бірлестіктің дамуына зор үлес қосқан корей қоғамының ардагерлері мен белсенді мүшелеріне алғыс хаттар мен марапаттар тапсырылды.
Сондай-ақ, жиында Шымкенттегі корейлер қауымдастығының бастамасымен жасалған кітаптың тұсаукесері өтті. Ол жинақта корей қауымының тарихына, 1937 жылы корейлердің Қазақстанға жер аударылуына және олардың жергілікті қоғамдастыққа қосылуына ерекше назар аударылған.